12.06.2021 Views

Сарыарқа самалы, 12 маусым, сенбі

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

8 12 маусым, сенбі, 2021 жыл ИМАНДЫЛЫҚ

SARYARQA SAMALY

ТӘРТІП

Зират және зиярат

мәдениеті

ДІНИ БІЛІМ

«Балаңызды

медресеге беріңіз»

Алла тағала тіршілік атаулы арасында адам баласын ардақты етіп, ең

көркем бейнеде жаратқан. Бұл туралы Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті

Құранда былайша баяндайды: «Біз, расында да, адам баласын ардақты етіп,

көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер

нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ

оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем еттік» («Исра»

сүресі, 70-аят).

Зират көтеру

әдебі

Келесі аяттың бірінде: «Расында

адамзатты ең көркем бейнеде

жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят)

делінген.

Біз бұл аяттардан Алла

тағаланың күллі жаратылыстар

ішінен адам баласын ерекше

махаббатпен, ең көркем бейнеде

жаратқанын анық аңғарамыз.

Жоғарыда келтірілген аяттарға

тәпсір жазған Ислам ғұламалары:

«Алла тағаланың ең көркем

бейнеде жаратқан болмысы –

адам» деген пікір айтқан.

Жер бетіндегі кез келген

жұмыр басты пенде қандай

ардақты болса, өмірден қайтқан

жандар да сондай қадірлі. Демек,

адам тәні көмілген зираттарды

құрметтеу, таза ұстау, қорғау,

бүлінген жерін түзету, сонымен

қатар қабірді зиярат ету кезінде

бірқатар мұсылмандық әдептерді

ұстану – сіз бен біздің адамдық

борышымыз екені даусыз.

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасы имамдардың

республикалық ІV форумында

қабірлерді тұрғызудың және

оны зиярат етудің халыққа ортақ

әдебін қалыптастыру мақсатында

«Зират және зиярат мәдениеті»

құжатын қабылдады. Бұл құжатты

қабылдаудағы басты себеп – соңғы

кездері кейбір аймақтарда орындалып

жатқан діни рәсімдердің

шариғат талаптарына сәйкес

келмейтін өзгерістерге ұшырауы.

Атап айтқанда, соңғы уақыттарда

қабір басына құлпытас ретінде

үлкен ескерткіштер мен зәулім

қоршаулар орнатылуда. Қабірге

үлкен кесене тұрғызу, қорған

орнату сынды мазаратқа қатысты

мәселелерде шариғат талаптарына

қайшы, ата-баба дәстүріне де

жат, бүгінгі өркениетке де сәйкес

келмейтін әрекеттер көрініс табуда.

Мұндай келеңсіз жағдайлар ел

арасында түсінбеушілік тудырып

жатқаны белгілі... «Зират және

зиярат мәдениеті» құжатын діни

рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын

тәртіпке келтіріп, зират

тұрғызу мен зиярат жасаудың,

кесене салудың жалпыға ортақ

бірыңғай мәдениетін қалыптастыру

және соны еліміздің барлық

өңірлерінде қолдану мақсатында

қабылдадық.

Асылында зират – барша

адамзаттың Жаратушы алдында

тең екенін, имандылық, тақуалық

секілді ізгі қасиеттермен ғана

биік тұратынын көрсететін ғибрат

мекені. Адам баласының Алла

құзырында тең екені қасиетті

Құран аяттары мен ардақты

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің

(оған Алланың салауаты мен

сәлемі болсын) хадистерінде ашық

айтылған. Зираттарға құлпытас қою

кезінде теңдік ұстанымын қатаң

сақтауымыз керек. Бір марқұмның

қабір басына мәрмар тастан зәулім

сарай тұрғызу, екінші қабір басына

биік ескерткіш немесе кеуде-мүсін

соғу, ал үшіншісіне қарапайым

құлпытас қою шариғаттың теңдік

қағидаттарына қайшы келеді.

Бұл ретте шариғатымыз зираттарды

сәндеуді, үлкен ескерткіштер

орнатуды талап етпейтінін тағы да

баса айтып кеткім келеді. Керісінше,

қорымға қойылатын құлпытастарды

бір-бірінен асып түсетіндей етіп

әсіре сәндеу және осы мақсатта

мол шығын жұмсау шариғатқа

қайшы іс болып саналады. Бұл –

ысырапшылдық. Мұндай істі

шариғатымыз құптамайды. Асыл

дініміз ысырапшылдыққа тыйым

салады.

Осы ретте мұсылман қауымын

қымбат құлпытастар мен зәулім

ескерткіштерге кететін қаражатты

жетім мен жесірге, қараусыз

қалған қарттарға, көмекке мұқтаж

отбасыларға, ағайын мен туысқа,

үйсіз-күйсіз жүрген жандарға

беруге шақырамын. Марқұмға

пайда бермейтін сәнді қоршаулар

мен мүсін кеуделерге кететін

шығынды мұқтаж адамдарға

жұмсау әлдеқайда сауапты іс

екенін естен шығармағанымыз

жөн.

