25 шілде, 2019 жыл №83 (15403)

PavlodarNews

8 25 шілде, бейсенбі, 2019 жыл

ЖӘРДЕМ

САРЫАРҚА САМАЛЫ

#АРЫСБІЗБІРГЕМІЗ

Бір үйдің баласындай

Бұған дейін хабарлағанымыздай, аймақ басшысы Болат Бақауовтың шақыруымен Арыс

қаласынан 302 бала аймағымызға арнайы келіп, жазғы лагерьлерде дем алды. Олардың

әр күні қызықты өтуі үшін барлық мүмкіндік жасалды.

Нұржайна ШОДЫР

Бірінші кезеңде өңірімізге 129

бала мен 8 тәрбиеші келген болатын.

Арыстық жеткіншектерді әуежайдан аймақ

басшысының орынбасары Асхат Оралов

салтанатты түрде қарсы алып, ыстық

лебізін білдірді. Барлық бала Баянауыл

ауданындағы «Жас дәурен» облыстық

оқу-сауықтыру орталығына орналастырылды.

- Арыстық балаларды павлодарлық

ағайын жылы шыраймен қарсы алды.

Алдымен жеткіншектерімізге психологиялық

және медициналық көмек көрсетілді.

Мұндағы оқушылардың өздерін еркін

сезініп, жазғы демалысын көңілді өткізуі

үшін көп іс-шара ұйымдастырылды.

Соның бірі – «Бір үйдің баласындай»

атты арнайы әзірленген бағдарламаның

ерекше көңілімізден шыққанын атап өткен

жөн. Аталмыш бағдарлама аясында «Туған

күніңмен, балақай!», «Жайдарман», «Биле,

жас дәурен», «Әнім, сенсің!», «Ертегілер

әлеміне саяхат», «Достық базары», «Өнерлі

өрге жүзер», «Екі жұлдыз», «Жұлдызды

сәт» сынды ойын-сауық шаралары мен

баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ,

аударыспақ, қол күрес, арқан тарту,

желке тарту, басқа да спорттық жарыстар

ұйымдастырылды.

Мұндай ойын-сауыққа толы қызықты

шаралардың куәсі болған балалардың

көңілі көтеріліп, естен кетпестей ерекше

әсер алды. Сондай-ақ, лагерь барысында

құрақ құрау, киізбен, ағашпен

жұмыс істеу сияқты қолөнер шеберлерінің

және вокал, би ұжымы, қыл қалам, асық

ату, ұлттық ойындар үйірмелері жұмыс

жасады. Жасөспірімдер

барлық іс-шараға белсенді

қатысып, бір-бірлерімен

тез тіл табысып, достасып

кетті. Қуантарлығы, арыстық

жеткіншектер шеттерінен

өнерлі, дарынды. Бірі мың

бұралып би билесе, бірі

әуелете ән салып, бар

өнерлерін ортаға салды.

Бұған қарап, балаларымыз

осында еш алаңсыз, жайлы

да жақсы демалғанына көз

жеткіздік, - дейді Арыс

қаласынан балалармен

бірге еріп келген әлеуметтік

педагог Ақжарқын Кенжебекова.

Айта кетерлігі, арыстық

балаларға үлкен қуаныш

сыйлаған «Бір үйдің баласындай»

атты арнайы жобаны

«Жас дәурен» оқу-сауықтыру

орталығының ұжымы мен

Павлодар мемлекеттік

педагогикалық университетінде «Серпін»

бағдарламасымен оқитын еріктілер бірлесіп,

әзірлеген екен. Мұндағы басты мақсат -

демалуға келген оқушылардың әр күнін

мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасау.

