07.10.2021 Views

Сарыарқа самалы, 7 қазан, бейсенбі

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

4

7

қазан, бейсенбі, 2021 жыл

SARYARQA SAMALY

МӘСЕЛЕ

Шемішке майын да

шығара алмаймыз ба?

БАҒА САЯСАТЫ

Картоп неге

қымбат?

«Өңірдің агроөнеркәсіп

кешені қарқынды дамуда»

деп ауыз толтырып жар

салғанымызбен, қайта

өңдеу ісі тұралап тұрғаны

жасырын емес. Өзімізде

өсетін дақылдарды кәдеге

жаратпай, өзгеге жалтақтап

отырғанымыз рас. Жергілікті

шаруалар әлі күнге дейін

шикізатты сыртқа өткізуге

мәжбүр. Кейін ол дайын өнім

ретінде «қайта оралып»,

павлодарлықтар қымбат

бағамен сатып алуда.

Шикізат һәм

«Шедевр»

Солардың бірі – өсімдік майы. Көптеген

шаруашылықтар күнбағысты өсірумен тұрақты

айналысып жүрсе де, оны қайта өңдеу

бойынша жобалар жоқтың қасы. Әйтпесе,

жыл сайын жиналған дақыл көлемі облыс

тұрғындарының сұранысын қамтамасыз

етуге ағыл-тегіл жетеді екен. Облыстық

ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім

басшысы Төлеген Көшербаевтың мәліметінше,

бүгінде аймағымызда күнбағысты қайта

өңдеумен 10 шаруашылық айналысады. Бірақ,

олардың барлығы рафинадталмаған өнімді

шығарады. Ал тұрғындардың басым бөлігі

рафинадталған өсімдік майын пайдаланатынын

ескерсек, сырттан тасымалданатын

«Шедевр», «Маслозавод №1», «Слобода»,

«Золотая семечка», «Заречное» сияқты

өнімдерге сұраныс көп.

- Жыл сайын аймағымызда шамамен

110 мың тонна күнбағыс жиналады. Жергілікті

кәсіпкерлер 26 мың тоннасын ғана іс қылып,

рафинадталмаған өсімдік майын шығарады.

Қалғаны Алматы, Өскемен және тағы басқа

өңірлерге жөнелтіледі. Облыс тұрғындарының

өсімдік майына деген сұранысы

жылына 9100 тоннаны құрайды. Кісі басына

шаққанда әр адам жылына 12 литр өсімдікмайын

тұтынады. Биыл 8 айдың қорытындысына көз

жүгіртсек, жергілікті кәсіпкерлер 2195 тонна

рафинадталмаған өсімдік майын өндірген.

Бұл жалпы сұраныстың 36 проценті ғана, -

дейді Т.Көшербаев.

Екеуі де елеулі

Бірақ аталған көрсеткіш тұрғындардың сол

өнімді тұтынғанын білдірмейді. Жеңгелеріміз

қандай өсімдік майын қолданатынын білмекке

жан-жаққа хабарластық. Байқағанымыз

рафинадталған түрі де, рафинадталмағаны

да ас бөлменің «төрінен» орын алады екен.

- Иісі бар демесеңіз, рафинадталмаған

өсімдік майының да өзіндік ерекшелігі бар.

Көбіне салат әзірлеген кезде кәдеге жаратамын.

Бір жағынан нағыз табиғи өнім

ғой. Ал рафинадталған түрі бірнеше рет

тазалау сатысынан өтеді. Түсін шығару

үшін қоспа қосады дегенді де естігенмін.

Екеуінің бағасында айырмашылық жоқ.

Өз басым екі түрін де бірдей қолдана

беремін, - дейді Павлодар қаласының

тұрғыны Бәтима Махметова.

Жұрт жәрмеңкеден

табады

Дүкендерге ат басын бұрған кезде

рафинадталмаған өсімдік майын кездестіре

алмадық. Сұраныс болмаған соң, сөреден

табылмауы заңдылық шығар деп топшыладық.

Оны көбіне ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен

кездестіре аласыз. Тұрғындардың 5 литрлік

құтыға құйылған өнімді іздеп жүріп сатып

алғанын көз көрді. Сондықтан да, мүлдем

сұраныс жоқ деп кесіп айтуға болмас.

Өнімін жәрмеңкеде саудалайтындардың бірі –

«Белоусов» ЖК басшысы Константин

Белоусов.

