07.05.2021 Views

Сарыарқа самалы, 8 мамыр, сенбі

Create successful ePaper yourself

Turn your PDF publications into a flip-book with our unique Google optimized e-Paper software.

SARYARQA SAMALY

МӘСЕЛЕ 8 мамыр, сенбі, 2021 жыл 5

ОНЛАЙН ЖЕЛІ

Ауылдың мұңы – ауызсу

Тұрғындарды таза ауызсумен қамту – күн тәртібінде тұрған стратегиялық

мәселелердің бірі. Бұл тұрғыдан алғанда Павлодар облысы бірнеше жыл бойы

ауылдықтарды ауызсумен қамту көрсеткіші бойынша көш соңында келген еді.

Тек соңғы бір-екі жыл дересінде ауқымды жобаларды қолға алып, республикалық

рейтингте бірнеше саты жоғары көтерілді. Десе де, елді мекендерге тіршілік нәрін

тартуда әлі де күрмеулі мәселелер бар. Тұрғындарды алаңдатқан сауалдар да көп.

Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің редакциясы ауылдағы ағайынды сапалы

ауызсумен қамту мәселесін онлайн желі барысында қаузауды жөн көріп, облыстық

жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының

бас маманы Әлібек Қаленовті эфирге шақырды.

Тілші сауалы:

- Алдымен, биыл облыстың

қанша ауыл тұрғыны сапалы

ауызсуға қол жеткізетініне

тоқталып өтсеңіз...

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Осы жылы аймағымыздың 10

ауданының барлығында сумен қамтуға

қатысты жұмыстар қолға алынбақ.

Атап айтқанда, 32 елді мекенде су

желісін жүргізу басталады. Оның

ішінде 28 жоба биыл аяқталып, жыл

соңына дейін іске қосылады. Қалған

төрт жоба ауқымды болғандықтан,

келесі жылы пайдалануға беріледі.

Соның нәтижесінде сумен жабдықтау

көрсеткішін 88,4 пайыздан 92

пайызға дейін жеткізу жоспарда

бар. Яғни, облыстың 200-ден астам

ауылында орталықтандырылған

су құбыры болады. Жалпы, 2023

жылдың соңына дейін сумен қамту

көрсеткішін 100 пайызға жеткізу

көзделген. Осы мақсатта арнайы

жоспар да құрылды.

Айман, Ақтоғай ауданы:

- Орталықтандырылған су

құбырын тарту үшін қандай

талаптар қойылып, нендей

жұмыстар атқарылады? Яғни,

желілер жүргізілетін елді

мекендерді іріктеудің қандай

да бір тәртібі бар ма?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Орталықтандырылған су

құбырын тарту үшін ауылдағы

тұрғындардың саны 200-ден көп

болуы тиіс. Бұл – басты талап.

Көпшілік орталық желі қажет екенін

білдіріп, жергілікті әкімдікке өтініш

беруі тиіс. Тұрғындардың тілегі

жан-жақты сараланып, қажет болған

жағдайда су қорын анықтау, іздестірубарлау

жұмыстары жүргізіледі.

Бұл шамамен екі жыл уақытты

алады. Ауылға жақын аумақта

талаптарға сай келетін тіршілік

нәрінің көзі болса, жобалықсметалық

құжаттама әзірленеді.

Кейін республикалық, жергілікті

бюджеттен қаржы қарастырылып,

тиісті жұмыстар басталады. Өтініш

берген уақыттан бастап үйлер

орталық желіге қосылғанға дейін

3-4 жыл өтеді.

Тілші сауалы:

- Жасыратыны жоқ, кейде

жобалау кезінде қателіктер

кетіп, бірнеше көше орталық

желіден жырақ қалып жатады.

Мұндай жағдайда қандай шаралар

қолданылады?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Өкінішке қарай, мұндай

жайттардың кездесетіні рас.

Мәселен, өткен жылы Баянауыл

ауданындағы Қызылшілік, Лекер,

Сұлужон, Майкөбе ауылдарында

құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында

жобада қателіктердің бары

анықталып, үйлерге су тарту ісі биылға

шегерілді. Атап айтқанда, жобада

ауданның тасты аумақта орналасқаны

ескерілмеген. Баянауыл ауданы

мен мердігер компания соттасып,

құрылысқа жауапты кәсіпорын

айыппұл арқалады. Қателікке

бой алдырған аудандық әкімдік

қызметкерлері де жауапкершілікке

тартылды. Осы іспетті олқылықтар

қайталанбас үшін аудан

әкімдігі жұмыс барысын қатаң

қадағалауы тиіс. Мердігер ісіне

немқұрайлы қараса, келісімшарт

бұзылады.

