12.06.2021 Views

Сарыарқа самалы, 12 маусым, сенбі

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

SARYARQA SAMALY

САҚТЫҚ 12 маусым, сенбі, 2021 жыл 9

МЕКТЕПТЕГІ ҚАУІПСІЗДІК

Қару бар жерде

қауіп бар

Аймағымыздың тәртіп

сақшылары заңсыз

сақталған, тіркелмеген

25 қаруды анықтаған.

Олардың дені ауылдық

елді мекендерден

табылған. Тәртіп

сақшылары жыл сайын

тиісті тексеру жүргізеді.

Соған қарамастан

үйінде қару жасырған

тұрғындардың қатары

азаймай келеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Тапаншаны бірге

алып жүрген

Ресей Федерациясының Қазан

қаласындағы мектепте орын алған

қанды оқиғаның «жаңғырығы» әлі де

жер-жерде естіліп келеді. Қайғылы

оқиғадан кейін еліміз бойынша білім

беру мекемелерінің қауіпсіздігі жаппай

тексерілген болатын. Енді құқық

қорғаушылар заңды түрде тіркелмеген

қару-жарақты анықтауға бел шеше

кірісті. Бұл ретте ҚР Ішкі істер министрі

Ерлан Тұрғымбаев 17 мамырда «Қару

- 2021» жедел-профилактикалық

шарасын ұйымдастыруды тапсырды.

Мұндай шара жыл сайын өткізілетіні

белгілі. Бірақ биыл тәртіп сақшылары

мұндай жұмысты екінші мәрте қолға

алып отыр.

«Қару - 2021» профилактикалық

шарасының алғашқы аптасында полицейлер

220 рейд өткізіп, 2 мыңға жуық

қару иесін тексерген. Нәтижесінде

73 адамның қаруды сақтау ережесін

бұзғаны анықталды, оларға қатысты

әкімшілік іс қозғалған. Тағы 10 адам

қаруды дұрыс тіркемегені үшін

жазаланған. Ал 25 қарудың құжаты

мүлдем болмай шыққан. Облыстық

полиция департаменті әкімшілік

полиция басқармасының басшысы

Нұржан Таңатаровтың айтуынша,

тәртіп сақшылары қару-жарақты

сақтау ережесін бұзған адамдардан

100 бірлік қару тәркілеген. Мәселен,

Ертіс ауданындағы тұрғынның гаражынан

«ТОЗ-66» маркалы қару табылған.

Бұдан бөлек, Ақсу қаласына қарасты

Құркөл ауылының 34 жастағы тұрғыны

«ИЖ-18» маркалы қаруды заңсыз сақтап

келген. ИЖ-12 маркалы қару Ертіс

ауданы тұрғынының үйінен табылған.

Облыс орталығының 39 жастағы

тұрғыны «BLOW Compact» маркалы

тапаншаны сөмкесіне салып жүрген.

Сонымен қатар, Успен ауданында

38 оқдәрісі бар екі қаруды заңсыз

сақтау фактісі де тіркелді.

- Заңсыз сақталған қаруды өз

еркімен құқық қорғау органдарына

тапсырған адамдар жауапкершілікке

тартылмайды. Керісінше, арнайы сараптамадан

өткеннен кейін әрбір қару

үшін ақы төленетінін ескерген жөн.

«Қару» жедел-профилактикалық шарасы

жыл сайын өткізілсе де, тапанша мен

оқ дәрілерді үй жағдайында заңсыз

сақтайтын тұрғындар бар. Мұндай

салғырттық қайғылы жағдайлардың

орын алуына әкелуі мүмкін. Тұрғындарды

маусым айының 17-сіне дейін жалғасатын

шараға белсенді қатысуға шақырамын,

- дейді Н.Танатаров.

Тағы бір мәселе – елімізде қаруды

сатып алу тәртібі өте жеңіл. Тіпті,

соңғы уақытта мамандар электронды

үкімет порталы арқылы қару-жарақ

сатып алу мүмкін екенін айтады.

Яғни, үйде оырып-ақ, қажетті қаруға

тапсырыс беруге болады. Жинайтын

құжаттар да соншалық көп емес.

Басты талаптардың бірі – қару сатып

алуға ниетті азаматтың ақыл-есінің

дұрыстығын растайтын анықтама болуы

,,...Ертіс ауданындағы тұрғынның гаражынан

«ТОЗ-66» маркалы қару табылған. Бұдан бөлек,

Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылының 34 жастағы

тұрғыны «ИЖ-18» маркалы қаруды заңсыз

сақтап келген. ИЖ-12 маркалы қару Ертіс ауданы

тұрғынының үйінен табылған. Облыс орталығының

39 жастағы тұрғыны «BLOW Compact» маркалы

тапаншаны сөмкесіне салып жүрген...