- Күнбағысты өсірмеймін. Успендік

шаруалардан сатып алып, шағын цехта

қайта өңдеймін. Былтыр күнбағыстың әр

тоннасы 180-350 мың теңгеден сатылды.

Әдеттегідей дақыл нарықта молынан болса,

баға арзандай түседі. 3 келі күнбағыстан

1 литр өнім аламын. Шағын цех болғандықтан,

өндіріс қуатымыз төмен. Жылына шамамен

50 тонна өнім шығарылады. Өткен сенбіде

облыс орталығында ұйымдастырылған

жәрмеңкеде 250 литр өсімдік майын саудаладым.

Бағасы - 600-800 теңге аралығында.

Баға айырмашылығының себебі бар. Менің

жеке рецептім бойынша дайындалған суық

жағдайда сығылған түрі қымбаттау. Сапасы

жоғары болғандықтан, тұтынушылар тарапынан

сұраныс көп, - дейді К.Белоусов.

Баға қандай?

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялықинновациялық

даму басқармасының мәліметіне

сүйенсек, жыл басынан бері өңірдегі

өсімдік майының бағасы 25 процентке

қымбаттаған. Өзге қалалардағы жағдайға

көз жүгіртсек, біздегі ахуал жақсы сияқты.

Өсімдік майын шығаратын бірнеше зауыты

бар Шығыс Қазақстан облысының өзінде

баға 17 процентке қымбаттаған. Нұр-Сұлтан

қаласында 30 процентке, Тараз қаласында

41 процентке, Орал мен Шымкентте 38 процентке,

Жезқазғанда 34 процентке қымбаттаған.

Бұл кестеде Павлодар облысы екінші

орында екен. Жалпы, басқармадағылар, қай

өнімді алып қарасақ та, өзге өңірлермен

салыстырғанда Павлодар облысында баға

төмендеу екенін алға тартуда.

- Басқарма жанындағы мониторинг

тобының мүшелері күн сайын әлеуметтік

маңызы бар өнімдердің бағасын бақылау

жұмыстарын жалғастыруда. Кәсіпкерлермен

түсіндіру шаралары жүргізіліп, 15 пайыздық

үстемеақының сақталуы қатаң бақылауда.

Бұдан бөлек, сауда желілеріне жеңілдетілген

несиелер ұсынылып, олар өз кезегінде

әлеуметтік азық-түлік өнімдерін арзандау

бағамен сатуы тиіс, - дейді басқармадағылар.

Сауда желісі демекші, өсімдік майының

бағасын білмекке «Small» сауда орнына

бас сұқтық. Ондағы өнімдердің бағасы

өндірушілерге байланысты әртүрлі екен.

Мәселен, «Шедевр» 772 теңге (1 л), «Забота»

799 теңге, «Олейна» 915 теңге, «Майское»

725 теңге, «Кудесница» 725 теңге, «Күнкей»

789 теңге, «Каролина» 589 теңге, «Маслозавод

№1» 789 теңге, «Золотая семечка»

1205 теңге тұрады екен. Айтпақшы,

рафинадталмаған өсімдік майы да сөреден

табылыпты. Жергілікті өнім – «Галицкое»

өсімдік майы 805 теңгеден сатылуда.

Жаңа жоба

Жоғарыда аймағымызда рафинадталған

өсімдік майын шығаратын кәсіпорынның

жоқтығын айттық. Жыл басында биыл бұл

бағытта жаңа жоба іске асатыны айтылған-ды.

Оның тағдырын білу үшін ауыл шаруашылығы

басқармасына хабарластық. Төлеген

Көшербаевтың айтуынша, жыл соңына

дейін Павлодар қаласындағы «Павлодарский

агрокомплекс» ЖШС жауапкершілігі өз

жұмысын бастауды көздеп отырған көрінеді.

Белгілі болғандай, аталған кәсіпорын жылына

900 тонна өнім шығармақ. Бұл – өңірімізде

күнбағысты қайта өңдеп, рафинадталған

өсімдік шығару бойынша жасалған алғашқы

әрі батыл қадам. Ендігі жерде жергілікті

шаруашылықтар дақылдарын сыртқа

жөнелтпейді. Өнім өзімізде дайындалып,

сәйкесінше бағасы да біршама арзан болады

деп күтілуде. Әйтпесе, өзімізде өңдеу орындары

болмағандықтан, күнбағыстың барлығы

дерлік Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарына,

тіпті Ресей мен Қытайға жөнелтілетін.

Кейін өндіріс пен жол шығындары есепке

алынып, жергілікті нарыққа қымбат дайын

өнім түрінде қайтып келетін-ді.