Сонымен қатар құлпытас

құрылысына жұмсалатын ақшаны

білім ошақтарын тұрғызуға, пайдалы

кітаптар мен оқулықтар шығаруға,

ел игілігі үшін жол мен көпір,

мектеп пен балабақша, мешіт пен

медресе салуға берген әлдеқайда

сауапты әрі пайдалы іс болар еді.

Зират көтерудің негізгі мақсаты

қайтыс болған марқұмның есімі

мен жатқан жерін белгілеу екенін

ұмытпаған абзал.

Ал халыққа еңбегі сіңген,

қазақ топырағына Ислам дінін

таратқан, осы өмірде көпшілікке

құлшылығы мен тіршілігі үлгі болған

ғалым-ғұламаларымызға, әулиеабыздарымызға,

әділ билік еткен

хандарымызға, халықтың ертеңі

үшін шыбын жанын қиып, шейіт

болған батырларымызға кесене

тұрғызудың жөні бөлек...

Зиярат жасау

әдебі

Асыл дініміз Исламда қабірді

зиярат жасау сауапты амалдың

бірі саналады. Қазақ даласында

халқымыздың құрметіне

ие болған көптеген абыздар мен

әулиелер, данагөй тұлғалар мен

ғалым-ғұламалар өткен. Олардың

қатарында Арыстан баб, Ибраһим

ата, Қожа Ахмет Ясауи, Әнет пен

Әлмерек абыздарымыз, Бекет, Есет

аталарымыз, Мәшһүр Жүсіп, Абай,

Шәкәрімдер бар. Бұл тізімді ары

қарай жалғастыра беруге болады.

Бұл есімдер халқымызға кеңінен

мәлім. Бүгінде осы тұлғаларымызға

кесене тұрғызылып, зиярат жасауға

барынша жағдай жасалған. Кесенеге

барған адамдар аруаққа

Құран оқып, дұға жасайды. Алайда

осыған қатысты ел арасында

дініміз бен дәстүрімізге қайшы

келетін келеңсіз жағдайлар жиі

орын алып жатқаны да мәлім. Осы

ретте барша мұсылман қауымын

қабір басын немесе кесене ішін

мешітке айналдырмауға, қабір

иелеріне табынбауға, қабір

басында әзіл әңгімелер мен

әдепсіз әрекеттер жасамауға

шақырамын. Керісінше, кесенеге

дәретпен барып, пайдасыз әрі бос

сөздерден арылып, марқұмдарға

Құран бағыштағанда аятты сауатты

оқып, дұрыс дұға жасасақ, бұл

ісіміз әлдеқайда пайдалы һәм

сауапты іс болады.

Біз еліміздің әр өңіріндегі

зират көтерудің, қабірге зиярат

жасау мен аруақ құрметтеудің

әркелкі салт-жоралғыларының

көрініс тапқанын ескеріп, зират

пен зиярат мәдениетінің баршаға

ортақ үлгісін барлық аймақта

қалыптастыру мақсатында Қазақстан

мұсылмандары діни басқармасы

жанынан халыққа дінисалттық

қызмет көрсететін

«Қамқор-шарапат» орталығын ашу

туралы шешім қабылдадық. Бүгінде

аталған орталықтың әр облыста өз

өкілдігі ашылып, халыққа қызмет

көрсете бастады. Мақсатымыз –

елімізде зират көтеру, жерлеу,

қабірді зиярат ету сынды діни

рәсімдерді бір жүйеге келтіру,

бұл мәселе бойынша халық

арасында түсінбеушілік жағдайды

болдырмау. Осы ретте дініміз бен

дәстүріміздің барша жанашырларын

осынау игі ісіміз бен ізгі

бастамамызға қолдау білдіріп,

үлес қосуға үндеймін. Бірлігімізді

білдіріп, татулығымызды танытайық,

ағайын!

Алла тағала діни тұтастығымызды

нығайтып, халқымыздың ынтымағын

арттырғай. Әмин!

Наурызбай қажы

ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы,

Бас мүфти.

Елімізде исламтану бағыты бойынша ұстаздар мен

имамдарды дайындайтын 9 медресе-колледжі

бар. Соның бірі – біздің өңірде. Павлодар ауылында

орналасқан «Әбу-Бәкір Сыддық» медресе-колледжі

жаңа оқу жылына орай құжаттарды қабылдауды

бастап кетті. Жалпы, аймағымыздағы жалғыз діни

оқу орынға түсудің шарттары қандай? Осы тақырып

төңірегінде медресе директоры Нұрсейіт Омаровпен

әңгімелескен едік.

- Нұрсейіт Әбдімүталиұлы,

«Әбу Бәкір Сыддық» медресеколледжі

ашылған жылдан бері

қанша түлек бітіріп шықты?

- Біздің оқу орын 2008 жылы

Қазақстан Мұсылмандары діни

басқармасының (ҚМДБ) қолдауымен

медресе болып ашылған болатын.

Сол уақыттан бастап биылғы жылға

дейін 200-ге жуық түлек оқу бітіріп,

исламтану мамандығын иеленіп

шықты. Өткен жылы медресеколледжі

мәртебесін алдық. Яғни,

колледж дәрежесін алу арқылы

диплом алған түлектеріміздің

мүмкіндігін одан ары кеңейте

түстік.