Атшыбай МАНАЙ, Еңбек

ауылы, Ақсу қаласы:

- Біздің ауылда су құбырын

тарту жұмыстары басталғалы үш

жыл болды. Бірақ әлі күнге дейін

таза ауызсуға қол жеткізе алмай

келеміз. Ауылдағы құдықтың суы

ішпек түгілі шаруашылыққа пайдалануға

жарамайды. Жергілікті

әкімдік «әне бітіреміз, міне

бітіреміз» деумен шектеліп отыр.

Іс жүзінде ешқандай жұмыс

атқарылып жатқан жоқ. Енді бұл

мәселе қашан шешіледі?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Ауылдағы ағайынды алаңдатқан

бұл мәселені жақсы білеміз. Шынымен,

Еңбекте су тарту жұмыстары

2018 жылы басталып, 2019 жылы

аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер

өзіне жүктелген міндетті дұрыс

атқармай, бірнеше рет мерзімді

кейінге шегеріп, мәселе сотқа

дейін жетті. 2021 жылы желілерді

жүргізу басқа мердігерге жүктелді.

Бүгінде негізгі жұмыстардың барлығы

аяқталды. Десе де, қыста жүргізілген

сынақ кезінде құбырдың бірнеше

учаскесі жарылып, қиындықтар

туындады. Аязды күндері жөндеуге

мүмкіндік болмады. Мердігер бұл

істі жақын күндері қолға алып,

осы жылдың жазында құбырлар

қолданысқа тапсырылуы тиіс.

Маржан, Шарбақты ауданы:

- Су желілері жүргізілген

ауылдардың жолдары ойлышұңқыр.

Кейде шұңқырлар ашық

күйі қалып жатады. Қазылған

жерлерді қайта қалпына келтіруге

кім жауапты?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Су құбырларын тартқан

мердігер компания жол жабындысын

реттеуге міндетті. Қайтадан асфальт

жабындысын төсеу, шұңқырларды

тегістеу – оларға жүктелген жұмыс.

Мердігерлердің жауапкершіліктен

жалтармауын жергілікті әкімдік

бақылауға алуы керек.

Тілші сауалы:

- Орталықтандырылған су

құбырының тартылып, сумен

жабдықтау көрсеткішінің артқаны

жақсы-ақ. Әйтсе де, кей кездері

санға көп мән беріліп, сапа ұмыт

қалатын сияқты. Олай дейтініміз –

тұрғындар тарапынан судың

дәмі, түсіне қатысты шағым

көп. Барлау нәтижесі бойынша

«пайдалануға жарамды» деген

қорытынды берілгенімен, желі

жүргізілген соң суды ішу мүмкін

емес. Бұған не себеп?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Оның бірнеше себебі болуы

мүмкін. Мәселен, орталық желіге

қосылған үйлер, әлеуметтік, бизнес

нысандары аз болғандықтан, су

тұрып қалады. Соның салдарынан

сапасы нашарлайды. Сол сияқты

сорғы станциясындағы сүзгілер

істен шығуы мүмкін. Бұл ретте

әр жағдайдың себебін жекелей

қарау қажет. Жалпы, орталық су

құбыры тартылған соң санитарлықэпидемиологиялық

бақылау органы

әр тоқсан сайын судың сынамасын

алып, сапасын тиісті талдамалардан

өткізеді. Егер қандай да бір көрсеткіш

талапқа сай болмаса, су желісінің

жұмысын реттеуге жауапты мекемелер

жауапқа тартылады.

Тілші сауалы:

- Осы орайда «Қай ауданқалада

су желілеріне жауапты

коммуналдық мекеме жоқ?»

деген сауал туындайды...

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Әзірше Екібастұз қаласына

қарасты ауылдық аймақтардағы

сумен қамту мәселесін реттеп,

бақылауға жауапты кәсіпорын

табылмай тұр. Бірнеше рет

мемлекеттік конкурс жарияланса

да, сенімді басқаруға алуға ниетті

ұйым кездескен жоқ. Сондықтан

судың сапасына, берілуіне қатысты

сауалдар туындаса, тұрғындар

ауылдық әкімдікке хабарласуы

керек. Су станцияларының барлығы

ауылдық округтер әкімдіктерінің

балансына тіркелді.

Марал, Павлодар ауданы:

- Әйтім ауылында орталықтандырылған

су жүйесі қашан

тартылады?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Әйтім ауылында су құбырын

тартуға қатысты жобалық-сметалық

құжаттама дайын. Жобаның жалпы

құны – 369 млн теңге. Келесі жылы

республикалық бюджеттен бұл сома

бөлінсе, тиісті жұмыстар басталады.

Амантай, Павлодар ауданы:

- Былтыр қарашада Заря

ауылында орталық су желісі пайдалануға

берілді. Бірақ қаңтарда

құбырлардағы су қатып қалды.

