11.02.2021 Views

11 ақпан

Create successful ePaper yourself

Turn your PDF publications into a flip-book with our unique Google optimized e-Paper software.

SARYARQA SAMALY

Ахат ЖАҚСЫБАЕВ

МӘДЕНИЕТ 11 ақпан, бейсенбі, 2021 жыл 17

Иса ақын

(Романнан үзінді)

Жерлес жазушымыз, Павлодар облысының Құрметті азаматы

Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақын» романының бірінші кітабы

«Өлке» баспасынан 2010 жылы жарық көрген еді. Автор енді

осы романның екінші кітабын жазып бітіріпті. Төменде екінші

кітаптан үзінді жариялап отырмыз.

Сәске көтерілгенде жәрмеңкенің қан

базары қыза түсті. Сатушы мен сатып

алушының арасындағы сауда бағаны аспандатып

жіберді. Жәрмеңкенің дүкендерге толы

қатарлары арасында сеңдей соғылысқан,

әрлі-берлі сабылған қалың көпшілік

көрсеқызар көңілмен керегін іздеп,

қалталарын қағады. Әркімнің өз есебі

ішінде. Жәрмеңкеге әркім де барады.

Жан-жағына көз салып, еркін аралап,

иін тіресіп жүр. Іздегені жәрмеңкеден

табылып, қолдан-қолға ауысып, бұйым

болса арқалап, мал болса айдап әкетіп

жатыр. Толас жоқ. Қилы-қилы құбылыстар,

таң қаларлық көріністер естен кетпестей

әсер қалдырады.

Түс ауған шақта сауданың бастапқы

қарқыны басылып, елдің ендігі құмарлығы

дүние-мүліктен гөрі енді ойын-сауыққа

аңсары ауып, «қай өнерпаз қай жерде және

қашан ел алдына шығады» деп сұрастырып,

даурығысып, солай қарай ағыла бастайды.

Сауда қатарлары жақтан, гуілдескен, даңғазалы

ортадан алыстап, дөңестеу кең жазыққа

жиналады. Жұртқа түгел көріну үшін ашық

машинаның үстін, биік арбаны сахна етеді.

Иса жалғыз өзі жәрмеңкенің сауда

қатарларын, жаймаларын аралап ұзақ жүрді.

Алатын да, сататын да ештеңесі жоқ, құр

қол болса да жәрмеңкенің шулы, абырсабырлы

қайнаған өмірі көзін қызықтырып,

алға жетеледі. Қазақ даласының небір

ерекшеліктері, әр жұрттың түрі-түсі бөлек

өкілдері, өздеріне тән киім үлгілері көзден

бір-бір ұшады. Сөздеріне құлақ тосып, сыпайы

да, дөрекі де дауыстарды, тың теңеулер мен

тіркестердің небір түрін естиді. Сөздеріне,

сөйлеу мәнеріне қарап қай жақтың қазағы

екенін аңғарады. Жәрмеңкеге тіл бітіп, сөйлеп

жатыр. Сөздік қордың байлығын жарқыратып,

үйіп-төгіп, шайқап, «неткен сөзуар, шешен

халықпыз» дегізеді. Саудада әркім аузыаузына

жұқпай сататын затын бұлдайды.

Сатып алушы құнын түсіргісі келіп, саудаласып,

сөздің майын тамызады. Сырттан қараған

адамға «Қайтсем айламды асырамын» деген

қып-қызыл талас, қызық көрініс. «Өмірде

бір көрген тамашамыз» деуге болады.

Иса осындайда өзінің не іздеп жүргенін

де білмейді. Бірақ айналасында болып жатқан

құбылыстарды боямасыз, қаз-қалпында

көру, қызықтау, жадында сақтап, құлағына

сіңіру, әсерлену керек-ақ секілді. Тойымсыз

көңіл осыны тілейді.

Мал базары жәрмеңкенің батысындағы

Қарасор көлі жағында екен. Оның өзінде

жылқы базары, қой базары, түйе базары

боп, жекеленіп, талай жерге созылып жатады.

Атпен болмаса жаяу-жалпы аралау күшке

түседі, шаршайсың.

