25.01.2020 Views

25 қаңтар, 2020 жыл №9 (15479)

Create successful ePaper yourself

Turn your PDF publications into a flip-book with our unique Google optimized e-Paper software.

SARYARQA SAMALY

Жас times

25 қаңтар, сенбі, 2020 жыл

7

Абай Уахит - Ертіс-Баян өңіріндегі белсенді жастардың бірі. Қоғамдық

істерге барынша үлес қосып, еріктілер ісінде жиі көзге түсіп жүрген

азаматтың алдына қойған мақсаттары айқын. Оның облыстық «Жасыл

ел» жастар штабындағы еңбегінің өзі - бір төбе.

Ерікті болу –

жан қалауым

- Абай, әңгімеміздің әлқиссасын

«Еріктілер жылынан» бастасақ. Жалпы,

биылғы жылдан не күтесің?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт

Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған биылғы

«Еріктілер жылы» игі бастамаларды іске

асыратын, талайдың есінде көпке дейін

сақталатын әрі ел жастары өздерін жақсы

қырынан таныта алатын жемісті жыл болады

деп ойлаймын. Жалпы, «ерікті» ұғымы -

біздің елімізде енді ғана кең етек жайып,

дамып келе жатқан бағыт. Біз осы уақыт

ішінде бұқараға өзара көмек, қайырымдылық,

ұйымшылдық, қоршаған ортаға қамқорлық,

өзге адамдардың жұмысын құрметтеу тәрізді

жақсы қасиеттерді көрсете білуіміз керек.

Сонда ғана еріктілердің кім екенін ел

жақсы танитын болады. Негізі, еріктілік

ұғымы әлемнің кез келген елінде бар. Бұл

үрдіс ежелгі қазақ қоғамында да болған.

Оны Асар деп атады.

Асар - бұл қазақ халқының жақсы

дәстүрлерінің бірі. Яғни, тұтас ауыл болып

жиналып, бір жан үшін немесе бір отбасының

бастаған ісін аяқтауына көмек қолын созуы,

адам басына түскен қиындық пен қайғымұңды

бірге бөлісуі - құшағына 130-дан

астам ұлттың өкілдерін сыйғызған дарқан

көңілді қазаққа тән асыл қасиеттің бірі.

Көрдіңіз бе, заман талабына сай «Асар» сөзі

«Ерікті», «Волонтер» болып өзгергенімен,

оның ата-бабамыздан бері жалғасып келе

жатқан құндылық екенін көреміз.

Өз басым «Еріктілер жылының» бір жолғы

акциялардың, ұрандардың көлеңкесінде

қалып қоймай, нақты іс жүзінде, жүйелі

жұмыс түрінде өткенін қалаймын. Себебі,

популистік ұрандар көбіне адамдарды өзіне

тартып, бір іске итермелегенімен, оның

беретін нәтижесі аз болады. Ал нақты

іс-әрекеттер арқылы жүзеге асқан шара

мақсатына жете отырып, өзге адамдарды

ерікті болуға тартады.

Бұдан бөлек, бұл жыл адамдарға

еріктілерді тегін жұмыс күші ретінде танытуды

мақсат етпеуі керек. Әр адамның

жан-дүниесін ұғынып, кез келген жағдайда

жұмылған жұдырықтай бола білсек, біз

алмайтын қамал жоқ. Биыл адамдардың

барлығы бір-біріне көмектесіп, мейрімділік

таныта алса, нұр үстіне нұр болар еді.

- Ерікті болу үшін адамға қандай

қасиет қажет?

- Ең әуелі адам өзін осы салаға дайындауы

керек. Өн бойынан жақсы қасиеттерін

оятып, жақсылық жасауға құштар болуы қажет.

Осыдан кейін өзіңізге «Мен нені қалаймын?»,

«Кімге және қалай көмектесуге дайынмын?»,

«Балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге не

үйретемін?», «Қаладағы саябақтар мен

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Туған жылы: 1995 жыл, 17 қараша.

Туған жері: Баянауыл ауданы.

Мамандығы: Дене тәрбиесі және

спорт мұғалімі. Қазір «Педагогика

және психология» мамандығы бойынша

магистр.

Сүйікті ақыны: Аспанбек Шұғатаев.

Соңғы оқыған кітабы: Дэниел Киздің

«Цветы для Элджернона» кітабы.

Жетістігі: «ТМД-ның ең үздік

студенті-2019», «Жеңіл атлетикадан»

марафондар.

алаңдардың тазалығына қамқорлық жасай

аламын ба?» деген сұрақтарды қойып

көріңіз. Егер осы сауалдарға жауап қайтара

алмасаңыз, онда ерікті болудың қажеті

шамалы. Себебі, еріктілік мейірімділікті,

жылы сөзді, жұмсақ жүректі, ерекше

қамқорлық пен қайырымдылықты талап

етеді. Екінің бірі волонтер бола алмайды.

