13.02.2020 Views

13 ақпан, 2020 жыл №17 (15487)

Create successful ePaper yourself

Turn your PDF publications into a flip-book with our unique Google optimized e-Paper software.

SARYARQA SAMALY

ТАҒЗЫМ 13 ақпан, бейсенбі, 2020 жыл 21

БАСЫЛЫМ ТАРИХЫ

Өмірде өз жолыңды енді іздей бастағанда тағдырыңда үлгілі ісімен, кесек

мінезімен ерекше із қалдыратын ағалар болады. Сол аға саған келешек

жолыңды нұсқап қана қоймай, бауырына басып, батасын беріп, баптапұшырар

болса, бағасы тіпті артық қой. Осындай кейінгі толқын бауырларын

журналистік бағытта шыңдап-баптаған, батасын берген ұстаз ағамыздың

бірі – Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» («Қызыл ту») газетінде

ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет еткен Бақыт Баймұратов.

«Бәкеңнің бауырынанбыз»

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

Бақыт Баймұратовтың есімін

Павлодар өңірінің аға буын

оқырмандары аса жақсы біледі

десем, артық айтқандық емес.

Себебі, ол ҚазМУ-дің журналистика

факультетін тәмамдап, 1968 жылдың

қыркүйегінде келгеннен бастап

құрметті демалысқа шыққанға

дейін табан аудармастан 45 жыл

бойы бір жерде, осы «Сарыарқа

самалы» газетінің редакциясында

қызмет етті. Осы уақыт дересінде

қаламгер аға қаншама хат-хабар,

мақалаларды көз майын тауысып

жазып, оқырмандарына ұсынды

десеңізші... Ол кезде редакцияда

бас редактор Сұбыхан Шошанов

бастаған Жылқайдар Қарпықов,

Әбдеш Баймұрзин, Бақи Әбдіқадыров,

Қиса Арықов, тағы да басқа Ұлы

Отан соғысына қатысып оралған

ағалар жұмыс істеп, еңбектің үлгісін

көрсетті. Бақыт ағаны шыңдаған,

жетілдірген - сол ардагерлердің

тәрбиесі. Ол сол бір өнегені кейінгі

толқын інілеріне көрсетуді парыз

санағандай.

Әрине, Бақыт Баймұратов өз

әңгімесінде жарқырап көрінуіне

жас жағынан біршама үлкендігі

бар Төлеубек Қоңыров, Тұрсынбай

Ибадуллин, Айтжан Бәделханов,

Мұхамеджан Дәуренбеков, тұстасы

Өскенбай Тастемханов, тағы

басқа ағалар әсер еткенін айтып

отыратын. Әуелде еңбек жолын

осы редакциядан бастап, кейіннен

Алматыға барып танылған, «Абайдың

жұмбағы» атты роман-хамса жазған

Рамазан Тоқтаров, жазушы Мейрам

Асылғазин, Жанат Тұрғанбеков, 80-інші

жылдардың ортасында келген,

қазіргі қазақ журналистикасының

тарландары Нұртөре Жүсіп, Ғалым

Омарханов сынды інілері туралы

зор құрметпен әңгімелейтін. Кімнің

қандай қызық мінезі болғанын,

редакцияның қай жұмыс бөлмесінде,

қай тұста отырғанына дейін көрсетіп,

дәмділеп баяндайтын. Жаңадан

газет жұмысына келген бізге

арыстандай ағаларымызға қатысты

дүниенің бәрі қызық, аузымызды

ашып, тыңдай түсетінбіз. Түскі

астан кейін Павлодар қаласының

Луначарский көшесінің бойымен

редакцияға келе жатып: «Мынау

көшемен Рамазан Тоқтаров талай

жүрген, осы көшені өзінің атымен

атау керек. «Ертіс мұхитқа құяды»

деген романын білесің бе?» деп

қоятын бір мезетте. Бұрын-соңды

редакция қызметінде болған қайбір

қызметкер туралы сұрасаңыз да,

Бақыт ағаның білетіні мол, соған

қарағанда бәрімен араласып, етене

сыйласқанын аңдайтынбыз.

