08.02.2020 Views

8 ақпан, 2020 жыл №15 (15485)

Create successful ePaper yourself

Turn your PDF publications into a flip-book with our unique Google optimized e-Paper software.

SARYARQA SAMALY

ҰЛТ САУЛЫҒЫ

8 ақпан, сенбі, 2020 жыл 9

ДЕНСАУЛЫҚ

МӘМС тиімді болса...

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа

бағасы қымбат магниттік-резонанстық томография мен

компьютерлік томографиядан тегін өтуге мүмкіндік беретінін

айтқан болатынбыз. Жұртшылықтың көпшілігі жаңа жүйені

аталмыш тексерулер үшін күтті десек қателеспейміз. Қазіргі

уақытта Павлодар облысында мемлекеттік медициналық

ұйымдарда бар-жоғы 6 құрылғы жұмыс істеуде.

Оның ішінде Екібастұз бен Ақсу

қалаларында тек бір құрылғыдан бар.

Қазіргі уақытта жергілікті халықтың

басым көпшілігі «Vesnet» медициналық

диагностикалық орталығында МРТ-дан

тегін өтуде. Жаңа онкологиялық

диспансер әлі жұмысқа кіріспегендіктен,

нысандағы заманауи құрылғылар

пайдаланылған жоқ.

Павлодар қаласының тұрғыны

Әйгерім Белгібай қалаған емдеу

мекемесінен МРТ-дан өте алмай жүргенін

айтады. Оған аталмыш құрылғының

жөндеуде жатқаны себеп екен.

- Тұрғылықты мекенжайыма байланысты

қалалық №4 емханада тіркеуде

тұрмын. Жұмысымның жүктемесі көп

болғандықтан, басым жиі ауырады.

Бұған дейін талай мәрте ем қабылдап,

ақылы негізде МРТ-дан бірнеше рет

өткен едім. Биыл да облыстық кардиология

орталығынан тексерілгім келген.

Оларға хабарласқанымда, құрылғы

жөндеуде екенін айтты. Ал мен тіркелген

емхана кардиологиядан бөлек, қалалық

№1 ауруханамен келісімшарт жасаған

екен. Бірақ мен бұған дейін тексеріліп

жүрген кардиологиялық орталықтың

мамандарына жүгінгім келеді. Құрылғы

іске қосылғанша күтетін боламын, -

дейді ол.

Жалпы, облыстық кардиология

орталығындағы МРТ құрылғысы

өткен жылдың желтоқсан айынан

бастап жөндеуде. Бағалы аппарат

2 айға жуық уақыттың ішінде іске

қосылып үлгермесе, кезек саны да

артып жатқанын аңғару қиын емес.

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген

ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары

Ләззат Ақтаева МӘМС жүйесі

аясында денсаулық сақтау саласын

қаржыландыру көлемі артқанын атап

өткен еді. Қомақты қаражат МРТ, КТ

сияқты құрылғыларды сатып алуға

жұмсалатынын айтты.

Облыс орталығындағы халықтың

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

• Жыл басынан бастап

МӘМС жүйесін түсіндіру

бойынша 1406 байланыс

орталығы жұмыс істеуде.

• МӘМС аясында келісімшарт

жасаған емханалар мен

ауру-ханалардың тізімі www.

fms.kz сайтында орналасқан.

• Сақтандыру жүйесіне

тіркеліп үлгермегендер

тіркеуде тұрған емханадағы

терминал, екінші деңгейлі

банктердің кассасы, «Kaspi.

kz» мобильді қосымшасы

арқылы 2125 теңгені төлей

алады.

көпшілігі A.S.K. MED медициналық

орталықтарынан тексеруден өтеді.

Аймақ жұртшылығы арасында кеңінен

танымал медициналық мекемедегі

қызметтің бағасы арзан деп айта

алмаймыз. «Әлеуметтік медициналық

сақтандыру қоры» Павлодар облыстық

филиалының медициналық қызметтердің

сапасын мониторингтеу бөлімінің

басшысы Алмагүл Ахметжанованың

айтуынша, өңір тұрғындары аталмыш

медициналық орталықтан тегін көмек

ала алмайды. Себебі A.S.K. MED

МӘМС жүйесі аясында емханалармен

келісімшарт жасамаған.

