25.01.2020 Views

25 қаңтар, 2020 жыл №9 (15479)

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

10 25 қаңтар, сенбі, 2020 жыл АЙБЫН

SARYARQA SAMALY

Қайсар Қайырбаев

Даңқты жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының Батыры Махмет

Қайырбаевтың қайсарлығын қанша жазсақ та, артық етпес. Батыр

бабасы жайлы біліп, үлгі тұтып жүрген ұрпағына жарасар. Ұрыс

алаңында да, еңбек майданында да аянбаған арда азаматтың

есімі еш өшпейді. Өңіріміздің өрелі ұлы арамызда болғанда,

ағымдағы айда 95 жасын тойлар едік.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Өзі сұранды

Махмет Қайырбаев елі үшін ештеңеден

тайынбайтынын дәлелдеу үшін соғыс

майданына өз еркімен баруға сұранып,

қайсар мінезін ерте танытқан. Өйткені,

12 жасынан «халық жауының баласы» деген

түртпекпен өмір кешуге тура келген жас

жігіт майдан даласында Отан қорғап,

кімнің, қандай адамның баласы екенін

көрсетуді көздейді. Сәл шегініс жасасақ,

Махметтің әкесі Қайырбай 1937 жылғы

солақай саясат құрығына ілігеді. Жалған

жаламен «халық жауы» деп, 10 жылға

сотталады. Туыс-туғанымен тілдесіп, хат

алмасуға да тыйым салынады. Ай сайын

отбасына оның жазасын өтеп жатқаны

жайында ақпар келіп тұрады. 1943 жылдың

қазанында «Мұқатаев Қайырбай өкпесінің

қабынуынан қайтыс болды» деген хабар

жетіпті... Кейін анықталғандай, Махметтің

әкесін әлдеқашан, яғни, 1937 жылдың 25-інен

26-сына қараған түні атып тастаған екен...

Әкесіне жабылған жала жылдар бойы

батырдың алдынан шыға береді. Баланың

мектепте үлгерімі жоғары болғанымен, тіпті,

ел қатарлы мақтау қағаз да ала алмаған

көрінеді. Замандастарының өзінен де зәбір

көрген. Бірақ бойындағы қайсарлық Махметті

тек алға жетеледі. Саясаттың салқыны

қанша тисе де, ол қадамын алға басты.

16 жасында Семейдегі мұғалімдер институтына

түседі. Бесқарағай ауданындағы

өз ауылы Семиярға мұғалім болып келеді.

Мұнда да түртпектеу тыйылмайды. Ақыры

жоғарыда айтқанымыздай, үш рет өтініш беріп

жүріп, Подольск артиллериялық училищесіне

жолдама алады. Бірақ, оқуды үздік тәмамдаса

да, бірден майданға жіберілмейді, шен де

кедергісіз берілмейді. Тағы да сұранып, хат

жазып, әйтеуір, 1943 жылдың көктемінде

Калинин майданына аттанады.

Командирі

көре білді

Ұрыс даласында 712-ші жойғыш танкке

қарсы артиллериялық полк командирінің

бұйрығымен лейтенант Қайырбаев 5-інші

батареяның командирі болып тағайындалады.

Батареясын біліктілікпен басқара білгенін,

жауды жайратуда шеберлік танытқанын

мына бір деректерден де байқауға болады.

712-інші полктен 6 Кеңес Одағының батыры

шығыпты. Олардың бесеуі жерлесіміз Махмет

Қайырбаев басқарған 5-інші батареядан

шыққан. Полк командирі Григорий Мельников

соғыстан кейінгі жылдары жүздескенде

Қайырбаевтың қайсарлығын, шеберлігін,

ширақтығын жиі айтады.

- Махметті баламдай көретінмін, ылғи

қорғаштап жүремін. Бірде 4-інші батареямыз

жау құрсауында қалды. Өте шиеленісті

жағдай. Оны шешуге Қайырбаевтың ғана

қауқары жететінін біліп тұрмын. Өзгелері

орындай алмайтынын сездім. Аясам да,

амалсыздан жібердім. Тапсырма берілді,

орындалды, - депті бір естелігінде полк

командирі Г.Мельников.

