20.01.2022 Views

Сарыарқа самалы, 20 қаңтар, бейсенбі

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

SARYARQA SAMALY

әлеумет 20 қаңтар, бейсенбі, 2022 жыл 15

Өткен жылы Павлодар облысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын

іске асыру бойынша елімізде көш бастады. Өңірдегі 22 елді

мекенде әлеуметтік нысандар мен жолдар жөнделіп, жаңа мекемелер

бой көтерді. Сол арқылы 25 мыңнан астам тұрғынның

жағдайы айтарлықтай жақсарды. Әйтсе де, басы таудай істің

соңын қылдай қылып, ауқымды жұмысты сиырқұйымшақтатып

жіберген аудан-қалалар да бар. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік

бағдарламасын үйлестіріп, оның жүзеге асу барысын

сүзгіден өткізетін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау

басқармасының басшысы Ирина Назарчук сылбыр қимылдап,

көштің соңында қалған әкімдіктерді атады.

Бағдарлама нәтижесі

қандай?

- Ирина Петровна, алдымен өткен

жылдың қорытындыларына тоқталып

өтсеңіз...

- «Ауыл – ел бесігі» - ауылдағы ағайынның

әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді

бағдарлама. Соның көмегімен біраз

уақыт бойы шешімін күткен әлеуметтік

мәселелердің түйіні тарқап келеді. Айталық,

балабақша, мектеп, мәдениет үйі сынды

көпшілік орындар қалпына келтіріліп, елді

мекен ішіндегі жолдардың ой-шұңқырлары

тегістелді.

Жалпы, бұл бағыттағы игі істер осыдан

үш жыл бұрын басталды. 2019-2020 жылдары

69 мың адам тұратын 20 елді мекенде

120 жоба сәтті жүзеге асты. Атап айтқанда,

17 білім, 5 денсаулық, 12 спорт, 9 мәдениет

мекемесін жаңадан салып, ретке келтіруге

және жалпы ұзындығы 119 шақырым болатын

ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге 5,3 млрд

теңге бөлінді.

Өткен жылы да ауылдағы ағайынның

қолайлы жағайда өмір сүруі үшін бірқатар іс

қолға алынды. Мәселен, Аққулы ауданында

30 жылда алғаш рет мәдениет үйі салынып,

Ертіс ауданы Қызылжар ауылындағы клуб

қайта жаңғыртылды. 1600 оқушы білім алатын

10 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп,

4 балабақшаның ғимараты қалпына келтірілді.

Сондай-ақ, өңірде жалпы ұзындығы

80,8 шақырым болатын ауыл ішінде жолдар

тегістелді. Былтыр барлығы 22 ауылда

70 жоба бойынша жұмыстар жүзеге асты.

Осы мақсатта қазынадан барлығы 5 млрд

теңге қарастырылды. Айта кетер жайт,

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының нәтижесінде

елді мекендердің өңірлік стандарттарға

сәйкестігі 55,7 пайыздан 68,2 пайызға

дейін артты.

- Десе де, бұған дейінгі жиындарда

кейбір аудан-қалаларда жұмыстың

сылбыр жүріп жатқаны айтылып

еді. Бұл тұрғыдан алғанда қай

аудан-қалалар алға шығып, қайсысы

көш соңында қалды?

- «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік

бағдарламасы аясындағы жобалар Ақсу

қаласының ауылдық аймағы мен 10 ауданда

қолға алынды. Жоспарланған жобаларды

алғашқылардың бірі болып Ертіс және

Павлодар аудандары толығымен аяқтады.

Бұл аудандардың басшылығы әлеуметтік

инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы

жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, жақсы

нәтиже көрсетті деуге болады.

Ал Ақсу қаласы, Баянауыл мен Тереңкөл

аудандарындағы жоспарлы істер жыл бойы

белгіленген мерзімнен кешікті. Айталық, Ақсу

қаласына қарасты Қалқаман ауылындағы

спорт залды күрделі жөндеу жұмыстары,

Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп

ауылында, Тереңкөл ауданына қарасты

Жаңабет, Береговое елді мекендерінде

жолдың сапасын жақсарту шаралары тиісті

уақытта аяқталған жоқ.