Бақыт ағамен бізді жақындастырған

да сол ашық-жарқын

мінезі, кең құшағы еді. Редакция

іргесіндегі Бейсен Ахметов атындағы

педколледжде оқып жүрген

кезім. «Сарыарқа самалы» газетінің

жанынан «Жас қалам» жас тілшілер

мектебі ұйымдасып жатқанын

естіп, келдік. Бір топ – қаладағы

қазақ мектептерінің жоғары сынып

оқушылары, педколледждің филология

студенттері бар. Бас редактор Мұхит

Омаров ағамыздың идеясымен жас

тілшілерді даярлау мақсатында

осындай мектеп ашылған екен.

Ол кезде Павлодарда жергілікті

журналистика кадрларын дайындайтын

оқу орны жоқ болатын. Бірақ жас

мамандардың қажеттігін ойластырған

бас редактор бірден осындай

практикалық қадамға барған көрінеді.

Мұхит аға бәрін жайлап түсіндірген

соң 10 шақты талапкерді Бақыт

Халық жазушысы Қалижан Бекқожинмен редакцияда кездесу.

Түрегеп тұрған - Б.Баймұратов.

ағаның қолына тапсырды.

Бақыт Баймұратұлының

жетекшілігімен өзімізше макет

сызып, қабырға газетін шығаруға

кірістік. Бақыт аға мені ұсынып,

«Жас қалам» қабырға газетінің

редакторы» етіп сайлады. Бұл

2000 жыл болатын. Ағалар өзара

қауқылдасып, «болашақ осылардың

қолында» деп бізді асыра мақтаушы

еді. Ол кезде ағалардан ақжарма

тілек есту біз үшін нешеме түн

бойы дұрыс көз ілдірмейтін тамаша

табыс болатын. Бүгінде арада 20

жылдай уақыт өткенде сол сәттердің

шынымен-ақ үлкен бастау-мектеп

болғанын, қымбатты шақ екенін

терең бағамдағандай боламыз.

Өзі қадағалап, барлық жіберген

дүниемнің жарыққа шығуына мән

беретін. Мендей студентке ол үлкен

абырой еді. Сөйтіп, ол 2003 жылы

мені оқу бітірісімен редакцияға

қабылдауыма жол ашты. Бас редактор

Мұхит Омаровқа тілші болуға жарайды

деп ұсынды. Дипломды қолға алып,

бірнше апта бойы жоламай жүріп

алған маған жанашырлықпен ұрсып

алғаны есімде.

Қазақ журналистикасында

«Шерханның шекпенінен шыққанбыз»

дейтін, жас журналистер арасында

мақтан ретінде айтылатын тамаша

теңеу бар. Соның ізіне салып, біз де,

2000 жылдары редакция босағасын

именіп аттаған жастар «Бәкеңнің

бауырынанбыз» деп әзіл-қалжың

араластырып айтатынбыз. Расында,

ол кісінің тәрбиесі, ақыл-кеңесі бізге

өмірлік бағыт болды.

Он жылдай бір редакцияда қызмет

істегенде Бақыт ағаны тани алдық

па, білмеймін. Бірақ ол қашанда

денесін тіп-тік ұстап, байсалды

мінезімен, пайым-парасатымен биік

көрінетін. Кейде өткен уақыттан

қызғылықты дүниелер, естеліктер

айтады.

Менің маңдайыма жазылған

бақытым ағалардың алақанын

сезінуім еді. Басшымыз Мұхит Омаров

ұжымды ұдайы сыртқа демалысқа

алып шығатын. Баянауылға қанша

мәрте демалып барып қайттық.