Биыл бұл жағдай тағы қайталана

ма деп қорқамыз. Осы мәселенің

шешімі бар ма?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Заряда су қатып қалуының

басты себебі – түтынушылардың аз

болуы. Мұндай жағдай қайталанбас

үшін үйлер орталықтандырылған

желіге қосылуы қажет. Бұл ретте

атап өтер тағы бір жайт – кейде

тұрғындар құдықтан үйге дейін

жүргізілетін құбырларға қажет

шұңқырларды өздері қазып, технологияны

сақтамайды. Қыста су қатып

қалмас үшін құбырлар кем дегенде

үш метр тереңдікте болуы керек.

Ал кейбір тұтынушылар өздері-ақ

аса терең қазбайды да, соның

салдарынан аязды күндері сусыз

қалады.

Сапар, Баянауыл ауданы:

- Осыдан шамамен 10 жыл

Коллажды жасаған - М.Мұстафина.

бұрын Баянауыл ауданындағы

Жұмат Шанин ауылында орталық

су құбыры тартылып, екі жылға

жетпей істен шығып қалды. Енді

сол желі қайта жөнделеді деп

естідік. Бұл жұмыс қашан қолға

алынады?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Орталық желінің бірнеше жыл

бұрын істен шыққаны рас. Оны

қайта қалпына келтіру мақсатында

биыл тиісті жоба әзірленіп, қаражат

бөлініп, мердігер ұйым анықталды.

Бұл ауыл тұрғындары келесі жылы

сапалы ауызсуды пайдалана алады.

Тілші сауалы:

- Баянауыл ауданы демекші,

өткен жылы аудан орталығында су

құбырын жүргізу кезінде 100-ден

астам үй жобаға ілікпей қалған

еді. Аталмыш мәселе қалай

шешілуде? Тұрғындар көршілері

сияқты орталық желінің игілігін

қашан көреді?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Жобаға енбей қалған

134 үйге жаңа желі тартуға қатысты

жоба осы жылдың сәуір айында

мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң

қорытынды алды. Биыл облыстық

бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер

ұйымды анықтау бойынша үрдістер

басталды.

Самал, Тереңкөл ауданы:

- Биыл қыста Песчан ауылында

құдықтар қатып қалып, бірнеше

үйдің тұрғындары өзеннен су

тасуға мәжбүр болды. Биыл

осындай жайт тағы орын алмас

үшін қандай шаралар жүргізіліп

жатыр?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Песчан ауылындағы орталық

су құбыры өткен ғасырдың 80-інші

жылдары тартылған болатын. Сол

уақыттан бері әбден тозығы жетіп,

істен шықты. Сондықтан биыл қайта

жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Яғни,

құбырлар толығымен жаңартылады.

Аудан әкімдігі жобалық-сметалық

құжаттама әзірлеуде.

Тілші сауалы:

- Білуімізше, облыста тасымалданатын

суды пайдаланатын

ауылдар әлі де бар. Бұл елді

мекендерді сапалы ауызсумен

қамту мәселесі қалай шешіледі?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- Баянауыл ауданындағы Шөптікөл

және Майкөбе ауылдарының

тұрғындары тасымалданатын

суды тұтынады. Атап айтқанда,

10 шақырым жердегі ұңғымадан

күн сайын арнайы техникамен

су жеткізіледі. Былтыр Майкөбе

ауылында орталықтандырылған су

құбырын тарту басталған болатын. Бұл

бағыттағы жұмыстар биыл аяқталады.

Шөптікөл ауылына қатысты жобалықсметалық

құжаттама дайын. 2022-

2024 жылдарға арналған бюджеттік

өтінім тізіміне қосылады. Қаражат

бөлінген соң құрылыс жұмыстары

қолға алынады.

Тілші сауалы:

- 200-ден көп тұрғыны бар

ауылдарда орталықтандырылған

су жүйесін тарту мүмкіндігі бар.

Ал одан аз тұрғыны бар елді

мекендер қайтпек?

Әлібек ҚАЛЕНОВ:

- 200-ден аз тұрғыны бар ауылдарда

кешенді блок-модульдер

қойылады. Былтыр 35 ауылда

осындай кешен орнатылса, биыл

32 елді мекенге жеткізіледі.

Ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамтуға

қатысты тұрғындардың көкейінде сұрақ көп. Бұл тікелей

эфир барысында анық байқалды. Әсіресе, Ақсу қаласының

Еңбек ауылының тұрғындары орталықтандырылған

су жүйесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, істің

сиырқұйымшақтанып кеткеніне налыды. Бұл мәселені

шаһар басшылығы назарға алып, ауылдағы ағайынның

талап-тілегін ескерер деген ойдамыз. Онлайн желі барысында

қойылған сұрақтар, көтерілген мәселелер редакцияның

да бақылауында болмақ.

Онлайн желіні жүргізген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!