20.02.2020 Views

20 ақпан, 2020 жыл №20 (15490)

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

8

20 ақпан, бейсенбі, 2020 жыл SARYARQA SAMALY

Абайдың ғылыми ойлары

Ұлы ағартушы, кемел ойшыл, жазба әдебиетін қалыптастырушы, әлемдік өркениетке ерекше

құбылыс болып еніп, қазақ поэзиясының қасиеті мен құдіретін көрсеткен ұлы ақын Абай

Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ұлықтау басталып та кетті.

Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың мақаласынан

бастау алған Абай бабамызға арналған

торқалы той қалыптасқан дәстүрде емес,

өзінің мазмұндық, құрылымдық, өнегелік

жағынан алғанда ерекше мәнге ие болып

отыр.

«Той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін»

өткеніміз бен бүгінімізді дана Абай ілімімен

салыстыра отырып, асқаралы міндеттерді

айқындап, жеткен жетістіктерімізді саралап,

өркениетті елдер қатарына жету жолындағы

игі істерімізді саралау тұрғысында өткелі

отырған мерекелік шаралар ауқымы кімді

болса да бей-жай қалдыра алмайды.

Президент мақаласы Абай мұрасын

түсінуге жол ашады. Бүгінгі даму, рухани,

саналы, сапалық өріс Абай ойымен

ұштасып тұр. Осы даналық ой ұлтымызды

жаңылдырмай, өмір сынынан мүдірмей

өткізіп келе жатыр.

Егемендігін жариялаған күннен бастап

Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті

Н.Ә.Назарбаев Абай Құнанбайұлы мұраларына

мемлекеттік саясат тұрғысынан

қарауға жаңа бағыт жасап берді. Бұған

ұлы Абайдың 150 жылдық торқалы тойын

әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО шеңберінде

өткізгенін айтсақ та жеткілікті. Сол бағытбағдарды

ел Президенті Қ.К.Тоқаев

жалғастырып әкетті.

Ғалым ретінде Президент Қ.К.Тоқаевтың

Абай ұлылығын, кемеңгерлігін, даналығын,

кемелділігін тану үшін данагөй бабамыздың

мұрасына ғылыми тұрғыда қарау керектігі

жөніндегі сындарлы ойын ерекше қабыл

алдым. Абай бабамыздың ғылым-білімге

деген көзқарасын тану үшін Абайдың

ғылыми ойларын қайта жүрек елегінен

өткіздім.

Президент Қ.К.Тоқаев: «Қазір әлем күн

сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық

салада жаңа міндеттер мен тың талаптар

қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды

алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын

кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу

үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз

етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық

тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді

талап етеді» деп жазады.

Иә, осы жолдарды оқыған соң Абай

мұраттарын түсінесіз. Хакім Абай ұлт болу

үшін ең әуелі ғылым дамуы керек деп

біледі. Сондықтан да жаңа, жас ұрпақ

ғылымының қажеттігін бүгінгі күннің даму

процестерінен ғана емес, ұлы ойшыл

бабамыздың ғылымның қадірі мен қасиеті

туралы тұжырымдарынан табады.

Абай баба ғылымның міндеттерін жіктейді,

саралайды, атап көрсетеді:

– Әуелі білмек керек;

– Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен

білмек үшін үйрену керек;

– Әрбір хақиқатқа тырысып, ыждаһатыңмен

көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма!

– Білім-ғылымды көбейтуге екі қару

бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу

(ойласу, пікір алмасу), екіншісі – берік

мұхафаза қылу (сақтау, қорғау). Бұл екі

қуатты зорайту жаһатында болу керек.

...Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

– ... уайымсыз салғырттық деген бір

нәрсе бар, зинһар (абайлау – Б.Ж.) жаным,

соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі – құданың,

екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің,

төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың,

ардың – бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде

бұлар болмайды.

– Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез

деген сауыты болады.

Иә, Абай хакімнің Отыз екінші қара

сөзінде жазылған ғылыми ғибраты ешқашан

ескірмейді, тозбайды. Ғылымға барған

адамның ар кодексі десе де болады.

Өйткені осы ойларға тереңдеп қарасаң,

ғылыми адам үшін, ол – ақиқат жолы,

білімге ұмтылу, білгеніңді қажетке жарату

жолы. Салғырттық құдай жолынан, халық

жолынан, ар жолынан тайдырады.

Бұл даналық сөз бүгінгі күнде де өз

өзектілігін жойған жоқ. Заманмен бірге

жасай беретін ілім екенін көрсетеді.

Адамдық, адалдық, қиянатқа жол бермеу,

надандықтан арылу – имандылық кілті.

Ғылым сол үшін керек. «Әуелі адамның

адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен

көрінеді». Міне, Абай айтқан өлшем осы.

Сол талап, сол ғибрат қазір де қажет.

Абай ғылымды адам қасиетінің ең

биігіне көтереді. «Ғылым – Алланың бір

сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі

де хақлық, һәм адамдық дүр» дейді ақын

Отыз сегізінші қара сөзінде.

Ғылым адамды танытады, адам ғылымды

дамытады. Осылар өз биігіне жетіп,

үндестік тапса, қоғам дамиды, ой-өріс

кеңейеді. Міне, осыдан Абай ғылымның

үздіксіз даму процесінде болатынын, оның

диалектикасының бірлесе дамитынын

көрсетеді. Сондықтан да Абайды тану –

қоғамды тану, болашақты бағдарлау. Ол –

өмір заңы, адамзаттың өркениет жолы.

«Ғылым-құдірет» деп бағалайды ұлы Абай.

Ғылымның дамуы адамзатты жеті қат

аспанға шығарды, медицина дамыды,

алысты жақындатты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев

жазғандай, «Заманалар ауысып, дүние

дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға

көңілі айнымайды».