Бұл сәт жайында Қазақстанның

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов та

шығармаларының бірінде жазған:

«...Немістер қоршаудағы батареяны тез

құртып жіберуге тырысты. Бірақ Қайырбаев

басқарған қаһарман жігіттер олардың

барлық шабуылын да қасқайып қарсы

алды. Немістер қоршаудағы батареяға жеті

шабуыл жасады. Батарея оның жетеуін де

тойтарды. Адамдар азайды. Екі зеңбірек

істен шықты. Ұрыстың орта кезінде сау

қалған екі зеңбіректің бірінің көздеушісі

және өлді... Махмет өз қолымен жаудың

үш танкін жайратты...»

М.Қайырбаев Калинин, Бірінші Прибалтийск

және Ленинград майдандарында жаумен

шайқасқан. Тарихта «Шяуляй шайқасы»

деген атпен қалған, айлап өткен ұрыста да

Қайырбаев ерлігімен есте қалған. Литваның

Шяуляй қаласының маңындағы №135,1

шыңында Қайырбаев батареясы ерекше

көзге түскен екен. Жау күніне 400 танкісін

шабуылға шығарса да, жаяу әскерлер де,

артиллеристер де қарсы тұрып, немістердің

еңсе көтеруіне мұрша бермеген. Қайсар

қазақтың өжеттігіне литвалықтар да ерекше

риза. Жылы лебіздерін өлеңмен өрген.

Кейін қазақ ұлының есімін қала көшелерінің

біріне берген. Шяуляй қаласының «Құрметі

азаматы» атанған.

Ер кезегі – үш!

Өкініштісі, өжеттік танытып, батыл

басқарушы екенін көрсетсе де, Кеңес

Одағының батыры деген атақ М.Қайырбаевқа

оңайлықпен беріле қоймапты. Оған да әлгі

«халық жауының баласы» деген «айдар»

айтарлықтай кедергі болған. Үш рет ұсынылып

жүріп, үшіншісінде бұйырыпты.

- 1968 жылы Павлодарға әкемді іздеп

полк командирі Григорий Мельников келген

еді. Сонда естеліктерімен бөлісті. Үш рет

ұсынылып, әзер берілгенін айтқан болатын.

Кейін Әзілхан Нұршайықов Подольскідегі

архивке барып, батарея командирі, яғни,

әкемнің жаудың 22 танкісін жойғаны жазылған

газет беттерін тапқан. Әкем зеңбіректі оқтайтын

адам емес қой, бірақ, ұрыс ушыққанда

қаруды қолға алып, жауға қарсы тойтарыс

берген көрінеді. Сол кездегі ереже бойынша

жаудың екі танкісін жойған жауынгер Кеңес

Одағы батырына ұсынылады екен. Әкем

қарсыластың 22 танкісін істен шығарған.

Полк командирі осыны ескеріп, «ех, Маха,

мынандай ерлікпен қаншама рет батыр

атануға болушы еді» деп күрсінетін, - дейді

Мұрат Қайырбаев.

Атақтың берілуіне ІІХК тексерістері ылғи

кедергі келтірген. Батыр атануына артиллерия

командирі, генерал-полковник Н.Хлебников

ықпал етіпті. Шяуляй қаласы маңындағы ұрыс

орманда емес, ашық далада болған. Бәрі

биіктен бақыланады екен. Сол бақылаушы

генералдардың бірі Николай Михайлович

Хлебников әкемнің ерлігіне тәнті болыпты.

Кеңес Одағы батырын екі рет бермеген

соң жоғары шенділерге «әкесі үшін баласы

жауап бермеуі керек» дегенді ұғындырыпты.

Сөйтіп, ер кезегі – үш демекші, Махмет

Қайырбаевқа 1943 жылдың 24 наурызында

Жоғары Кеңес президиумының жарлығымен

Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Бұл сәттерді батыр жерлесіміз 1977 жылы

Шяуляйдағы №135,1 шыңына Кеңес әскеріне

арнап ескерткіш орнату сәтіне қатысқан

кезде Н.Хлебниковпен еске алады.