Ал егер өзіңіздің ерікті болуға дайын

екеніңізді сезсеңіз, сіздің жеке сұранысыңызға

сай ұйымды таңдау керек. Біздің облысымызда

еріктілер ұйымы өте көп. Жүрегіңізге

жақын, сіз атқара алатын істерде жиі

төбе көрсететін орталыққа мүше болыңыз,

тіпті, айналаңызға ерікті болуға ниетті

достарыңызды жинап, өзіңіз де осындай

ұйым құра аласыз. Біз үшін еріктілер

...ТМД-дағы оқу орындары арасында «Үздік студент-2019»

байқауы бойынша «Талантты жастардың халықаралық

энциклопедиясы» жобасының 1-дәрежелі дипломымен және

«ТМД-ның ең үздік студенті-2019» төсбелгісімен марапатталдым.

Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Осыдан

кейін, шын ниетпен қаласаңыз, барлығына үлгеруге

,,

және

кез келген жетістікке жетуге болатынын түсіндім...

орталығының неғұрлым көп болғаны жақсы.

Себебі, қазақ «Жұмыла көтерген жүк

жеңіл» деп тегін айтпаған.

- Негізі, еріктілерге атқарған жұмысы

үшін ақы төленбейді. Яғни, барлық істі

тегін жасайсыңдар. Мұндай жұмыс сені

несімен қызықтырды?

- Өз басым кез келген істі бастамас

бұрын «Менің қолымнан келе ме?» деген

сауалға жауап іздеймін. Еріктілік жолға

осыдан 4 жыл бұрын саналы түрде келдім.

Бұл - менің жан қалауым. Яғни, 2017 жылы

28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы

қаласында өткен XXVIII қысқы Дүниежүзілік

универсиадаға еріктілерді іріктеп жатқан кез

болатын. Мәди есімді досымның шақыруымен

сонда барып, таңдаулы еріктілер қатарында

еңбек еттім. Осыдан кейін, жалғызбасты

зейнеткерлер мен соғыс ардагерлерінің

үйінде болып, қыста қар күреп, көктемде

ауласын қар суынан тазартып, үйін әктеп,

жазда бау-бақшасына көмектесіп, күзде

қысқа дайындығына жәрдемдесіп келеміз.

Әрине, бұл істердің барлығын мен жалғыз

жасамаймын.

Сенесіз бе, осы жұмыстарды жасау

арқылы жаным рахат тауып, жүрегімде

тыныштық орнайды. Қарт адамдардың

әңгімесін тыңдау, олардың балаша қуануын

көру – үлкен бақыт. Ал олардың өмір

туралы айтқандарын өзіміздің көкейімізге

түйіп алуға тырысамыз.

Еріктілік ол тек мұқтаж адамдарға

көмек беру емес, одан басқа халықаралық,

облыстық, қалалық, үлкен-кішілі іс-шараларға

қатысудан да тұрады. Осы 4 жылдың

ішінде еліміз үшін маңызды бірқатар шараларда

волонтер болдым. Олар – Нұр-Сұлтан

қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық

көрмесі мен 2017 жылы қазан айында

Сочиде болған Бүкіләлемдік Жастар мен

Студенттер фестивалі. Мұнда Қазақстан

атынан делегат болып бардым. Содан

кейін Мәскеу қаласында ұйымдастырылған

әлемнің ең үздік еріктілері жиналған

Еріктілер форумына қатысып, шет елдегі

әріптестермен тәжірибе алмастық. Бұл

істер менің еріктілік жолды ары қарай

жалғастыруыма түрткі болды. Естеріңізде

болса, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевта

небары 20 жасында Хельсинкиде

өткен осындай іс-шараға қатысып, саясатқа

келген болатын.

- Бәрекелді! Ендеше өңірімізде

волонтер болуға ниетті, бірақ жолын

таппай жүрген жастарға қандай кеңес

айтар едің?

- Сөз басында атап өткендей, біздің

Ертіс-Баян өңірінде еріктілер ұйымы өте

көп. Олардың атқарып жатқан істері туралы

әлеуметтік желілерде ақпараттар жетерлік.

Бәрін көріп, саралап, өзінің жан қалауына

жақын жұмыс істеп жүрген жастарға

барып қосылуына болады. Бұдан бөлек,

облыс орталығындағы, аудандардағы жастар

бастамаларын дамыту орталығына келіп

немесе студент болса әрбір оқу орнында

жастармен жұмыс жасайтын бөлімдерден

толық ақпарат алуға болады. Ең бастысы –

ниет. Әрі қарай өзі-ақ пікірлестерін тауып

алады деп ойлаймын.

