22.10.2021 Views

Сарыарқа самалы, 23 қазан, сенбі

Create successful ePaper yourself

Turn your PDF publications into a flip-book with our unique Google optimized e-Paper software.

10 23 қазан, сенбі, 2021 жыл НАРЫҚ

SARYARQA SAMALY

Басы 1-бетте

1 шақырымы –

1 теңге

Бүгінде елімізде 97 мың шақырым

автомобиль жолы бар. Оның 24 888

шақырымына республикалық маңыз

берілген. Сол республикалық жолдардың

4 учаскесі, яғни 682 шақырым ақылы

болып саналады. «Нұрлы жол»

бағдарламасының аясында 2025 жылға

дейін ақылы жолдардың ұзындығын

11 мың шақырымға дейін жеткізу

жоспарланып отыр. Солардың бірі -

Нұр-Сұлтан мен Павлодардың арасы.

Бас қала мен облыс орталығын

жалғайтын жолды ақылы ету мәселесі

соңғы уақытта жиі көтеріліп жүр. Тіпті,

осы жылдың маусым айында тиісті жүйе

енгізіледі деп мәлімденген болатын.

Әйтсе де, әлдебір себептерге байланысты

бұл мерзім шегерілді. Сөйтіп,

осы жылдың 1 қарашасынан бастап

Елорда мен Павлодардың арасындағы

жолды ақылы ету ұйғарылды. Жеңіл,

жүк көліктерінің иелері екі бағытта

қатынау үшін қазынаға белгілі бір

көлемдегі қаржыны төлеуі тиіс. Атап

айтқанда, жеңіл көлік иелері әр шақырым

үшін 1 теңге береді. Жүк көліктерінің

салмағына байланысты тариф 5 теңгеден

басталып, 25 теңгеге дейін жетеді.

Айта кетелік, екі қала арасындағы

ақылы жолдың қашықтығы

375 шақырымды құрайды. Оның

184 шақырымы Ақмола облысына

тиесілі болса, 191 шақырымы – біздің

аймақтың аумағы. Бұл ретте мердігер

компания жұмысының салғырттығы

салдарынан соңына дейін қалыпқа

келтірілмеген Төртқұдық пен Шідерті

арасындағы 24 шақырым жол есепке

алынған жоқ. Демек, жүргізушілер

жөндеуі аяқталмаған бұл учаскеден

өткені үшін ақша төлемейді.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы

облыстық филиалы директорының

орынбасары Ержан Қисықов

жүргізушілерден тариф ретінде түскен

қаражаттың барлығы республикалық

маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға

жұмсалатынын айтты.

- Екі қала арасында ешқандай

шлагбауым болмайды. Жүргізушілердің

қатынауына кедергі келтірмес үшін

әрі кептеліс тудырмау мақсатында

арнайы аркалар орнатылды. Әр

бақылау аркасында бейнекамералар,

сканерлер қойылды. Олардың көмегімен

көліктердің мемлекеттік нөмірі, қозғалыс

жылдамдығы, басқа да деректер бірден

анықталады. Төлем де осы аркалар

арқылы ұсталады. Яғни, жүргізушінің

шотынан автоматты түрде алынады.

Жалпы, төлем жасаудың, шотты

толтырудың 20 түрлі әдісі бар. Мәселен,

көпшілік кеңінен қолданылатын kaspi.

kz мобильді қосымшасындағы ақылы

жолдар бөліміне өтіп, көліктің мемлекеттік

нөмірін тіркеп, шотты белгілі бір сомаға

толтыруға болады. Жүргізуші діттеген

жерге жеткен соң жүріп өткен жолы үшін

ақы бірден алынады. Сондай-ақ, ұялы

телефондарға арналған «qaj mobile»

қосымшасы дайындалды. Сол арқылы

балансты білуге, ақылы жолға қатысты

ақпараттармен танысуға да болады.

Егер тұрғынның мобильді қосымшаларды

пайдалану мүмкіндігі болмаса, Павлодар

қаласында, Шідерті кентінің маңында

орналасқан диспетчерлік қызмет

көрсету орталықтарында қолма-қол

ақшамен есеп айырысуға болады.

Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мұндай

жағдайлар жиі кездеседі. Әдетте төлем

сомасы жүргізушінің шотынан аударылып

отырады. Ал ақылы жолмен өткені үшін

түскен қаражат жолдарды күтіп-ұстау

мақсатында кәдеге жаратылады. Сол

арқылы «Жақсы жолмен жүретін адам

сол үшін ақы төлейді» деген принцип

іске асады. Ағымдық, орташа және

күрделі жөндеу жұмыстары әрі қарай

да бюджеттен қаржыландырылады, -

дейді Е.Қисықов.

Бұл ретте жол жүру төлемін

Ақылы жолдың

талабы қандай?

7 күн ішінде төлемеген жүргізушілерге

жауапкершілік қарастырылғанын атап

өту керек. Жеке тұлғалар 5, заңды

тұлғалар 10 айлық есептік көрсеткіш

көлемінде айыппұл арқалайды.

Ал облыс аумағындағы ақылы жолмен

қатынайтын кейбір жүргізушілерге

жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен,

Екібастұз қаласының тұрғындары облыс

орталығына жеңіл көлікпен жету үшін

әр шақырымға 1 теңге төлемейді. Өз

өңіріміздің аумағында тіркелген жеңіл

көлік иелері абоненттік карта алып,

оған 1000 теңге салып, сол арқылы

жыл бойы емін-еркін қатынай алады.

Тек ол үшін Халыққа қызмет көрсету

орталығынан техника құралының облыс

аумағында тіркелгенін растайтын құжат

алып, ақылы жолдарға қатысты құрылған

арнайы орталыққа ұсыну қажет.

Бірақ облыс аумағында қатынайтын,

осы өңірде тіркелген жүк көліктері

мен жолаушылар автобусы иелерінде

мұндай мүмкіндік жоқ. Мәселен,

Екібастұздан облыс орталығына көмір

тасымалдайтын жүк көліктері әр өткен

шақырымы үшін көліктің салмағына қарай

5-25 теңге аралығында ақы төлеуі тиіс.

Міндетті тариф облыстағы жүк және

жолаушылар көліктері жүргізушілеріне

салмақ салмас үшін қазіргі уақытта

құзырлы министрлік жеңілдіктер енгізу

мәселесін қарастыруда. Оларға да

абоненттік карта берілуі ықтимал.

Кімнің қалтасын

қағады?

Тарифтен түскен табыс республикалық

маңызы бар жолды күтіп-ұстауға

жұмсалатыны жақсы-ақ. Бірақ бұл ретте

екінші мәселенің ұшы шығады. Атап

айтқанда, көпшілік қалалар арасында

қатынау қымбаттайды деп қауіптенеді.

Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласына

дейін жету үшін бір адам кемінде

5-6 мың теңге төлеуі тиіс.

- Ақылы жолдар жобасына күмәнмен

қараймын. Біріншіден, жүргізушілерден

түскен ақының қандай мақсатқа, қандай

көлемде, қалай жұмсалатыны туралы

ақпаратты қарапайым халық қайдан

біле алады? Тиісті тарифті төлегенмен,

бұрынғыша жолды қар басып, көктайғақта

жұрттың тағы да әбігерге түспесіне

кім кепіл? Көпшіліктен түскен қаражат

жол жағдайын жақсартуға емес,

әлдекімдердің қалтасын қампайтуға

жұмсала ма деген күдік басым.

Екіншіден, бұл жаңашылдық такси

қызметі мен автобус билеттерінің тағы

қымбаттауына әкеп соғады. Қазірдің

өзінде бас қалаға жету бағасы арзан

емес. Тіпті, кейбір жүргізушілер жеңіл

көліктің алдыңғы орындығына отыру

үшін қосымша 1 мың теңге алады.

Яғни, алдына отырып жетуді қаласаңыз,

7 мың теңге төлеуіңіз керек. Енді

такси жүргізушілері екі ортадағы әр

шақырым үшін ақша төлейтін болса,

оның орнын біз сияқты қатардағы

жолаушылар арқылы толтырары анық.