Еселі еңбек

Соғыстың аяқталуына жақын шақта

Махмет Қайырбаевты Мәскеудегі Дзержинский

атындағы артиллерия академиясына

жібереді. Ракетшілер даярлау көзделеді.

Алғашқы лекке тек Кеңес Одағының батырлары

іріктеліп алынған.

- Осында оқып жүріп, әкеміз атамызды

ақтап алуға кірісіпті. Өзінің де, бауыры

Ахметтің де соғысқа қатысушы екенін жазып,

ақтауға өтініш білдіреді. Бірақ, ІІҰК шешім

күшінде қалатынын жазыпты. Ал өзін 1945

жылдың қарашасында Алматы маңында

батарея командирі етіп жібереді. Қуғынсүргін

әлі аяқталмағанын сезген әкем әскери

қызметтен толық кетуге өтініш жазады.

Арызын күткендей, бір ай ішінде шешімін

шығарып беріпті, - дейді батырдың баласы.

Сөйтіп, туған ауылына оралады. Үш ай бос

жүреді. 1946 жылдың қазанында облыстық

атқару комитетінің төрағасы Даниял Керімбаев

Махмет Қайырбаевты шақырып, жағдайын

біледі. Бірден Бесқарағай аудандық әлеуметтік

қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі лауазымына

қабылдауға құзырлы органдарға

тапсырма береді. Мұнда аудандық атқару

комитетінің хатшысы, төрағасының орынбасары

қызметтерін атқарған. Әкесінің

өмірі мен ерлігі жайлы деректер жинауды

бір сәт те тоқтатпаған Мұрат Қайырбаев

соғыстан кейін алғаш еңбекке араласқаны

жайындағы осы ақпараттарды тауыпты.

Нақтысы, еңбек кітапшасын, ісін кезінде

сол мекемеде еңбек еткен әйел сақтап

қалыпты. Мұрат Қайырбаев ол құжаттарды

архивке тапсырған.

Бұл кездері атқарушы комитеттен

биігі партиялық жұмыс болатын. Махмет

Қайырбаевты мұндай қызметке жолатпапты.

Әкесіне тағылған әлгі жаланың кесірі тағы.

1953 жылы іскер азамат Успен, 1955 жылы

Кагановский (қазіргі Ақсу) аудандарында

еңбек етеді. Ал 1958 жылы Куйбышев

(қазіргі Ақтоғай) ауданына аудандық атқару

комитетінің төрағасы қызметіне орналасады.

Кейін аудандық партиялық конференция

өтіп, бірінші хатшыны сайлау қажет болады.

Үміткерлер арасында Махмет Қайырбаев

та болады. Бастапқыда ешкім құптай

қоймайды. Ақыры коммунистер, олардың

көбі Ұлы Отан соғысының қатысушылары

болатын. Батырды бірінші хатшыға лайық

деп таңдайды. Еңбекте де ерлігімен көзге

түседі. Майданда жауынгерлерді соңынан

ерте білсе, қызметте астықтың бітік шығуына,

уақытылы жинап, жемісті еңбек етуге жетелей

білген. Аудандағы еселі еңбегі ескеріліп,

облыстық партия комитетінің екінші хатшысы,

одан кейін төрағасы қызметтерін абыроймен

атқарған. Осы қызметтен құрметті демалысына

шығады.

Абырой биігі

Майдандастары да, соғыстан кейінгі

қызметтестері де батыр Махметке бағыттап

мақтауды аямады. Ол құр сөз емес, бітімболмысына,

қайсарлығы мен өжеттігіне,

адалдығына берілген шынайы баға еді.

1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдығына

Мәскеуге М.Қайырбаев қазақ делегациясы

құрамында барады. Сол кезде атақты

маршал Г.Жуковтың өзі қазақ делегациясына

жақындап, ілтипатын білдіруі қазақтың

қайсар ұлдарының батылдыққа, қайсарлыққа

жасаған зор құрметі десе артық болмас...