- «Әлеуметтік медициналық сақтандыру

қоры» келісімшарт негізінде

қажетті тексеру шарасы үшін қаражат

аударады. Аймағымызда МРТ, КТ

құрылғыларының саны аз. Бұл олқылықтың

орнын толтыру мақсатында

жекеменшік медициналық ұйымдар

МӘМС жүйесі аясында жұмыс

істеуге шақырылуда. Ал A.S.K. MED

медициналық мекемесі МӘМС жүйесі

бойынша жұмыс істеуге келісім

бермеді. Халықты ем-шаралармен

қамту мәселесі облыстық денсаулық

сақтау басқармасының құзырында, -

дейді А.Ахметжанова.

Облыстық денсаулық сақтау

басқармасы баспасөз қызметінің

мәліметінше, өңірде мемлекеттік

медициналық ұйымдарда 5 КТ және

1 МРТ құрылғысы бар. Бұл тізімге

жекеменшік емдеу мекемелеріндегі

құрылғыларды да қосса, тұрғындарда

таңдау арта түседі. Аталмыш тексерулерден

тегін өткісі келетін адам

тіркеуге алынған емхана дәрігерінен

жолдама алуы шарт. Бұл қызметті тек

сақтандырылған адам ғана пайдалана

алады. Қазіргі уақытта 5 жарым

мыңға жуық адамның мәртебесі

анықталмаған.

Ал Павлодар қаласына қарасты

Мойылды ауылының тұрғыны Бақытжан

Абаев қажетті тексеруден ақылы негізде

де өте алмай отырғанын айтады.

- Осыдан екі апта бұрын жергілікті

дәрігерлік амбулаториядағы кезекші

дәрігерге қаралған едім. Тәбетім

болмай жүргендіктен, асқазан-ішек

жолдарын УДЗ-дан өткізу үшін жолдама

сұрадым. Дәрігер аталмыш тексеруден

өткісі келетіндердің қатары көп екенін

айтып, жолдама бермеді. Тіпті, ақылы

негізде өту үшін де жолдама ала

алмадым. Өйткені кезекте тұрған адам

көп екен. Әлде МӘМС жүйесі аясында

келісімшарт жасаған емханалар тегін

өтетіндердің барлығын қабылдай алмай

ма? Тексерілуден өту үшін айлап кезек

күтсек, ауруымыз асқынып кете ме

деп қорқамын, - дейді ол.

МӘМС жүйесі аясында сақтандырылмағандар

ай сайын 2125 теңге

жарна төлеп, тегін қызмет алатынын

жазған едік. Бұл ретте емханаларда

төлемді қабылдауға арналған терминалдар

орнатылуда. Мамандардың

сөзінше, облыс орталығында мұндай

төлем құрылғылары 5 емдеу мекемесінде

ғана жұмыс істеуде. Мәртебесі

анықталмаған адамдар санының

аздығына байланысты терминалдар

барлық медициналық мекемеде орнатылмайды

екен. Демек, ағымдағы

жылдың сәуір айына дейін аймақ

жұртшылығының барлығы МӘМС

жүйесіне қосылады деп күтілуде. Адамдарды

сақтандыру жүйесіне қосамыз

деп ақы төлеуге ғана жағдай жасай

бермей, жоғарыдағы мәселелерге

көңіл бөлінсе екен дейміз.

ОЙМАҚТАЙ ОЙ

Қазіргі уақытта елімізде

баласының екпе алуына

қарсылық білдірген ата-аналарды

айыппұлмен жазалау мәселесі

қызу талқылануда. Мұндай

жаңашылдықты ҚР Денсаулық

сақтау министрлігі заң жобасына

енгізуді жоспарлауда.

Осы орайда, қоғам пікірі екіге

бөлінді. Бірі жақтаса, өзгесі

қарсылық танытуда. Осы орайда,

«Фейсбук» парақшасынан Нәзия

Жоямергенқызының ойын оқып,

оқырманға ұсынуды жөн санадық.