Ал бұл өз кезегінде тұрғындардың

қалтасын қағады, - дейді Павлодар

қаласының тұрғыны Мансұр Ыбыраев.

Көлік иелері жол жүру бағасының

өсетінін жасырмайды. Данияр есімді

такси жүргізушісі қазір бір тұрғынды

Елордаға апару үшін 6 мың теңге

алады. Қарашада бағаны 500-1000

теңгеге өсірмек. Себебі жасаған әр

рейсі кезінде ақылы жолмен жүргені

үшін шамамен 400 теңге төлеуі керек.

Бұл соманы өз қалтасынан шығарғысы

келмейді. Сондықтан оның есебін жолаушылардан

алады.

«Сапаржай – Павлодар» ЖШС

директоры Павел Браславский де

Нұр-Сұлтан, Екібастұз қалаларына

дейін сатылатын автобус билеттері

бағасының өзгеретінін алға тартады.

- Әзірше тиісті органдар тарапынан

ақылы жолдың енгізілетіні туралы

ресми хат түскен жоқ. Сондықтан

билет бағасының неше теңгеге

қымбаттайтынын дөп басып айта

алмаймын. Бірақ басқа түгілі облыс

ішінде қатынауымызға қаржы төлеуіміз

тиіс болса, жолақының артатыны сөзсіз.

Білуімше, 32-ден көп орны бар автобустар

ақылы жолдың әр шақырымы

үшін 15 теңге беруі керек. Павлодар

мен Екібастұз арасы 130 шақырым

десек, бір рейс барысындағы баға

1950 теңгені құрайды. Ал Нұр-Сұлтан

қаласына дейінгі сома одан бірнеше

есеге көп болады. Сондықтан билеттің

құнын өсіруден басқа амал қалмайды.

Айталық, қазір елордаға дейін бір

адамды автобуспен апару бағасы 4500

теңге болса, ақылы жол енгізілген

соң 5 мың теңгеден асуы ықтимал.

Сондықтан жолаушылар тасымалымен

айналысатын көліктер өртке қарсы

қызмет, жол полициясы, жедел жәрдем

көліктері сияқты тарифтен босатылуы

әлдеқайда дұрыс болар еді, - дейді

П.Браславский.

Иә, тым құрығанда облыс аумағында қатынайтын көліктің

барлығына бірдей жеңілдіктер, абоненттік карталар

қарастырылса, құба-құп. Әйтпегенде, ақылы жолдың тарифі

қатардағы тұрғындардың қалтасына әсер ететін түрі бар.

Өз кезегінде жолға жауапты қызметтер бастапқы сөзінде

тұрып, әр шақырым үшін төленген ақыны мақсатты жұмсаса

игі. Бастысы, жүргізушілер мен жолаушылар ақылы жолдың

азабын тартпауы тиіс.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.

ЖАСТАР САЯСАТЫ

Әр салада павлодарлық жастардың

белсенділігі байқалады. Бұл ретте,

олардың басын бір арнаға тоғыстырып,

бағыт-бағдар көрсете білген «Jas Otan»

жастар қанаты облыстық филиалының

жұмысын атап өткен жөн.

Мүмкіндіктер

ордасы

«Halyq radiosy»-нда өткен «Халық сөзі» бағдарламасында

аталған ұйымның төрағасы Санира Жүсіпова жастардың

қатысуымен іске асып жатқан жобалармен бөлісті.

- Бүгінде облыс бойынша қатарымызда 7830 жас

бар. Қуантарлығы, жыл сайын ортамыз креативті әрі

патриотты жастармен толығуда. Еріктілердің еңбегін

ерекше бағалаған жөн. Көмекке зәру жалғызбасты

зейнеткерлерге, өзге де әлеуметтік аз қамтылған

отбасыларға әрдайым қол ұшын созуда. Бұл бағыттағы

жұмыстар тек облыс орталығында емес, барлық қалааудандарда,

ауылдық елді мекендерде жалғасын табуда.