Махмет Қайырбаев достыққа адал

азамат болған. Сонау 1943 жылы Бұхарада

артиллериялық училищеде бірге оқыған,

Качир ауданының тумасы Евгений

Киреевпен соғыстан кейін де хат алмасып

тұрған. Ол соғыстан соң денсаулығына

байланысты жылы жақ – Крым маңында

қалып қойыпты.

- Әкем есепке жүйрік болды. Е.Киреев

те математикаға мықты көрінеді. Ал жауға

оқты тура тигізу үшін тригонометриялық

есептеуде шалыс кетпеу керек. Екеуі есепті

жарыса шығарады екен. Соғыста әкем

76 мм-лік зеңбіректі басқарса, качирлық

майдангер қашықтықтан ататын ауыр қаруға

иелік етеді. Кейін Евгений әкеме жазған

хаттарының бірінде «Махмет, мен саған

екеуміз де батарея командирі боламыз

деп айтып едім ғой» деп сол бір сәттерін

еске алып жүретін, - дейді Мұрат аға.

Үзеңгілес достарының Махмет Қайырбаев

жайлы естеліктеріне үңілсек, оның қол

астындағы кадрларға құрметпен қарағанын

аңғаруға болады. Мысалы, Павлодар облыстық

атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары

Е.Азаров Махметтің адамгершілігіне

тәнті болғанын айтады. «М.Қайырбаев

кадрларға өте мұқият болатын. Оларды

бағалай білді, ешқайсысын сатпайтын. Ал

мұндай жағдай саяси немесе басқа себептерге

байланысты ол кезде жиі болатын...»

десе, екі бірдей облыста партия комитетінің

бірінші хатшысы болған Аманолла Рамазанов

батыр жерлесіміздің қызметте ешкімнің

ар-намысына тимейтін, ауыр сөз айтпайтын

қасиетін жоғары бағалапты. Ақтоғайлық

ақын Қабдыкәрім Ыдырысов бірде жолдасы

ретінде батырға былай деп өлең жолдарын

арнапты:

Еңбек те майдан білгенге,

Жүрсің сен біздің ортада

Ортада Батыр жүргенде

Жолдасы жаудан қорқа ма?!

Майдандағы ерлігін, өжеттігін командирлер

білдірсе, қызметтегі абыройын айтып,

жазғандар да жетерлік. Ұрпағы бүгінде

сол бір қасиеттерін, өмірлік ұстанымдарын

рухани азық етіп келеді.

- Әкеміз қайтпас мінезді болды. Уәдеге

берік еді. Сол қасиеттерін мақтан тұтамыз.

Мәскеуге барған салтанатты жиындарда

полк командирлері әкеме ылғи «сен Жеңістің

50 жылдығына жет» деп айтатын. Тілек

қабыл болды. Жеңістің жарты ғасырлық

тойын көріп кетті. 1996 жылы әкеміз өмірден

озды, - дейді батырдың ұлы.

Махмет Қайырбаев зайыбы Сәбирамен

бес бала дүнеиеге әкеліп, тәрбиелеген.

Бүгінде немере-шөбере өсіп отыр. Әкесінің

есімін, ерлігін ұрпағына мұра ету үшін

бүгінде ұлы Мұрат тынбай тірлік етуде.

Жинастырып, биыл кітап шығармақ ойда.

Бұл да - перзент парызы, әрине.

Түйін:

Батыр жайында жазғанда Қайырбаевтың зеңбірегін атамасқа

тағы болмайды. Батырдың көзіндей көне қару бүгінде Павлодар

қаласындағы Даңқ музейі аумағында тұр. Екінші зеңбірегі Ленинградта

жәдігер ретінде сақтаулы. Жалпы, бір батареяның екі

зеңбірегінің тарихи мұраға айналуы ешқайда кездеспейтін жағдай

көрінеді. Ендігі тілек - мұндай қаруды тек көрмелерден көру. Ал

батыр бабалардың ерлігі - мәңгілік жадымызда.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!