10.08.2019 Views

10 тамыз, 2019 жыл №90 (15410)

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

10 10 тамыз, сенбі, 2019 жыл БІРТУАР

САРЫАРҚА САМАЛЫ

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ТУҒАНЫНА - 115 ЖЫЛ

Ғалым жән е туған жер

Дала данасы Асан қайғы бабамыз Баян тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней

кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады», - деген екен. Шынымен де, сұлу табиғаты Баянауылға

көрік берген Қызылтау мен Ақбет тауы, толқыны көбік атып көпіршіген Сабынды көлі мен шыр

айналған иірімі көп Жасыбай көлі көрген жанның жанын толқытады. Онымен қатарлас жатқан

Торайғыр көлі, Біржан көлі, Тұзды көлдері мен жасыл орманды көрікті таудың бауырындағы

саялы, сәнді адырлар, қыратты жоталар көптеп кездеседі. Осы бір Сарыарқа аталатын дарқан

дала – ұлы шоғырлардың дәстүрлі елі.

«Туып, өскен Баян-аула. Оның оң жағында

тұрған Қарқаралы. Сол жағында Көкшетау,

Сілеті, Өлеңті, Шідерті өзендері. Сырты Ерейментау,

талды Ертіс. Бұл араның бәрі өзімізге

белгілі. Қаныш пен біздің бабалар XVIII

ғасырдың соңына дейін, Абылай өлгенше

Көкшетау, Торайғыр көліне дейін жайлап

жүрді», – деп жазады Әлкей Марғұлан.

Кезінде ұлы батыр бабалары Абылай хан

ту көтеріп, дабыл қақса, атақты Бұқар жырау

Қалқаманұлы бастаған даналар - исі қазақ

елінің рухын шыңдаған ел. Атақты Дулат би,

Шоң би мен Шорман би, Торайғыр бидің,

Шоқанның нағашысы, атақты Мұса Шорманов,

терең ой иесі, ақын, философ Мәшһүр Жүсіп

Көпейұлы секілді даналар елі. Бұл – Сәтбай

ауылы, Шорман ауылы. Бұл- академик Манаш

Қозыбаевтың сөзімен айтсақ, «тұнық бұлағы

бар, жайқалған құрағы бар, атамекен тұрағы

бар, жанған шырағы бар өңір». Оның ішінде

ғалымның кіндік қаны тамған Баянауыл –

ежелден оқу-білім, өнер қонған өңір. Бұл

өңірде Жүсіпбек Аймауытов, Қошмұхамет

Кемеңгеров, Сұлтанмахмұт Торайғыров,

Жаяу Мұса Байжанов, Жұмат Шанин, тағы

басқалар дүниеге келген. Әлкей Марғұлан

туған орта – осындай ұлылар өңірі. Павлодар

облысының бір ғана Баянауыл ауданынан

Қазақ КСР Ғылым академиясының көптеген

академигі мен корреспондент мүшелері

шыққан. Атап айтсақ, академиктер –

Қ.И.Сәтбаев, Ш.Ш.Шөкин, Ә.Бектұров,

Х.Жұматов, Е.Бекмаханов, т.б. Яғни, академик

Әлкей Марғұлан – тамырын тереңге тартқан

жаңа тұрпаттағы қазақ ғылымының тал

бесігінде өскен ұрпақ өкілі. Оның үстіне,

атақты қанжығалы Бөгенбай батырдың замандасы

Олжабай батырдың ұрпағы, асылдың

сынығы, тұлпардың тұяғы.

Әлкей Марғұлан - батыр бабасы Олжабай

Толыбайұлы туралы көп зерттеген және

бабасының мінезін бойына дарытқан, ел

ісі дегенде, халқының болашағы үшін адал

да батыл ғұмыр кешкен, бірақ табиғатынан

өте мейірімді, бар ғұмырын кезінде қолдан

шығарып алған халқының қымбат қазына,

мол тарихын там-тұмдап жинап, халқына

қайта сыйлаған ғұлама ғалым, ардақты

азамат.

Ғалымның археологиялық экспедициялар

кезінде жазған күнделіктерін оқи отырып, оның

ғұламалығымен қатар қарапайымдылығына,

жан дүниесінің тереңдігіне, адами қасиеттеріне,

отансүйгіштігі мен ұлтжандылығына,

қажыр-қайратына қайран қаласың. Сүйікті

Сарыарқасының тарихқа толы әр тасын,

әр төбесін, тоқсан бұлағы, өзен-көлдері

мен әрбір қыстағының тарихына үңіліп,

мақтанып, самал желіне кеудесін тосып,

жаны масайрап рақаттанады.