Бас тартуға

болмайды

Соңғы кездері кейбір адамдар көпшілікті вакцинадан

бас тартуға үгіттеп жүр. Олардың өздері,

тіпті, әке-шешелері КСРО кезінде екпені алғандардың

қатарына жатады. Әлбетте, бүгінгі вакциналардың

сапасы мен екпені егу алдында балаларды жіті

дәрігерлік тексеруден өткізу – бөлек әңгіме. Жыл

сайын вакцина сатып алу үшін 27 миллиард теңге

қаражат жұмсайтын Қазақстан сапаға қатты мән беруі

тиіс. Мысалы, балаларға БЦЖ саларда халықаралық

сапа стандарттарына сәйкес келетін еуропалық вакциналар

ғана сатып алынсын. Бұдан бөлек, Үкіметтің

арнайы заң шығарып, баласына екпе салдырмаған

ата-ананы ұл-қызы ауырып қалған жағдайда айыппұл

төлеуге мәжбүрлегісі келген әрекеті ақылға қонбайды.

Оны да құптамаймын. Бірақ екпеге мүлде қарсы

шығып, басқаларды да өздерімен бірге адастыруға

тырысқан әсіредіншілдерге ермеу керек. Екпені

алмаған баланың аса қауіпті ауруларға иммунитеті

әлсіз болады. Мысалы, былтыр Қазақстанның барлық

аймағында қызылша дерті асқынған. Ауырған балалардың

60 пайызы қызылшаға қарсы екпе салдырмағандар екен.

1960 жылы алғаш рет вакцина табылам дегенше

қызылшадан жыл сайын 2,6 миллионға жуық адам

қайтыс болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының

хабарлауынша, епкенің арқасында 2000-2017 жылдар

аралығында қызылшадан қайтыс болатындардың

саны 80 пайызға дейін азайған. Ал бір кездері

миллиондаған адамның ажалына айналған полиомиелит

бүгінде жоғалып кетті. Ол да вакцинаның

арқасында.

Өз басымнан өткен жағдайға тоқталып өтсем.

3 балама барлық екпені уақытылы әрі бірін қалдырмастан

салдырдым. Төртінші балама келгенде қатты ойландым.

Сірә, сапасыз вакциналардан кейін ел ішінде ушығып

кеткен негативті пікірлердің әсерінен болар. Қайта БЦЖ

салдырғаным дұрыс болды. Ал АКДС-ті алуды созып

жүргенде кішкентайым бір күні көкжөтел («Коклюш»)

жұқтырып алды. Бұл аурудың қауіптілігі сол, тыныс

алу жолдарына салмақ түседі. Бала жөтелгенде дем

ала алмай, тұншығып өлуі мүмкін... Абырой болғанда,

қызым 2 жаста болатын. Егер айлық болғанда...

Ойлаудың өзі қорқынышты... Кішкентайымды дәрідәрмекпен

емдедік. Теңіз ауасы жақсы деген соң,

Түркияға алып кеттік. Көкжөтелден әрең жазылды. Түн

ішінде жөтел қысып, ауа жетпей қиналғанда жанымызды

қоярға жер таппайтынбыз. Содан кейін балама

барлық екпені түгел аламын деп шештім. Кішкентайым

екеуіміз шетелдік сапарларға жиі шығамыз. Адам

шоғырланған жерлерде көп жүреміз. Аса қауіпті

вирустардан балаларды қорғаудың ең тиімді жолы -

вакцина салдыру. Ата-аналарға айтарым, адасқандарға

ермеңіздер. Барлық екпені түгел алған жөн.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

СҰРАҢЫЗ, ЖАУАП БЕРЕМІЗ!

Жадыра,

Павлодар қаласы:

- Жуырда 3 айлық қызым

екпе алған еді. Сәбиім мазасыздана

бастаған соң, ине тиген

жерге йодтан тор жасадым.

Басылмаған соң, йодтың

өзін көбірек жақтым. Енді

денесі қызарып кетті. Менің

әрекетім дұрыс болмады ма?

Оқырман сауалына Павлодар қалалық №4 емхананың

педиатр-дәрігері Нұржамал ӘУБӘКІРОВА жауап

береді:

- Қызыңыз 3 айлық болғандықтан оған көкжөтел,

дифтерия мен сіреспеге қарсы АКДС екпесі салынған

болуы керек. Қызыңызға йод жақпаңыз. Екпенің орны

өзі басылады. Жалпы, АКДС екпесі салынған кезде ине

тиген жер қызарып, ісетіні қалыпты жағдай. Оны басу

үшін йод, балаларға арналған кремдерді жағудың қажеті

жоқ. Керісінше, одан сайын өршітіп аласыз. Сондықтан

ештеңе істемей, күткен абзал.

Бетті әзірлеген - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!