Облысымызға алыстан келген балаларға

деген құрмет мұнымен ғана шектелген

жоқ. Сондай-ақ, олар киелі Баянауыл

өңірінің қасиетті жерлерін, сұлу табиғатын

тамашалады. Атап айтар болсақ, демалушылар

Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі,

Жасыбай көлі, Сабынды көл, Торайғыр

ауылы, Кемпіртас, Дана тас, Абылайхан

тасы, Айман бұлақ, С.Торайғыров, Қ.Сәтбаев

атындағы мұражайларға және «Қозы Көрпеш-

Баян сұлу», Жасыбай батыр, «Баянауыл»

ескерткіштеріне саяхат жасап, Баянауыл

жерінің бай тарихымен танысты.

Қысқасы, аймағымызға шақыртумен

келген арыстық балалардың демалысын

қызықты өткізуге айрықша мән берілді,

дейді облыстық білім беру басқармасының

өкілдері. Тіпті, аймақ басшысы Болат Бақауов

та «Жас дәурен» облыстық оқу-сауықтыру

орталығына арнайы барып, ондағы балалармен

кездесіп қайтқан болатын. Арыстан

келген балғындар демалысының мазмұнды

өтіп жатқанын айтып, алғыстарын білдіргенін

айта кеткен жөн.

- Әне-міне дегенше, біздің демалысқа

берілген уақытымыз да аяқталды. Бастысы,

балаларымыз дән риза. Лагерьден алған

әсерлерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Демалыс соңында лагерь тәрбиеленушілерінің

арасында «Бір үйдің баласындай» атты эссе

жазу сайысы өтті. Оған 30 бала қатысты.

Балалар эсселерінде демалыстың өте

қызықты өткенін айтып, келесі жылы тағы

да осында демалысқа келгілері келетінін

жазыпты. Әсіресе, оларды Баянауыл жерінен

шыққан ұлы тұлғалардың тарихы, сұлу,

киелі жерлердегі табиғаттың тылсым күші

қызықтырған. Олар өз шығармаларында

осындай демалысты ұйымдастырған ел

ағаларына деген шексіз алғыстарын да

білдіріпті, - дейді А.Кенжебекова.

Облыстық білім беру басқармасы мамандарының

айтуынша, демалыстың соңғы

күнінде арыстық балалар үшін Павлодар

қаласындағы Г.Н.Потанин атындағы тарихи

өлкетану, Бұқар жырау атындағы әдебиет

және өнер музейлерінде экскурсиялар

ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жеткіншектер

орталық жағажай мен «Қазқонақ» ескеркішін

тамашалады. Ертіс өзенін теплоходпен

серуендеп, қала ішін трамваймен аралады.

Осылайша, екі апта бойы көңілді

демалыс, жүрек жылуы мен мейірім нұрын

сыйлаған еріктілермен қоштасқан балалар

қимастықтан көздеріне жас алып, өздерінің

туған өлкесіне қайта жол тартты.

Ал бұдан соң аймағымызға арыстық

балалардың екінші легі (173 бала) келіп

жетті. Оларға да барынша сый-құрмет

көрсетіліп, көңілді демалыс ұйымдастырылуда.

Бұл балалардың 100-і Ақсу қаласындағы

«Қазхром» АҚ-ға қарасты «Ферросплавщик»

демалыс орталығында, 73-і Шарбақты

ауданындағы «Шағала» сауықтыру лагерінде

демалуда. Осыдан бірнеше күн бұрын

облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов

Ақсу өңірінде демалып жатқан арыстық

балғындардың жағдайын біліп қайтқан еді.

Аймағымызға алыстан келген балалардың

демалысы қызықты да мазмұнды өтуін

қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімдігінің

назарында екенін атап өткен жөн.

Бәрі керемет!

Апат айтып келмейді ғой... «Әр істің бір

қайыры бар» демекші, осы сынақ арқылы мен

қиын сәтте қол ұшын соза білетін бауырмал

азаматтардың, мейірімді адамдардың бар

екенін түсіндім.

Павлодар өңіріне келген күннен бастап

әкімшіліктегі аға-апайларымыз да, қарапайым

тұрғындар да арыстық балаларға ерекше

қамқорлық көрсетті.