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі»

бағдарламасына республикалық және

облыстық қана емес, аудандық бюджеттерден

де қаражат бөлінуі керек. Осы

тапсырма аясында аудан әкімдіктері жергілікті

қазынадан қарастырған 122 млн теңгеге

жуық қаражатқа 16 ауылда 23 жобаны іске

асырды. Нақтысын айтсақ, 14 спорт, воркаут

пен шағын футбол алаңдары салынып,

4 елді мекенде көшедегі жарық желілері

жаңартылды. Бұл ретте Ақсу қаласы мен

Железин, Павлодар аудандары бәрінен көп

қаражат бөлді. Ақтоғай мен Успен аудандарында

қосымша қаржыландыру көлемі

төмен болды. Ал Баянауыл ауданының

әкімдігі мүлде қаржы қарастырған жоқ.

Бұл ақпаратты былтырғы қарашада өткен

аппараттық жиын барысында баяндаған

едім. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов соған

сәйкес тиісті тапсырмалар берген болатын.

- Мемлекеттік бағдарлама аясындағы

жұмысты уақытылы аяқтамаған,

мерзімінен кешіктерген тұлғаларға

қатысты әкімшілік жауапкершілік

қарастырыла ма?

- Аудан-қала, ауыл әкімдері, бюджеттік

бағдарламаларға жауапты органдардың

басшылары нәтижелерге қол жеткізбей,

бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланған

жағдайда «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы»

Заңымен белгіленген жауапкершілік шаралары

қарастырылады.

- Ал осы жылға белгіленген жобажоспар

қандай?

- Биыл 14 ауылда 46 жобаны жүзеге

асыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа

4,2 млрд теңге қарастырылды. Барлығы

9 мың тұрғыны бар елді мекендердегі

9 мектеп, 8 мәдениет үйі мен бір дәрігерлік

амбулатория жөнделіп, бір мәдениет үйі

мен үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені

салынады. Оған қоса, 1,4 миллиард теңгеге

ауыл ішіндегі 50 шақырым жолды жөндеу

ойда бар.

Осы орайда 1 млрд теңгеден астам

қаражат Павлодар қаласына қарасты

Мойылды ауылының әл-ауқатын арттыруға

бағытталып отыр. Аталмыш сомаға

дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен

мәдениет үйі бой көтеріп, мектеп күрделі

жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, жолдар

мен орталықтандырылған су құбыры

ретке келтіріледі. Соның нәтижесінде

Мойылды кентіндегі әлеуметтік, инженерлік

инфрақұрылым толығымен жақсарады.

Ал ең аз сома Май ауданына

бөлінбек.

- Сондай-ақ, сіз басшылық ететін

басқарма «Дипломмен – ауылға!»

бағдарламасының үйлестірушісі

болып саналады. Аталмыш бағдарлама

аясында былтыр атқарылған

жұмыстар көңіл көншіте ме?

- «Дипломмен – ауылға!» жобасы да -

ауылдықтардың жағдайын жақсартып,

олардың қолайлы жағдайда еңбек етуін

көздейтін маңызды бағдарламалардың

бірі. Соның аясында денсаулық сақтау,

бiлiм беру, әлеуметтiк қамтамасыз ету,

мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен

мен мемлекеттік қызмет салаларында

жұмыс істеуге ниетті жастарға тұрғын үй

сатып алуға немесе оны салуға бюджеттік

жеңілдетілген несиелер қарастырылады.

Өткен жылдың қорытындысына келер

болсақ, былтыр ауылдық елдi мекендерге

жұмыс iстеуге және тұруға келген

237 маманның баспана мәселесі шешіліп,

оларға 973,6 млн теңге несие берілді.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша

Баянауыл ауданында ең көп бюджеттік

несие мақұлданды. Атап айтқанда, бұл

ауданда 46 маман 196,6 млн теңге қаржы

алды. Павлодар ауданында 29 маманға

122,1 млн теңге, Шарбақтыда 25 маманға

105 млн теңге үлестірілді.

Ал ең аз сома Екібастұз қаласында

қарастырылды. Кеншілер шаһарына

қарасты ауылдық аймақтарда еңбек жолын

бастаған 8 маманға тек 35,5 млн теңге

несие бөлінді.

- Ақпаратыңызға рақмет! Жоспарлы

істердің сәтті жүзеге асуын

тілейміз.

Сұхбаттасқан –

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

«Ауыл – ел бесігі»

бағдарламасы бойынша

көш басында:

Ертіс ауданы

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша

11 жобаны іске асыруға 503 млн теңге

бөлінді. Оның ішінде 39,9 млн теңге –

аудандық бюджет қаражаты.