Ондайда маған Бақыт Баймұратов,

Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек

Жұматов ағалардың жанынан

орын тиетін. Бақыт аға былайда

әңгімешіл, ондай жерде тіпті тиегін

ағытып жіберетін. Тыңдайтын құлақ

табылса, тұнып тұрған шешен еді

ғой. Қақ-соқпен жұмысым жоқ мен

құлағымды тосып қойып тыңдап

жата беремін. Сондай сәттерде

мен Бақыт ағадан редакцияда

қызмет еткен бұрынғы арда ағалар,

олардың мінез-құлықтары туралы

естіп, өзінің гимнастшы-спортшы

екенін біліп қайран қалатынмын.

Ол мақтануды білмейтін. Мұхит

ағаның айтуымен ғана Бақыт

Баймұратов ағамыздың қазақ ауыз

әдебиетінің білгірі, фольклортанушы

Ақселеу Сейдімбекпен 5 жыл

жатақханада бірге жатып оқығанын

естіп, таң қалып едік. Ол кезде

ағалар оқуды Алматыдан бітіріп

келуші еді ғой. Сонда Бақыт аға

барлығымен тең сөйлесіп, кеуде

керіп, төбеден қарау дегенге аса

жоқ болатын. 1986 жылғы Желтоқсан

оқиғасының куәгері екенін де кейін

естіп білгенбіз.

Бақыт аға жүрген жер – той-думан.

Жаңағы айтқан ұжымдық демалыс

сапарларында оның: «Күй атасы

Құрманғазы, жанында Қашаған жырау

бар, келе жатады...» деп басталатын

әңгімесіне айызымыз қанатын. Өз

арамызда «Бәкеңнің тиқ-тоғы» деп

әзілдеуші едік. Оқырмандармен

аудан-қалаларда өтетін кездесулерде

де талай ауылдың тұрғындары Бақыт

ағаның шешендігіне, әзіл әңгімелерді

төгілтетін қасиетіне тәнті болған.

Қазекем дәмді әңгіменің бағасын

ұзақ уақыт ұмытпайды. Бақыт аға

заманында қаладағы, облыстағы

санаулы асабалардың бірі болғанын,

талай қазақы тойлардың сәнін

келтірген шешен, оратор болғанын

көп жұрт біледі. «Ол кезде қазіргідей

ақша алмайтынбыз, той соңында

иесі алып қалып, сыйлап, алғысын

айтып, тойдырып тамақтандырып

жіберсе, ырза болып қайтатынбыз»

деп күлетін қазіргі құбылыстарды

әңгімелегенде.

Расында, Бақыт аға қызық

әңгіме дегенде ыржақай әңгімелерді

айтпайтын. Қазақ халқының ұғымына

сай, ағайынның татулығын-бірлігін

насихаттайтын әңгімелерді шертетін.

Ол әңгімелерін өзіңіз жанында отырып

тыңдамасаңыз, кейін ол туралы

айтып жеткізу өте-мөте қиын еді.

Бір әңгіме кезінде «Бақыт аға,

осы өнерге қалай жақын болып

жүрсіз?» деп сұраған едім, ол «Әбдеш

Баймұрзин ағаның қамқорлығынан

ғой» деген жауап айтты. Әуелде тілші

болып келгенде Бәкең өнеркәсіп

бөліміне түскен екен, онда Әбдеш

Баймұрзин басшы болса керек.

Содан ол Бәкеңнің ділмәр сөзге

құлшынысын танып, әрі қарай өнегелі

әңгімелерді теріп, жинап, жаттап,

айтып жүруді ынталандырған екен.

«Ел аузынан естіген, газет-журнал,

кітаптардан оқыған тағылымды

аңыздарды жиыстырып, оны топ

алдында, көпшілік жиналған жерде

әсірелеп айта жүруіме жол көрсеткен

де осы Әбдеш ағамыз еді» деп жазған

екен Б.Баймұратов «Ағалардың үлгі

ісі қымбат маған» атты естелігінде.

Осы Әбдеш ағасының тұрған үйінде

2019 жылы ақпанда естелік тақта

орнату рәсімінде Бәкеңнің тақтадағы

суретке ұзақ қарап тұрғаны әлі

есімде...