Ұшақтан түсе салысымен бізді

әуежайдан салтанатты түрде тамаша

бағдарламамен қарсы алды. Бұдан соң

бірден көңілі даладай киелі Баянауыл

жеріне келдік. Бәрі керемет! Бұл өлкенің

ауасы қандай таза еді... Көркем де киелі

жерлерімен таныстық. Арыстан демалуға

келген балаларға лагерьде жұмыс істейтін

адамдар ерекше мейіріммен қарап, бір үйдің

еркесіндей көңілімізді тауып жатты. Тіпті,

біз үшін ас мәзірін де өзгертті. Осындай

сый-құрмет көрсеткен павлодарлықтарға

айтар алғысымыз шексіз.

Аружан БАТЫРХАН,

Арыс қаласындағы Ерубаев атындағы

орта мектептің 11-сынып оқушысы.

Алғыс айтамыз

Маған Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен»

лагері қатты ұнады. Бірақ бастапқыда

өзімді жалғыз сезіндім. Кейін бірден бізді

отрядқа бөлген кезде өзіме жаңа достар

таптым. Менімен бірге 9 отрядта болған

оқушылардың қай-қайсысымен де тез тіл

табысып, бір үйдің баласындай болып кеттік.

Бірлесіп түрлі сайыстарға қатыстық, көп

жеңіске жеттік. Әр күніміз қызыққа толы

болды.

Лагерьде уақытымызды дәмді тамақ

ішумен, ойын-сауық құрумен ғана өткізген

жоқпыз. Адамзатта болуы тиіс адамгершілік,

бауырмалдылық, қайырымдылық сынды

асыл қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Бұл

ретте, бізге ақыл-кеңес берген осы топтың

тәрбиешілері - Шапағат Құралайқызы,

Ақтолқын Жарасқызы, Мейрамгүл және

Динара апайларымызға шексіз ризамыз.

Осы кісілерге және лагерьде бірге болған

достарыма бауыр басып қалғанымыз

соншалық, кетерде қимай қоштастық.

Осындай әдемі де әсерлі күндеріміз үшін

павлодарлықтарға алғыс айтамыз.

Балнұр ҰБАЙДУЛЛА,

Арыс қаласындағы Жанғазин атындағы

орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Мен бақыттымын!

Жазғы демалысын өзге өңірде көңілді

өткізу - әр баланың арманы. Биыл менің сол

арманым орындалғандай. Олай дейтінім, тау

асып, керемет табиғат аясындағы «Жас

дәурен» сауықтыру лагеріне келемін деп

ойлаған емеспін. Міне, ғажап! Көркіне көз

тоймайтын сұлу Баянауылдың саф ауасын

жұтып, тамаша демалдым.

Күн сайын әсем табиғатты аралап,

тау бөктеріне қарай бергің келеді. Мұнда

келген мен секілді балалардың қуаныштарын

көздерінен байқауға болады. Қызықты жарыстар,

естен кетпес серуендер, ғажайып

табиғат - бәрі-бәрі көз алдымда өтіп

жатты. Кейде бұл шынымен де өңім бе

әлде түсім бе деп таңқалатынмын.

Қайтатын күндеріміз жақындаған

сайын достарымды қимаймын. Өйткені,

біз бір үйдің баласындай өте жақын болып

кеттік. Қайда жүрсек те бір-бірімізбен

хабарласып, көргенімізбен, білгенімізбен

бөлісіп, қайғыда да, қуанышта да сырласып

тұратын осындай достарыммен мақтанамын.

«Жас дәурен» лагеріне келгенім үшін, небір

қызықты көргенім үшін мен бақыттымын.

Сәуле БЕЙСЕНБЕК,

Арыс қаласындағы М.Әуезов атындағы

орта мектептің оқушысы.

More magazines by this user
Similar magazines