Баяндай жан тербетер жер бола ма?

Еліндей жарқын мінез ел бола ма?

Жас бала туысымен ойға бөгер,

Өскенде одан артық ер бола ма?

Арқаның бір еркесі сұлу Баян.

Ол таудың көркемдігі көптен аян.

Не ойшыл, нелер саңлақ түлеп ұшып,

Бауырынан осы таудың шыққаны аян, -

деп жырлайды ғалым «Тау мен дала

сырласым» атты күнделік өлеңінде.

Тұңғыш Президентіміз өзінің «Болашаққа

бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында

«Туған жер» бағдарламасын қолға алуды

ұсынғаны белгілі. Мақалада отансүйгіштік

сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен

ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған

жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатыны

баса айтылады. Туған топырақты қастерлеу,

туған елге, бабалардың тері мен қаны сіңген

туған жерге деген сүйіспеншіліктің қандай

қасиет екенін және оның адамға қандай

нәр беретінін әрбір жас ұлан академик,

ғұлама ғалым Ә.Марғұлан тұлғасынан көріп,

нағыз ұлтжандылықтың үлгісін бойына сіңірсе

болғандай.

Ғалымның соңғы жазылған күнделіктеріне

көңіл аударсақ, мысалы, 1974 жылдың

14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында Орталық

Қазақстан экспедициясы жұмыстарымен жүріп,

туған жердің әр тасы, әр үңгірі мен әрбір

қыстақ, өзен, көлдерін көзбен көріп, бабалары

өткен жолдармен табаны талғанша аралап

өтіп, фотоға, киноға түсіріпті. Сондай-ақ, көз

көрген туыс, құрбымен кездесіп, Сарыарқаның

дариядай дана қарияларын тыңдап, бала

күндерін еске алып, көп жылдар арман

болған Жасыбай көліне шомылып, жалаң

аяқ жүріп, туған жерге, туған елге деген

сағыныш мауқын басып қайтқан екен. Осы

жолы туған жері Сарыарқаға деген терең

тебіренісі мен сағынышын қағазға өлең

жолдарымен жеткізген. Бұған ғалымның

жоғарыда аталған «Тау мен дала сырласым»

атты күнделікте қалған өлең жолдары куә.

Ол 20 шілде күні Тағыбай бұлақта жұмыс

жасап жатқан Мирді ертіп (шәкірті археологғалым

Мир Қадырбаев) Жосалы совхозында

(қазіргі Ж.Аймауытов атындағы кеңшар) тұратын

Ғалымжан Ысхақұлының үйінде болып, қазақ

өрнектерінен 20 фото түсіреді. Тағыбай

бұлақ пен Жосалы арасы - 30 шақырым.

Келесі күні, яғни 21 шілдеде Жосалыдан

60 шақырым қашықтықтағы Баян қаласына

келіп, Ақылбек Қажмағамбетовтің үйінде

болып, сонан соң Қаныш Сәтбаевтың музейін

камераға түсіреді. Күннің екінші жартысында

Баяннан 50 шақырым Алексеевкаға (қазіргі

Құндыкөл кеңшары) таяу тұрған Шақпақ

деген ескі кен орнын тексереді. Кешінде

Жаңажол (қазір М.Жүсіп Көпейұлы атында)

кеңшарына келіп, бала күнінде бірге оқыған

Құрманғалидың үйінде болады. Ол кеште

Әлекеңмен бірге Сүлеймен Ерхановтың інісі

Мәжікен мен ғалымның аталарының туысқан

жерлесі, көзі ашық, көп білетін Жанайдар

болады.

«Құрманғали, Мәжікен мен Жанайдар –

үшеуі қосылып, ХХ ғасырдың тарихын шертіп,

жер-суды тереңінен ақтарып, көз алдымыздан

өткізіп отырды. Оқымаған қара қазақта бұл

күнде бұлардан артығы болмауы керек.

Үшеуінің білімі де, ойы да, толғануы да,

алысқа көз жіберуі де университет профессорларынан

бөтендігі жоқ. Жастарға білім

берудің, дұрыс тәрбиелеп өсірудің қайнар

бұлағы. Баян аула төңірегінде мұндай кісілер

бұрын көп болған. Біздің өзіміз де сондай

кемеңгер, ақылды кісілердің бауырында өсіп,

солардан тәрбие алып көтерілгенбіз», – деп

жазыпты ғалым.