Жәрмеңкені аралаған кезінде Иса қымыз

саудасының қызып тұрғанын көзімен көріп,

қазаққа қымыздың қаншалықты қадірлі екенін

әбден сезінді. Күн көтеріліп, ысыған кезде

жұрттың бәрі қымызханаға беттеп, шөліркеп

келіп, қымызды өлердей сіміреді. Қымыз

сататын келіншектер де шетінен сылаң, иіліп

тағзым етіп, жайраңдап, күлімдеп есіңді

шығарады. Олардың ішінде қымызы балдай,

өзі сылқым сұлу, үкілі тақия, оқалы қамзол

киген Ажар сияқты қымызшы келіншектің

бүкіл жәрмеңкеге аты белгілі, атағы шыққан.

Қырда желі толы құлын байлап, бие саудырады.

Киіз үй тігіп, күндіз-түні қымыз саудасын

жүргізеді. Сусап, қымызды аңсаған жұрт

қымызшылардың үйлеріне лық тола жиналып,

әлденеше саба қымыз ішетін. Бұндай тойға

бергісіз көңілді отырыстарға өнер саңлақтары

бәсекемен үйлеріне шақырылып, қымыздың

буымен, көңілдің қалауымен ән шырқалып,

күй шертіліп, әзіл-қалжыңға кенелген думанды

орта түннің бір уағына дейін тарқамай, әбден

қымызға қанып, рахатқа батып отыратын.

Осындай отырыстарға Иса да шақырылатын.

Сонда ол қымызға қанған соң денесі бусанып,

шабыттанып, қарап отыра алмай қызынып,

көмейінен жыр төгетін. Сол бір сайранды

күндерді қалай ұмытарсың.

Айналадағы түрлі көріністерге көзін суарып,

қызыға қарап, қолын артына ұстап, жай басып

келе жатқан Исаны қара торы, тақырбас бір

бозбала жеңінен тартып тоқтатты.

– Аға, жәрмеңком бастығы сізді кеңсеге

шақырып жатыр, – деді демігіп.

Осылай деді де, жүгіре басып, жоқ болды.

«Неге шақырды екен?» деп Иса келген ізімен

кері қайтып кеңсеге келді. Дегбірі қашып,

алақтап отырған Жәнібек Исаны көрген

бетте-ақ орнынан тез тұрып:

– Мен сені жәрмеңкенің қай бұрышынан

таптырамын деп алаңдап отыр едім, тез

келе қалдың, – деді.

Кеңседегі орындықта аяғын көсіліп жіберіп,

шалқайып отырған ашаң жүзді, көзілдірікті

сары орысты бірден танып:

– Николай Иванович, сізді көргеніме

қуаныштымын, – деп, қол беріп амандасты.

Сары орыс жылы жүзбен езу тартып:

– Иса, сен де келіпсің ғой. Осылай қарай

жолымыз түсіп, газеттің тапсырмасымен

біз де келіп қалдық, – деп, қасындағы жас

жігітті «баспахананың әріп терушісі Федя

Грибов» деп атады.

Күтпеген кездесудің куәсі болған Жәнібек

қалбалақтап:

– Таныстырамын ба десем, бір-біріңізді

біледі екенсіздер ғой, – деп жалпаң қақты.

– Білгенде қандай! – деп, Николай Иванович

таныстықтың сырын ашты.

– Исаны алғаш рет Семейдегі кітапхананың

оқу залында кездестіріп, содан кейін танысып,

біліскенбіз. Иса Бике деген кітапханашы көркем

қызға көз салып, бір бұрышта кітапхананың

жабылуын күтіп отыратын. Мен – осындай

махаббаттың куәсі болған адаммын, – деп,

қулана жымиды.

Бикенің аты аталғанда Исаның осал буыны

сыр беріп, терең күрсініп, қабағы түксигенін

байқады да, Николай Иванович әңгіменің

тақырыбын өзгертіп, Исаға қатысты жағымды

оқиғаны есіне алды. Исаға қарап қойып:

– Семейдегі кітапханада Бикемен

келісіп, аптасына бір рет жас ақындардың

басын қосып, өлеңдерін талдайтынбыз, –

деп, сөзін одан әрі өрбітті. – Кезінде

Петербургтегі «Звезда» әдеби журналында

өлеңдері басылған Илья Модзалевский деген

танымал ақын жастардың өлеңдерін өздеріне

оқытып, артынша талқылауды бастайтын.

Кемшіліктерін көрсетіп, өлеңді қалай жазу

керектігін ұқтырмақ болады. Бикенің қайтуын

күтіп, бір бұрышта талқылауды тыңдап қана

отырған Иса кенет сөз сұрап, орнынан тұрды.