- Осы күнге дейін бітірген

түлектердің дені қандай мекемелерде

қызмет істеп жүр?

- Біздің түлектеріміз ҚМДБ-на

қарасты мешіттерде имам, ұстаз,

азаншы, медреселерде ұстаз

қызметін атқаруда. Сонымен

қатар, әртүрлі діни орталықтары

мен оңалту орталықтарында

дінтанушы, теолог қызметін істеуге

болады. Бірқатар түлегіміз Алматы

қаласындағы Нұр-Мүбәрак ислам

университетіне және Түркияның

«Хасеки» академиясы мен Мысыр

еліндегі «Әл-Азһар» университетіне

оқуға түсіп, білімдерін тереңдетіп

жатыр. Барлығы - ҚМДБ-мен екі

жақты келісімшартқа жасалған,

яғни, діни білім алуға рұқсат

етілген оқу орындар.

- Алдағы жаңа оқу жылында

қанша шәкірт қабылдамақ

ойларыңыз бар және талапкерлер

қашаннан бастап

тіркелуі керек?

- Бұған дейін әр жыл сайын

20 шәкірттен қабылдайтын едік

Биыл дін саласын таңдайтын

талапкерлерге молырақ мүмкіндік

бермекпіз. Яғни, 30 балаға дейін

аламыз. Құжаттарды шілде айының

1-нен бастап, тамыз айының

15-іне дейін қабылдаймыз. Біздің

медресені таңдаған түлек мынадай

құжаттарды алдын ала әзірлей

беруі керек: өзінің өмірбаяны, орта

мектепті бітіргені жөніндегі аттестаты

немесе дипломы (тұпнұсқа),

3*4 көлеміндегі 6 фотосуреті,

086-У үлгісіндегі медициналық

анықтама, 063 үлгідегі егу туралы

анықтама, жеке куәлік көшірмесі,

сотталмағандығы туралы анықтама,

тұрғылықты жерін растайтын

анықтама, әскери билет немесе

әскерге шақырту туралы анықтама.

Сонымен қатар, жергілікті мешіт

имамының берген мінездемесі

мен ұсынысы керек. Ал емтихандар

тамыз айының 20-нан

кейін басталады. Былтыр елдегі

эпидемиологиялық ахуалға байланысты

қабылдау сынағы онлайн

форматта, яғни, ZOOM платформасы

арқылы өткен болатын. Мұның

тиімділігі де бар екен. Әсіресе,

басқа облыстарда тұратын балалар

үшін ыңғайлы. Олар ат арытып

мұнда келмей-ақ, өз тұрғылықты

жерлерінен қатысуға мүмкіндік алды.

Осы үрдісті биыл да сақтаймыз

деп отырмыз. Яғни, қабылдау

емтиханы онлайн форматта өтуі

мүмкін.

- Оқу орнының талапкерге

сапалы білім беру мүмкіндігі

қандай деңгейде?

- Мекеме базасы қажетті

материалдық-техникалық құрылғылармен

толықтырылған. Яғни, заманауи

үлгіде жабдықталған оқу

аудиториялары, компьютер сыныбы,

кітапханасы бар. Сонымен қатар,

жақында жеке спорт залы ашылып,

балалардың игілігіне берілді. Біз

бұрынғы заман секілді ешкімді

мәжбүрлеп оқытпаймыз. Әркім

өзінің қалауы бойынша білім алып,

өзінің қызығушылығы бойынша

ізденеді. Бос уақыттарында

спортпен шұғылданып, волейбол,

баскетбол, футбол, стол теннисін

ойнайды. Тіпті, әртүрлі спорттық

жарыстарға қатысып, жүлдегер

атанған шәкірттеріміз де бар.

Оқу мерзімі – 3 жыл.

- «Әбу-Бәкір Сыддық»

медресе-колледжі исламтану

мамандығы дипломын

беретіні белгілі. Дегенмен,

оқу бағдарламасы бойынша

қандай пәндерге басымдық

беріледі?

- Атауына қарап, тек Құранды

ғана үйретеді немесе діни біліммен

ғана шектеледі деп ойлап

қалмаңыздар. Біз шәкірттерге

жан-жақты білім береміз.

Мысалы, мамандық бойынша,

Құран, Ислам құқығы, Ислам

сенім негіздері, араб тілі, діндер

тарихы, Исламдағы мазһабтар

сынды пәндер оқытылады. Сонымен

қатар, Қазақстан тарихы, қазақ

тілі мен әдебиеті, орыс тілі

мен әдебиеті, шешендік өнер,

философия, психология секілді

қоғамдық пәндер де бар. Себебі,

біз зайырлы қоғамда өмір сүріп

жатқандықтан діни біліммен ғана

шектелмейміз. Ең негізгі атап

өткім келетіні, бізде білім алу

тегін. Сол секілді жатақханаға

да ақы төлемейді. Сондықтан,

түлектерді біздің оқу орнына түсіп,

барлық мүмкіндікті пайдаланып,

сапалы білім алуға шақырамын.

- Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Әңгімелескен -

Тілеуберді САХАБА.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!