Республикалық, облыстық қазынадан

қарастырылған қаржының 150 млн теңгесі

Қызылжар ауылында мәдениет үйін қайта

жаңартуға, 30,1 млн теңге орта мектептің

спорт, мәжіліс залдары мен асханасын

күрделі жөндеуге, 179,6 млн теңге

9 көшенің жолын ретке келтіруге жұмсалды.

Северный елді мекенінде 111,1 млн теңге

4 көшенің жолын жөндеуге бағытталды.

Аудандық бюджет қаражаты есебінен

Қызылжар ауылында 7,2 млн теңгеге

70 шам мен жарықтандыру тіректері

орнатылды. 4,7 млн теңгеге 2 балалар

ойын алаңы мен Северный ауылында

5,8 млн теңгеге шағын футбол алаңы

жаңарды.

Сондай-ақ, жобаларды жүзеге асыру

кезінде 40 адам жұмысқа орналастырылды.

Оның 34-і – уақытша, алтауы –

тұрақты жұмыс орны.

Ертіс ауданы әкімдігі.

Павлодар ауданы

Павлодар ауданына «Ауыл – ел бесігі»

бойынша 459,9 млн теңгеге 16 жоба

жүзеге асырылды. Бюджеттен бөлінген

қаражат толығымен игеріліп, жоспарлы

істің барлығы аяқталды.

Новочерноярка ауылындағы мәдениет

үйін қалпына келтіруге 24,8 млн теңге,

орта мектеп ғимаратын жөндеуге 34,8 млн

теңге жұмсалды. Сондай-ақ, 137,6 млн

теңге Мир, Экспериментальная, Садовая,

Центральная, Новая және Юбилейная

көшелерінің жолдарын орташа жөндеуден

өткізуге бөлінді. Ал Заряда 75,9 млн

теңгеге футбол алаңы салынды. Тағы

16 млн теңгеге клуб және 67,3 млн теңгеге

мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.

Елді мекен ішіндегі 3,8 шақырым жолды

тегістеуге 103,5 млн теңге бөлінді.

Павлодар ауданы әкімдігі.

Жобаларды кешіктірген

аудандар:

Баянауыл ауданы

Баянауыл ауданында «Ауыл – ел бесігі»

бағдарламасы бойынша бөлінген 331 млн

теңгенің 259 млн теңгесі ғана игерілді.

Мәшһүр Жүсіп, Мұса Шорман ауылдарындағы

көшелерге жарық желілерін жүргізу,

М.Көпеев атындағы орта мектеп төбесін,

қасбеті мен спорт залын күрделі жөндеу,

кіреберіс жол мен екі көшенің жолындағы

асфальтты қалпына келтіруі жұмыстары

уақытылы аяқталды. Әйтсе де, мердігер

өз міндеттерін сапалы атқармауының

салдарынан Мәшһүр Жүсіп ауылындағы

жалпы ұзындығы 2,42 шақырым болатын

үш көше жолы жоқ.

Жұмысқа жауапты болған «ЭМСУ

«Орлан» компаниясын жосықсыз мердігер

ретінде тану үшін ауданаралық экономикалық

сотқа арыз берілді. Сот арызды

толық қанағаттандырып, 1 млн 350 мың

теңге көлемінде өтемақы төлеуін талап

етті.

Баянауыл ауданы әкімдігі.

Ақсу қаласы

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы

аясында екі тірек ауыл мен бір

спутниктік елді мекенде 8 жобаны

іске асыруға 805,4 млн теңге қаражат

қарастырылды. Қызылжар ауылында

жалпы сомасы 258,7 млн теңге болатын

3 жоба аяқталды. Атап айтқанда, дәрігерлік

амбулатория салынып, жеті көшенің

жолына жаңа асфальт төселді.

Қалқаман кентінде 4 жобаға 297,4 млн

теңге бағытталды. «Чайка» балабақшасының

шатыры, жылу жүйесі мен қасбеті

жөнделіп, терезелер ауыстырылды.

Сондай-ақ, 10 көшенің жолы жөнделді.

Спорттық залды күрделі жөндеуге

72,1 млн теңге қарастырылды. Осы

уақытқа дейін шатырды жөндеу жұмысы

ғана толығымен аяқталды. Терезелерді

жаңарту, инженерлік желілерді ауыстыру,

ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал Үштерек спутниктік елді мекенінде

102,7 млн теңгеге 12 көшенің жолы

жөнделді.

Ақсу қаласының әкімдігі.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!