– Өлеңді қалай жазу керектігін үйрету

мүмкін емес. Біреудің ақыл-кеңесімен өлең

жазылмайды. Адамның бойында туа біткен

ақындық қабілет болуы керек. Әйтпегенде,

олай болмаған күнде «ақынмын» деу бос

әурешілік, – деп тура бетке айтты. Модзалевский

отымен таласпады. Ұшқын атқан

көзінен жасқанып, күмілжіп, тез тұрып кетті.

Николай Иванович сол жиынның елесін

көз алдына келтіріп, тағы бір сырдың шетін

шығарды.

– Исаны сонда алғаш рет таныдым.

Жиыннан кейін мен оны әңгімеге тартуды

ойлап, «Ертістің жағасында оңаша серуендеп

қайтайық» дедім. Менің тоғыз жас

үлкендігім бар екен. Омбыда әдеби ортамен

араласып, біраз ақын-жазушылармен кездесіп

жүрдім. Осыларды Исаға айтып, «сен кімдерді

білесің?» дегенімде ол үндей қоймады.

«Ақынсың ба?» дегенімде басын изеді. «Не

жазып жүрсің?» деп қазбалап сұрағанымда

ол қиналып барып, «Сізге ғана айтайын,

«Құралай сұлу» деген поэманы жазуға кірістім»

деген едің. Сол әңгімеден кейін екеуіміз

екі жаққа кеттік. Арада біраз уақыт өткен

соң, енді міне Қоянды жәрмеңкесінде тағы

кездесіп, дастарқандас боп отырмыз, – деп,

Николай Иванович Исаға көз тігіп, көкейінде

бір сұрақ барын сездірді. Жайлап қана,

басыңқы үнмен:

– Поэмаңды бітірдің бе? – деп сұрады.

Жиын топтың алдында есеп бергендей

боп, қозғалақтап, кібіртіктеп, орыс досының

сұрағына орай поэма жайын баян етті.

– Николай Иванович, – деді ашылып

сөйлеп, – Өткен жылдың аяғында Орынбордан

кетіп, Ташкентке бардым. Ол жақта

бірер ай бөгеліп, ақырында Павлодардың

Омбымен шекаралас аймағындағы туған

ауылыма қайттым. Қолым бос, ауыл-ауылды

қыдырыстап, ойын-тойға барамын. Бәрі

де «өлең айт» деп қолқалайды. Біраздан

кейін желігім басылайын деді. Оған себеп –

қайда жүрсем де Құралай сұлу оқиғасы

ойымнан шықпай қойды. Мазам болмай,

ауылға сыймай, кей-кейде атқа мініп, жалғыз

өзім қырға шығып, даланы кезіп қайтамын.

Поэманың өлең шумақтары ойға оралып,

жазбауға болмайтындай жағдайға келдім.

Ойласаң өткен күнді айтады жыр,

Тыңдасаң естіледі бір терең сыр.

Ой өліп, өмір сөніп, көп соғылған,

Суреті өткендердің алдымда тұр, -

деген шумақ поэманың бастауы боп,

еріксіз жазуға отырғызды. Ауылдағы әкем,

аға, жеңгем бар жағдайымды жасап,

ешнәрсеге мойын бұрғызбады. Ақыры не

керек, жаныма тыныштық, жазуыма ерік

берді. Сөйтіп, оңашада күн отырып, түн

отырып, «Құралай сұлу» поэмасын жазып

бітірдім, – деп, арқасынан ауыр жүк түскенін

сездіріп, көңілденіп, еңсесін көтерді. Кеңседе

отырғандар да Исаның тілеуін тілегендей

боп сүйсіне қарады.

Орысшаға жүйріктігін байқатып Жәнібек

қасындағы Николай Ивановичке Исаның

сөздерін қолма-қол аударып, жеткізіп отырды.

Мазасызданып:

– Сол поэмаң қайда? – деп сұрады.

Иса бөгелместен бірден жауап беріп:

– «Құралай сұлу» поэмасын аяқтаған бойда

Орынборда шығатын «Қызыл Қазақстан»

журналына поштамен салып жібердім. Ол

жақтан әзірге хабар алған жоқпын – деді.

Жәнібек Мәскеуде институт бітірген, көзі

ашық, көргенді азамат екенін осы жерде

танытып:

– Жәрмеңкеде пошта, телеграф бар.

Орынбордағы журналдың редакциясымен

хабарласып, поэманың мәселесін күні ертең

біліп берейін, – деді.