Көбін «еріктілер жалақы ала ма?» деген сауал мазалайтыны

анық. Оларға еңбекақы қарастырылмаған. Өз

арамызда айдың үздік еріктілерін анықтап, ынталандыру

ретінде кинотеатр, бассейн сияқты демалыс орындарына

сертификат үлестіреміз. Жастар осы ортада

өздерін жан-жақты дамытуға болатынына көз жеткізіп,

әр істе белсенділік танытып келеді, - дейді С.Жүсіпова.

Жастар экологиялық акцияларға да белсенді атсалысып

келеді. Мәселен, жыл басынан бері 10 мыңнан

астам ағашты отырғызуға қатысқан. Отырғызу бір бөлек,

оны күтіп-ұстау жұмыстарынан да қалыс қалған емес.

Санира Жүсіпованың айтуынша, әр жердің топырағы

әртүрлі. Сол себепті, ағаш отырғызған кезде ағаш

жердің құнарлылығына қарай таңдалады екен. Жергілікті

экологтардың да жиі көтеріп жүрген мәселесі бұл.

«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалына күн

сайын шамамен 25-30 өтініш түседі. Әсіресе, көмек

сұраған қариялар көп. Өтініштер іріктеліп, жастар ең

әуелі маңызды деген шаруаларға жұмылдырылады.

Тіпті, кейбір жұмыстарға 20 адам тартылады екен.

Бастысы, ешқандай өтініш жерде қалмайды.

«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалына

16-29 жас аралығындағы қыз-жігіттер мүше бола алады.

Аталған ұйымда шеберлігіңді шыңдап, үлкен тәжірибе

жинақтауға мүмкіндік бар.

О.АХМАДИЯ.

БІЛІМ

Танымды да

қызықты өтті

Әбілқайыр Баймолдин атындағы

жалпы орта мектебінде мектепішілік

жоспарға сәйкес бастауыш 3-4 сыныптар

аралығында «Бастауыш - білім бастауы»

атты апталық өтті. Шара барысында

концерт ұйымдастырылып, оқушылар

өз өнерлерін ортаға салды.

Оқушылар әуелетіп ән айтты, құйқылжытып жырлар

оқыды. Апталық аясында «Туған өлкем - мақтанышым»

атты мәнерлеп оқу сайысы өтіп, оқушылар қазақ

елінің маңдайына біткен біртуар ақын-жазушыларының

туындыларын жатқа оқыды. «Болмасаң да ұқсап бақ»

дегендей, оқушылар арасында өздерінің тырнақалды

туындыларын оқыды, тұсауы кесілген өлеңдер де болды.

Қазылар шешімі бойынша Аманкелді Болашақ,

Хурметбек Ерасыл 1-орынды, Тілеубек Нұрасыл мен

Жанатқызы Нұрсәуле 2-орын иеленсе, 3-орынға

Хурметбек Айзере, Бағдәулет Қаламқас лайық деп

танылды. «Алтын ұрпақ» интеллектуалдық сайысына

қатысушылар болса үш топқа бөлініп, әртүрлі

қызықты тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің

білімдерін көрсетті. «Сиқырлы ән жұмбақ» байқауында

оқушылар «Ән жұмбақ», «Мозайка құрастыру, «Ұлттық

аспаптар», «Жұлдыздар дауысы», «Мультфильм музыкасынан

үзінді шешу», тағы басқа тапсырмаларды өте

жоғары қызығушылықпен орындады. «Funny English»

атты сайыста оқушылар 2 топқа бөлініп, өзара бақ

сынады. Олар «Кім көп біледі?», «Адасқан әріптер»,

«Сұрақ – жауап» сынды кезеңдерде өз дағдыларын

танытты. Орыс тілі пәнінен оқушылар «Шалқан»

ертегісінен көрініс көрсетті.

Апталықтың жабылу салтанатында үздік көрінген

оқушылар мақтау қағазымен марапатталып, сый ретінде

тәттілер таратылды. Аталған апталық өз мазмұны

жағынан оқушыларға қызық әрі танымды шара болды

деп сенеміз.

Жайнагүл ХОВДАБАЙ,

Әбілқайыр Баймолдин атындағы жалпы орта

мектебі бастауыш ӘБ жетекшісі,

Аққулы ауданы.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!