- Абай, өткен жыл сен үшін табысты

болды. Кеңірек өзің жайлы айтып өтсең...

- Расымен де «Жастар жылы» мен

үшін, менің командам үшін үлкен жеңіске

толы болды. Соның ішінде айтулысы -

ТМД-дағы оқу орындары арасында «Үздік

студент-2019» байқауы бойынша «Талантты

жастардың халықаралық энциклопедиясы»

жобасының 1-дәрежелі дипломымен

және «ТМД-ның ең үздік студенті-2019»

төсбелгісімен марапатталдым. Бұл мен

үшін күтпеген жаңалық болды. Осыдан

кейін, шын ниетпен қаласаңыз, барлығына

үлгеруге және кез келген жетістікке

жетуге болатынын түсіндім. Бұл менің

биік белестерді бағындырудағы алғашқы

баспалдақтарымның бірі деп білемін. Қазір

магистратура, еріктілік, спорт, жұмыс -

барлығын қатар атқарудамын.

- Расымен де соңғы уақытта сені түрлі

спорттық шаралардан жиі көреміз...

- Негізі, бала күнімнен спортқа жаным

жақын. Мектеп қабырғасында жүргенде

күреспен айналысып келдім. Жоғары оқу

орнына түскеннен кейін де бұл дағдымнан

танбадым. Өкінішке қарай, дайындық барысында

абайсызда қолымды сындырып

алдым. Кейіннен дәрігерлер енді күресуге

болмайтынын айтты. Мамандардың кеңесін

тыңдап, күрестен біржола қол үзуге тура

келді. Дейтұрғанмен, салауатты өмір салтын

ұстанам деген адамға спорт түрлері толып

жатыр. Содан бері жеңіл атлетикамен

шұғылданып жүрмін. Қыс-жаз демей, таң

атпай Ертіс жағалауында жүгіруді әдетке

айналдырдым. Былтыр Ресейдің Омбы

қаласында өткен марафонға қатысып,

42 километр қашықтықты бағындырдым.

Сонымен қатар, еліміздегі екі алып шаһар -

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында

өткен жарыстарда бақ сынап келдім.

Тіпті, Түркияның Ыстамбұл қаласында

ұйымдастырылған марафонға қатыстым.

Осындай үлкен додалар арқылы өзіме

тыңнан мақсаттар қоя білдім. Алдағы уақытта

да осы бағытымнан таймайтыным анық.

- Өзің жетекшілік етіп отырған

«Жасыл ел» жастар қанатының жұмысына

аз-кем тоқталып өтсең...

- Былтыр «Жасыл ел» жасағының

жауынгерлері 5000 түп ағаш пен гүлзар

отырғызған болатын. Негізі еңбек отрядтары

тек көшеттерді отырғызумен ғана

емес, сонымен қатар ағаштарды түгендеу

және циклахенамен күрес жұмыстарын да

жүргізді. 2019 жылы отрядтарда 2 мың

адам жұмыс жасады. Облыс орталығында

көгалдандырумен және абаттандырумен

колледждердің 177 оқушысынан тұратын

10 желілік отряд айналысты. 2013-2015 жылдары

штаб шіріп кеткен ағаштарды кесіп,

оның орнына жаңаларын отырғызды. Мұқтаж

отбасыларға ағаш жеткізді. Осындай тынымсыз

еңбектің нәтижесінде 2018 жылғы

биіктігімізді сақтап, 2019 жылы да облыстық

«Жасыл ел» еңбек отряды «Еліміздегі ең

үздік штаб» деп танылды.

Осы жылы біз «Еріктілер» жасақтарына

көп көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз. Әр

жасаққа облысымыздың белгілі тұлғаларының

есімдерін бермекпіз. Бұл жастардың

Қазақ елінің өркендеп дамуына үлес қосқан

батырларымыз бен ақындарымызды тануына

зор мүмкіндік береді. Бұдан бөлек,

көмекке мұқтаж жандарға да қол ұшын

беріп, тығырықтан шығуларына бар күшімізді

саламыз. Сонымен қатар, ағымдағы жылы

көршілес Омбы қаласындағы әріптестерімізбен

бірлесіп, іс-шаралар өткіземіз деген

жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта жұмыс

аз. Тек қоңырау шалып, көмек сұраған

жандардың үйіне барып, ауласын қардан

тазалап береміз. Штаб болса керек

құжаттарды, алдағы маусымға тың жоспарларды

дайындауда. Биыл да «Үздік штаб»

атағын өзімізде алып қалуды ойлаймыз.

- Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан –

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!