22 шілдеде Ащы өзенінің оң жағасында

бұрынғы Мәлік қорасына таяу жерде орналасқан

Жаңажол совхозына келеді. Бала күндерінде

талай шарлаған бұл жерлердің жері, суы, елі

– бәрі көзге жылы көрінеді. Мәлік қорасының

үйіндісі ғана қалған. Құрманғали, Мәліктермен

аталас Баязит екеуі бұл жерлерде талай

болып, балаларымен бірге ойнаған жерлер.

Баязиттің үйінде қонып шыққан соң,

ондағы қарияларды алып, Баян тауын

аралауға шығады. Жол-жөнекей бұрын белгілі

ауылдардың қыстаулары болған Доғалақ,

Қойтас, Қызыл қоныстарын көреді. Қазір

тек қоралардың орны қалған екен.

Ғалым Сұлтанмахмұттың қабіріне

барып, Торайғыр көлін камераға түсіріп,

кейін Жасыбай көліне бет алады. Найзатас

пен Баянтаудың биік басы тұнжырап тұрғандай

көрінеді. Баянның теріскей бетіндегі ну

қарағай, зәулім қия тастар Әлекеңе бала

күннен белгілі. Көзге жылусырап, мені тағы

көр деп тұр. Олардың арасынан иіріліп

өтетін машинаның тастақ жолы мүдіртпей

тез-ақ Жасыбай көліне алып келеді.

Жасыбай көліне күндізгі сағат екілер шамасында

келеді. Көлдің көз тартар сұлулығы

әлі сол қалпында. Зәулім қия тастың ортасында

қолмен отырғызғандай, суы мөлдір,

терең, түбінде жатқан гранит тастар мүлтіксіз

көрініп тұрады. Бірақ шынының, ағаштың,

темірдің, кірпіштің сынықтарымен толып,

әбден кірлеген, бұрынғыдай мүлтіксіз таза

емес көлдің жағасы ғалымның көңілін түсіріп

тастағандай. Оны таза ұстау ешкімнің ойына

келмегені қапаландырды.

Мұндай көлдер /Рица/ Кавказда да,

Сібірде де бар. Олар мөлдір таза түрін

сол қалпында сақтаған. «Сұлу дүниені таза

қалпында ұстамасаң, оның адамға беретін

әсері де күшті болмайды ғой» деп ойлады

ғалым. Жасыбай мен Торайғыр көлдері –

Арқадағы сұлу көлдердің бірі. Оларды

жеткіншек ұрпақ сүйсінетіндей таза ұстау

зор географиялық, әлеуметтік мәні бар

істің бірі болуға тиісті.

Көптен бері Жасыбай көліне шомылмаған

еді. Оның мөлдір әдемі суына шомылып,

екі сағаттай жағасында болады. Жалаң аяқ

жүріп, тастарын басып, бала күндерін еске

түсіріп, ортасына дейін жүзіп барды. Шілде

айында оның суы жылы әрі жұмсақ болады,

денең мұздап, шіміркенуді білмейді. Судың

бетінде жата бергің келеді. Алматыдан келген

үлкен ғалымның су бетінде жатқанына биік

таста отырған жергілікті қариялар қарап,

іштерінен риза болып отырғандары байқалады.

Жасыбай көлінде бала күндеріндей емінеркін

жүзіп алып, су жағасына шығып, тағы

біраз отырды. Алда қыруар жұмыс, тағы ұзақ

жол күтіп тұрғандықтан, түс ауа Жаңажол

совхозына бет алды. Ғалымның жанында

жол көрсетіп, еріп жүрген қариялар сол

Жаңажол совхозынан болатын. Жолшыбай

Қазан ауыз, Теміртас деп аталатын ескі

қола дәуірінен белгілі кен орындарын көріп

өтіп, Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіптің белгісіне

барады. Әлекеңнің Мәшһүр Жүсіптің мазарына

да көңілі толмағаны байқалады.

«Белгі сондайлық қызықты емес, жай

балшықтан қарапайым түрде жасалған

мазар. Үстіне сағана да орнатылмаған.

Топырағы борап жатыр», – деп жазыпты

ғалым күнделігінде.

Сол күнгі кешті көпті көрген, 80-нің

сеңгіріне келген кемеңгер қарт Мәжікеннің

үйінде өткізеді. Қарт алдымен Баянауыл

Баянауыл. Ғалымның туған жері – Қарақуысқа барар жол.