Меморандум қажет

Ауыл шаруашылығы саласының

ардагері Байболат Рахымжанов өңірдегі

жаңа цехтың ашылуы өңірдегі өсімдік майы

бағасын тұрақтандыру мәселесін түпкілікті

шешпейтінін айтады.

- Әлеуметтік маңызы бар өнімдер жергілікті

әкімдіктің назарында болғандықтан, бағаны

тұрақтандыру тетіктерін ойластыру қажет.

Жәрмеңке өткізумен іс бітпес. Мәселен,

Шығыс Қазақстан облысындағы қайта өңдеу

кәсіпорындарымен меморандум жасауға

болады. Олар павлодарлық шаруалардан

шикізатты арзан бағамен алса, сәйкесінше,

өнімді арзан бағамен босататын еді. Бұл -

қос облыс әкімдерінің араласуымен тындырылатын

шаруа. 2014 жылы аймағымызда

ұн, нан қымбаттап, бағаны тұрақтандыруға

министрлік те ынталы болған еді. Сол

жылы павлодарлық шаруалар бидайды

85 мың теңгеден сатып алып, оның 25 мың

теңгесі мемлекет есебінен өтелген-ді. Мұны

айтып отырғаным, әрдайым бағаны реттеудің

тетіктерін, жолдарын қарастыру керек, -

дейді Б.Рахымжанов.

Сала ардагері өзгеге жалтақтамай, мемлекеттік

бағдарлама шеңберінде облыста

ірі-ірі қайта өңдеу зауыттарын салуды қолға

алу керектігін айтады. Себебі, шикізат мол.

Өңірдегі өсімдік майы бағасын тұрақтандырудың

бірден-бір жолы – осы, дейді ол.

Қорыта айтсақ, өсімдік бағасын тұрақтандыру үшін қайта өңдеу

бағытында тың жобалар қолға алынса игі. Шикізат жеткіліксіз болса,

қайта өңдеу туралы айтпас та едік. Шемішкеге «көміліп» жатып,

өсімдік майын қымбатқа сатып алатынымыз күйіндіреді.

Аймағымызда картопты

жинау жұмыстары аяқталып

қалды. Биыл жергілікті

шаруалар кезекті рет

рекордтық көрсеткішті

тіркегелі отыр. Шамамен

600 мың тоннадан астам

картоп жиналмақ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының

бөлім басшысы Есентай

Мүрсәлімовтің мәліметінше, биыл өңірдегі

картоп алқабы 20,4 мың гектарды құрайды.

Бұл – былтырғымен салыстырғанда

2,5 мың гектарға артық.

- 5 қыркүйектегі жағдай бойынша

19,1 мың гектар алқаптан 591,8 мың тонна

картоп жиналды. Өнімділігі әр гектарынан

310 центнерге тең. Келесі көктемге тұқым

ретінде 44,2 мың картоп сақталады, -

дейді Е.Мүрсәлімов.

Жыл сайын жаппай жиын-терім кезінде

өнім бағасы біршама арзандайтын. Биыл

жағдай басқа. Картоптың бағасы әлі күнге

дейін шарықтап тұр. Кейбір дүкендерде

150 теңгеден сатылуда.

Аталған басқарманың маманы Татьяна

Нагула бұрынғы баға енді қайтып оралмайтынын

айтады.

- Қазір жанар-жағармайдың, техниканың,

минералды тыңайтқыштардың, өзге де

ауыл шаруашылығы саласымен тығыз

байланысты заттардың бағасы қымбаттап

жатыр. Сәйкесінше, картоп бағасы да

көтерілді. Кез келген картоп өсірушімен

сөйлессеңіз, шығындарын алға тартады.

Жергілікті әкімдік пен ірі шаруашылықтармен

жасалған меморандум өнім бағасын

тұрақтандыруға мүмкіндік береді деген

сенімдемін, - дейді ол.

Бұрындары кейбір шаруашылықтар

өнімді сақтауға мүмкіндігі болмай, картопты

арзан бағамен сатып жіберетін. Қазір олар

тоңазытқыш сияқты сақтау қондырғыларын

іске қосып, нарықта сұраныс артқан кезде

тиімді бағамен сатуға ниеттеніп отыр. Не

десек те, салаға жауаптылар «рекордтық

көрсеткіш тіркелді» деп мақтан қумай,

өнім бағасын тұрақтандыруды қолға

алғаны абзал.

Бетті әзірлеген –

Оралхан ҚОЖАНОВ.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!