Жәнібектің іскерлігіне шек келтірмей

Николай Иванович қуанып:

– Бұның дұрыс екен, – деді.

Иса сенер-сенбес бей-жай кейіппен:

– Не боларын кезінде көрерміз, – деді

де, Жәнібекке бетін бұрып, ризалықпен езу

тартты.

Бұдан «Қайдан келдің, өзің кімсің?» дегендей,

бәрінің назары енді Николай Ивановичтің

өзіне ауды. Қасына әріп теруші Федяны

ертіп, сонау төрт жүз шақырым жердегі

Семейден жәрмеңкеге не мақсатпен келді

екен? Қазақша білмейтіні және бар. Исаның

ойындағы осы тәріздес сұрақтарды оның

қадала қараған өткір көзінен танығандай

боп Николай Иванович өзін таныстыруды

жөн көрді.

– Менің шын фамилиям Иванов болатын.

Қазір осы фамилияның бастапқы екі әрпін

алып тастап, Анов деген бүркеншік атты

иеленіп жүрмін. Сонау Петербургте туыпөскен

мені 1917 жылғы революция Нева

өзені жағасынан Ертіс өзені жағасына әкелді.

Содан кейін Сібірдің біраз жерін аралап,

ақырында Омбы қаласына тұрақтадым. Қайда

барсам да әдеби ортаға тартылып, бірталай

ақын-жазушылармен жақын танысып, жиналыстарына

жиі қатынасып тұрдым. Омбыда

Павлодар уезінің Лебяжье селосында туған

Всеволод Иванов деген өзім құралыптас

жас жазушымен достасып, сыралғы боп, бір

пәтерде тұрып жаттық. Екеуіміз де баспаханада

істейміз. Ол – әріп теруші, ал мен –

корректормын. Әдебиетке құмармыз. Жарыса

әңгіме жазамыз. Менің әдебиетке келуіме

Максим Горькийдің ықпалы күшті болды.

Атақты жазушымен кездескенімде ол менің

қолжазбамды қарап шығып:

– Әдебиетке қалай келдің? Қашаннан

бері жазып жүрсің – деп сұрады.

– Мақтанарлық ештеңем жоқ. Алғашқы

әңгімем пролетариат жазушыларының

алғашқы жинағында жарияланды – дедім.

Максим Горький менің қолжазбамды

парақтап, кей жерін оқып, кемшілігін көрсетті.

Анов деген бүркеншек атты алуымның бір

себебі – әдеби ізденістерде қатар жүрген

жақсы досым Всеволод Ивановпен бір фамилияны

қайталағым келмеді. Омбыдағы әдеби

орта ерекше қызық әрі даулы, тартысқа,

талқылауларға толы болатын. Омбыда

Павлодарлық Антон Сорокин деген отыз

бес-қырық жас шамасындағы жазушының

шатақ қылықтары туралы әңгімелер көп

тарады. Шалыс басып, әркімге ұрынып,

қилы оқиғаларға килігіп жүретін Антонды

«Сібір әдебиетінің Дон-Кихоты» дейтін. Ал

ол болса өзін-өзі «Сібір жазушыларының

королімін» деп атады. Мінезінің шәлкестігіне,

«ұр да жық» екеніне қарамастан жазғандары

бағаланды. Әңгіме, романдарды көп жазып,

көп кітаптар шығарды. Павлодардың екінші

бір желікпе мінезді тентек ақыны – 1910

жылы Зайсан қаласында туып, Павлодар

қаласында жастық шағын өткізген Павел

Васильев еді. Максим Горький Мәскеуге

қоныс аударып, сол жақта ақындығымен

көзге түскен Павел Васильевті жақсы танып,

«оның тентектік қылықтары Сергей Есениннен

аспаса кем түспейді» депті. Не керек,

Всеволод Ивановтың, Антон Сорокиннің,

Павел Васильевтің атақ-даңқтары, қалам

қарымдары сол кездегі Омбы қаласының

шеңберіне сыймады. Кең өріс іздеп, үшеуі

де әркім өз жолымен Мәскеуге кетіп, әдеби

ортаның алдыңғы қатарынан көрінді.

Осыдан кейін Николай Иванович аз-кем

тыныстап алды да:

– Міне, солай, Иса! Қазағы бар, орысы

бар, Павлодардан шыққан ақын-жазушылар

қай жерде жүрсе де ешкімнен кем

түспейтін, – деді сөзіне ерекше екпін беріп.

(Жалғасы бар).

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!