төңірегінде болған игі адамдарды сөз

етіп, оның ішінде көп оқып, жұрт алдында

аты шыққан Әбікей, Кәрібай, Сәкен, Жаяу

Мұса, Сұлтанмахмұт, Шәйбай, оның әкесі

Аббас, Кәрім Сәтбаев, өз ағасы Сүлеймен

секілді кісілердің өмірбаяндарына, аталарына

тоқталады. Жақсы көретін Қанышты,

онымен бала күнін бірге өткізгенін толық

сипаттап, академикпен бірге болған күндерін

әңгімелейді. Солардың ішіндегі Әлекеңнің

көңілін елең еткізгені – Мәжікен қарттың

Қаныштың үйінде қонақта болып, Боржай сияқты

әрі шешен, әрі білгіш кісімен мәслихаттас

болғаны. Боржай ауыздыға сөз, аяқтыға

жол бермейтін Баян төңірегіндегі саңлақ

кісінің бірі болған.

Мәжікен саяси-әлеуметтік тұрмысты жақсы

болумен қатар, қазақ халқының рухани

тіршілігіне, оның өнершілдік салтына да

жетік болатын. Әңгіменің бір парасы Баянаула

жерінде болған атақты шеберлер жайында

өрбіді. Оның ішінде Күлік елінде болған атақты

ершілер, үйшілер, ағаш шеберлері туралы,

ұсталары, зергерлері туралы айтады. Ағаштан

түйін түйген қырнаушылар, темірден, алтыннан,

күмістен нақыш жасаған зергерлер тобын

көз алдынан өткізді. Олардың ішінде Бәкір,

Ақбөпе, өзінің анасы Нұрбике Барлыбай

келіні бар-тын. Бұл кісінің ойып жасаған

тұскиізі Париж көрмесінде қойылып, өнер

зерттеушілердің қаламынан түспеген.

Әлкейді бұрын көре алмай, оны сағынумен,

көзімнің тірісінде бір көрсем деп армандап

жүрген 80 жастағы Мәжікен қарт сол кеште

ғалымға қарап отырып, ХХ ғасырдың тарихынан

сыр шертеді. Жасы 70-тен асқан академик

Ә.Марғұлан да оған тесіле қарап, көзін

айырмай, кеш бойы тыңдай береді, тыңдай

береді. Келесі күні таңнан Шақпақ кенін

тексеруге барады. Бұл Алексей қыстағынан

жеті шақырым күнгей, батыста, көп бұйраттың

ішінде. Алғаш рет оны С.И.Поповтың шабарманы

Ташимов дейтін Семейдің саудагері

ашқан. Сол күнге дейін сақталып келген

40-тан аса шұңқырларды планшетке фотоға

түсіреді. Алғабас өзенін зерттеп, ондағы

мүсін тастарды суретке түсіріп, жол-жөнекей

айрықта болып, Қаныштың әкесі Имантайдың

бейітін фотоға түсірген.

Ақжарға, одан кейін Қарқаралы, Шет

ауданы жағына барып, кешінде Жосалы

фермасында түнейді. Бұл жерден тегісімен

Бабастар, алысқан Шаң тимес, Қызылтау,

Семіз бұғы көрініп тұрады. Кеш болып кеткен

соң, Сұңқар қияға соға алмай, ол жердің

тастарын көріп үлгермеген.

Келесі күні Жосалы фермасынан шығып,

ол жердегі Ащы өзенінің бойында ерте

кезде (қыпшақ заманында) қыстақ болған

қаланың орнын көруге барады. Оны ел

«Әулие бұлақ» дейді, бірақ күн тым ыстық

болғандықтан, еркін қарай алмай, кешке

қарай Бұғылы тауына жол тартады. Келесі

күні тағы ұзақ жол... Осылайша ғалым туған

жердің тау-тасын талмай аралайды.

«12 тамызда Ескене тауындағы үшінші

фермадан шыққан соң бөгелмей, асфальтпен

Қарағандыға қайттық. Жөнекей

Сейфуллин совхозына (Иманақ тауы), ондағы

Төлебай салды жақсы білетін Қадіркей

Садуақасұлымен кездесуді ойлағанмын,

қария суық тигізіп, сырқаттау деген соң

үйіне соқпай кеттік. Бұл жылғы экспедиция

жорығын осы арада бітіріп, Қарағандыда

бір күн дем алған соң, августың 14-і

күні Алматыға үйге келдім. Бұдан кейін

Сарыарқаға барам ба, жоқ па, оны ілгерідегі

өмір көрсетер», – деп күнделікті аяқтапты

ғалым.

Марван ХАМИТОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Алматы қаласы.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!