Журналистік жолда көптеген

мақалалар жазған ағамыз соңғы

уақытта имандылық тақырыбына

тереңінен барғанын көзі қарақты

оқырман біледі. Тоқсаныншы жылдары

еліміз тәуелсіздік алған уақытта

Бәкеңнің тікелей араласуымен елге,

жұртқа, мұсылман қауымына шариғат

Жас әріптестеріне үлгі көрсетуде.

жолы қайтадан түсіндіріле бастады.

Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің

имамдарымен кеңесе отырып, арнайы

бет жүргізді. 2010 жылдары «Діни

тұлға» атты облыстың әр заманда

өткен ислам жолында танылған

ірі қайраткерлерін дәріптеген

циклдық мақалалар жазды. Бақыт

аға өз уақытында талапты дәл

танып, имандылық шарттарын елге

қайта насихаттауда аса белсенділік

көрсеткен журналист ретінде

танылды. Кейін бұл тақырыптарда

арнайы газеттер, сайттар ашылғаны

мәлім. Бірақ сол кездері осы жүкті

«Имандылық» бетінің бір өзі облыс

көлемінде көтеріп тұрған болатын.

Бақыт аға облыс алдында сіңірген

еңбегі үшін белгісімен марапатталды,

66 жасында құрметті демалысқа

шықты.

Қашанда ол «Ассалаумағалейкум!»

деп редакция босағасын жарқын

дауыспен аттап кіретін. «Көптен

көрінбедіңіз ғой?» дегенімізде,

«ақ қар, көк мұзда қалай жүрем,

бұрынғыдай емес, аяқ бастырмайды,

ішке ас тұрмайды» деп әзіл тақпақ

айтып, күлдіреді.

Ол өзінің Аққулы ауданын мақтап

айтатын еді.

Бақыт аға Аққулының перзенттеріне

де сүйсінетін. Академик,

абайтанушы ғалым Ғарифолла Есімді

айтып, мерейін асырып отыратын.

Оның ағасы Нәсиполла Есімовтің

редакцияда істегенін әңгімелейтін.

2016 жылы жол түсіп, ұлы Абайдың

мекені – Жидебайға «Сарыарқа

самалы» газетінің ұжымы болып

бардық. Арамызда батагөй ақсақал

жүрсін деген ниетпен, Бақыт ағаның

бірге баруын өтініп, қолқа салдық.

Ол қуана қабылдады. Кейін білсек,

осыған дейін Абайдың мазарына

барып, құран оқудың сәті бұйырмай

келіпті. Құнанбай қажының басына

дұға оқып, Еңлік-Кебектің мазарына

тоқтап, тізе бүгіп, әрі қарай Абай-

Шәкәрім мемориалдық зират-кешеніне

жеткенше Бақыт аға алда жүрді.

«Абайдың басына құран оқып, бір

арманым орындалды» деп еді сонда

жарықтық Бәкең. Біз оның сол

арманының орындалуына үлес қоса

алғанымызға ырзамыз бүгінде.

2019 жылы Бақыт Баймұратов

ағамыз Қазақстанның Құрметті

журналисі атанды. Бұл лайықты

атақты алып беруде Бас редакторлар

клубының төрағасы Мұхит

Мүрсәлиұлы Омаровтың зор үлесі

болғанын атап өту ләзім. Мұның

бәрі Бақыт ағаның мерейін өсіргені

анық. Ол туралы ізін басқан інілері,

қарындастары әлі де талай мәрте

қалам тербейтіні хақ. Кең адамның

барлық ізгі мінезін бір мақалада

тауысып айту мүмкін емес. Әрі

біздікі тек – шәкірттік сөз.

Бақыт Баймұратов 2019 жылдың

тамыз айында бақиға көшті.

15 ақпанда газеттің алғашқы нөмірі

шыққанына, 27-сінде Бақыт ағаның

туған күніне орайластырып жазған

естелігіміз еді бұл. Жатқан жері

жарық болсын ағамыздың.

Жидебайдағы Абай кесенесінде.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!