тиіс. Ал бүгінде бұл анықтаманы электронды

жүйе арқылы алуға болатыны

белгілі. Бұл мәселені ҚР Парламенті

Мәжілісінің депутаты Андрей Лунник

та көтерген болатын.

- Елімізде спирттік ішімдікті сатып

алуға 21 жаста, ал қару ұстауға

18 жаста рұқсат етілген. Бұл -

өткір мәселе. Мектепті енді ғана

аяқтаған жасөспірімдер қаруға қалай

ие болады? Қауіпсіздік шараларын

дұрыс сақтай ала ма? Осы мәселе

қайта қарастырылса екен деймін, -

деді А.Лунник.

Олқылық көп

Жоғарыда білім беру мекемелерінің

қауіпсіздігі тексерілгенін атап өткен

болатынбыз. Құқық қорғаушылар

нәтижесін жариялады. Жалпы тексеру

жұмыстарымен облысымыздағы 400-ге

жуық мектеп пен колледж қамтылған.

Бұл шараларға полицейлерден бөлек,

мемлекеттік мекемелердің өкілдері

де қатыстырылды.

- Ресейдің Қазан қаласындағы

жағдайға байланысты құзырлы

министрлік тарапынан білім беру

мекемелерінің бейнебақылау камералары,

дабыл құрылғылары, күзетпен

қамтылу деңгейін тексеру бойынша

тапсырма түскен болатын. Қысқа

уақыттың ішінде тиісті тексеру

жұмыстарын өткіздік. Нәтижесінде

облыс мектептері 100 пайыз

бейнебақылау құрылғыларымен

қамтыл-ғаны анықталды. Мысалы,

Павлодар қаласында 53 мектеп пен

27 колледждегі қауіпсіздік шараларымен

жіті таныстық. Бір колледжде

ғана бейнебақылау камерасы

орнатылмаған екен. Ал кейбір білім

беру мекемелерінде бейнебақылау

камраларының объективіне түспейтін

орындар барын анықтадық, - дейді

облыстық полиция департаментінің

басшысы Нұрлан Мәсімов.

Сондай-ақ, департамент басшысының

сөзіне сүйенсек, 114 білім

ошағындағы бейнебақылау құрылғылары

интернет желісі арқылы тікелей

Павлодар қаласындағы жедел басқару

орталығына қосылған. Ал қалған

мекемелердегі камераларды мектеп

күзетшісі ғана көре алады. Бүгінгі

күнге дейін 43 оқу орны кәсіби күзет

құрылымдарымен келісімшарт жасасқан.

Оларға арнайы дабыл беру батырмалары

орнатылды. Өкінішке қарай,

мектепердің қауіпсіздігіне мына бір

мәселе кері әсерін тигізіп отыр.

Білім ошақтарындағы күзетшілердің

81 пайызы егде жастағы адамдар

болып табылады. Осы орайда, полиция

департаменті күзетшілерді жұмысқа

қабылдау тәртібіне тиісті өзгерістер

енгізуді ұсынды.

Жоғарыда аталған тексеру нәтижесінде

тек 14 білім ордасында ғана

турникеттер орнатылғаны анықталды.

Металл іздейтін құрылғылар мүлде жоқ.

Ауылдық елді мекендердегі мектептерде

де кемшіліктер бар. Мысалы,

сыныптар мен кабинеттердің есігі

ішінен жабылмайды. Бұл қауіпсіздік

ережелеріне қайшы келеді.

Аталған мәселелерді ескеріп, полиция

департаментінің басшылығы облыс

әкімінің атына ұсыныс хат жолдаған.

Онда білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін

күшейтіп, тексеру нәтижесінде

анықталған олқылықтарды түзету

мәселесі айтылады.

Сақтықта қорлық жоқ. Қаруды заңсыз иелену фактілері

жойылып, қару-жарақ саудасы бір жүйеге келтіріліп,

қатаңдана түссе, қоғамға төнер қауіп те әлдеқайда азая

түсері сөзсіз. Білім ордаларын бекініске айналдырмасақ та,

қауіпсіздігін мейлінше күшейте түссек, балаларымызды

қайғылы жағдайдан сақтайтынымыз анық. Сол себепті

жоғарыдағы мәселелер өз шешімін тапса дейміз.

САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Балаларды

қауіпсіздікке

үйретті

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында

бастау алған «30 игі іс» қайырымдылық

акциясы аясында Павлодар қалалық №19

орта мектепте «Қауіпсіздік күні» шарасы

ұйымдастырылды.

Төтенше жағдайлар басқармасы, полиция басқармасы,

«Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігінің еріктілері

бастауыш сынып оқушыларына суға шомылу, жол

қауіпсіздігі, отты дұрыс пайдалану және алғашқы

медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйретіп, тәжірибе

жүзінде көрсетті.

Маңызды шара білім ошағындағы 4 кабинетте өткізілді.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері жасөспірімдерге жаз

мезгілінде оттан сақ болуды, оның салдары қандай

қайғылы жағдайларға әкелетінін түсіндіріп, арнайы

әзірленген видеороликтерді көрсетті. Ал құтқарушылар

балаларға суға түсу ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Су айдындарына батып кеткен жағдайда қалай әрекет

етуді, көмекке шақыру керектігін түсіндірді. Құтқару

кезінде қолданылатын құрылғыларды пайдалану тәсілін

тәжірибе жүзінде көрсетті. Мамандар балалар назарына

судағы қауіпсіздік жөнінде арнайы мультфильм

ұсынды. Ал полицейлер қауымы оқушыларға жол

жүру ережесі туралы сабақ берді. Бағдаршам жанған

кезде қалай әрекет етуді, жаяу жүргіншілер жолағынан

дұрыс өтуді түсіндіріп, жолдың екінші бетіне жүгірмеуге

кеңес берді. «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігінің

еріктілері оқушыларға алғашқы медициналық көмек

көрсетуді үйретті.

Бала қауіпсіздігіне арналған шараны мектеп

әкімшілігі өздері ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Павлодар қалалық №19 мектеп директорының тәрбие

ісі жөніндегі орынбасары Данна Серімбаева қоғамда

бала қауіпсіздігі өткір мәселе екенін айтады.

- «Күншуақ» лагерінің оқушылары үшін «Қауіпсіздік

күні» шарасын ұйымдастырдық. Жазғы демалыс кезінде

жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге ерекше

көңіл бөлу керек. Оқушыларымыз төтенше жағдайларға

тап болмас үшін өмірге қауіп төндіретін оқиғаларды

толық түсіндіргіміз келді. Жазда балалардың басым

көпшілігі велосипед, самокатқа мініп, серуендейді.

Сондықтан жол ережесін білуі шарт. Қазір көше терек

мамығына толған. Балалар бұл жағдайды қызық көріп,

сіріңкемен өртеуі мүмкін. Ойыннан от шығатынын

сала мамандары өздері түсіндіргенін құп көрдік.

Бұдан бөлек, күннің ыстығында балалар су айдындарына

асығатыны белгілі. Аймағымызда балалардың

қатысуымен болған судағы қайғылы жағдайлар жыл

сайын орын алады. Мұндай фактілерге жол бермеуіміз

керек. Үйде жалғыз қалған балалар терезеге шығуға

құмар. Кешке көше кезіп жүретін балалар да бар.

Ата-ана тарапынан жіберілетін салғырттық қайғылы

жағдайларға әкелуі мүмкін. Ауқымды шара арқылы

балаларға осы мәселелерге назар аудару керектігін

үйреттік, - дейді Данна Серімбаева.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы

азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері Сабыржан

Тастембеков балалардың оқыс жағдайға ұшырауына

бірінші кезекте ата-аналар кінәлі екенін айтады.

- Ағымдағы жылы шомылу маусымы басталмай

жатып, Екібастұз қаласында екі жасөспірім суға батып

кетті. Мұндай қайғылы жағдайға ата-аналар тарапынан

жіберілген салғырттық себеп. Балалар ересектердің

қарауынсыз, рұқсат етілмеген орында шомылған.

Шара барысында осындай жантүршігерлік жағдайлар

қайталанбас үшін балаларға сақтық ережелерін толық

түсіндірдік. Арнайы дайындалған видеороликтерді,

мультфильмдерді көрсеттік. Суға батқан адамдарды

құтқару ережелерін де тәжірибе жүзінде үйреттік. Мұндай

шаралар барлық мектепте ұйымдастырылса екен дейміз, -

дейді С.Тастембеков.

Шараға қатысқан балалар сала мамандарынан

өздеріне қызықты сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне

ие болды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!