Абай бабамыз «машина, фабрика адам

баласының рақаты, пайдасы үшін жасалса»

деп ғылымның күнделікті орнын биік қояды.

Ал тереңірек үңілсек, қоғамның қозғаушы

күші – ғылымда. Ғалымның қоғамдағы, өмірдегі

орнына Абай хакім жоғары баға береді.

Мына сөздерге назар аударып көрелікші.

Бұл Абайдың атақты Отыз сегізінші сөзі.

«Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім –

ғалым». Абай қоғамдық болмыстың кілтін

дәл табады. Ғалым – ғылымның адамы,

ол өз ой толғамын жаңалыққа, ізденіске

жұмсауы керек. Ал хакім ұйымдастырушы,

ол ғылымды дамытатын жолды табады.

Бүгінгі тілмен айтсақ қаржыландыру және

тиімділігін арттыру мәселесін шешуі керек.

Абай ғылымның тазалығы үшін күреседі.

Сол феодалдық-патриархалдық қоғамда

өмір сүрсе де, ол өз ұлтының болашағына

сенеді. Ғылым мал табу құралы емес, мал

ғылымды дамыту үшін қажет. Бұдан тағы

да өмір диалектикасын көреміз. Ғылым

жолымен, иман жолымен жүрген адамдар

ғана «толық мұсылман, толық адам» бола

алады. Бұдан Абай ілімінің ішкі бірлігі

мен рухани-мәдени күш-қуатын көреміз.

Ақын ғылым, білім, тазалық, имандылық,

шыншылдық, ақиқатшыл адамдар ғана

«толық адам» болса, қоғамның, заманның

қозғаушы күші болатынын айтады.

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз

ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге

қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек,

Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз

керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге

қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін

аса пайдалы. Өз заманының ғана емес,

қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан

Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы»,

деп ақынның тарихтағы, ұлт руханиятындағы

орнына жоғары баға береді.

Абай тойы – халық тойы. Халық тойы –

Абай тойы. Абай туған Семей өңірі тарихирухани

орталық болып қалыптаспақ. Жидебай

абаттандырылып, Құнанбай Өскенбайұлының

қорымы жаңартылады. Бұл қасиетті мекен

ұлт тәу ететін, ішкі және сыртқы туризм

жолы түйісетін құт мекен болмақ. Бұдан

да басқа кешенді шаралар қолға алынбақ.

Қазақстан сахналарында Абай туралы

пьесалар қойылып, Абай әндері асқақтата

шырқалады. «Абай» телесериалы түсіріліп,

халықаралық, республикалық деңгейдегі

сайыстар өтпек. Мұның бәрі Абай мұрасын

насихаттай отырып, ұлттың рухани өсуін

көрсететін болады. Абай поэзиясы әлемнің

сан тіліне аударылады. Міне, мұның бәрі

жаңа заман рухымен жүзеге асырылып,

ұл-қыздарымызды отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Ұлы Абай бабамыз армандаған ғылым

егемен ел, тәуелсіз мемлекет болған

тұста түбегейлі орнықты. «Ғылым туралы»

заң қабылданып, ғылыми ой-жүйе жаңа

серпін алды. Біріншіден, ғалымдардың

шығармашылық ізденістері күрт өсті,

ғылыми жобалар мен бағдарламаларды

қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешіліп

жатыр. Екіншіден, ғалымдардың әкімшілік,

бюрократтық құрылымдарға тәуелділігі

жойылды. Бұл ғылымды дамытудағы жаңа

бағыт болды. Аталған ғылыми жүйені реформалау

тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың

қолдауымен және басшылығымен жүзеге

асырылды.

Қазақстан Республикасының Президенті

Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында

«Ғылым саласындағы ахуал ерекше

назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз

еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз»,

деді. Енді Абай туралы мақаласында Ұлы

Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап

қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін

осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп ғылым

алдындағы жауапкершілік пен мақсатты

Абай ілімінен таратып, жаңа міндеттер

қойып отыр.

Ғылымы дамыған ел болуды армандаған

хакім Абай мұраттары ойдағыдай жүзеге

асуда. Қазір Қазақстанда ғылым мен инновацияны,

ғылым мен өндірісті жақындату,

оны коммерцияландыру тұрғысында дамыту

да қолға алынды. Бұл – Абай ілімінің

уақыт сынынан өтіп, мемлекеттік саясаттың

тірегіне айналып отырғанының белгісі.

Президент Қ.К.Тоқаевтың мақаласы

практикалық мәнімен құнды. Сондықтан

да Қазақстан Республикасының Үкіметі

мақалада айтылған тұжырымдар, міндеттер

мен мақсаттарды үйлестіре отырып

мемлекеттік бағдарлама құрса дұрыс болар

еді. Мақала Қазақстан қоғамының болашақ

жолын көрсеткен идеясымен ерекшеленеді.

Президент мақалада айтқан көптеген

тұжырым гуманитарлық, фундаментальды

ғылымның таяу жылдардағы мемлекеттің

бағдарламалары мен ғылыми жобаларына

арқау болатыны сөзсіз. Сонда

мемлекеттік органдар, ғылыми-мәдени,

қоғамтану институттары Президент, Елбасы

айтқан ой-тұжырымдарды Абай ілімімен

бірлестікте қарастыра алады. Осылай біз

Абай мұрасын тани отырып, өз-өзімізді

танимыз.

Абайдың ғылыми ойлары ескірмейді,

жасай береді.

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

сенатор, ҰҒА академигі, Абай

Құнанбайұлының 175 жылдық

мерейтойын дайындау және

өткізу жөніндегі мемлекеттік

комиссия мүшесі.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!