20.01.2022 Views

Сарыарқа самалы, 20 қаңтар, бейсенбі

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

6 20 қаңтар, бейсенбі, 2022 жыл АНАЛИТИКА

SARYARQA SAMALY

ҚАРЖЫ

Бүгінгі қоғамның басына салынған бір үлкен бұғау бар. Ол – несие. Шыны керек, қазіргі таңда қарапайым жұртшылықтың қатарында

банкке қарыз болмаған адам аз. Баспана пен көлікті былай қойып, соңғы уақытта киім-кешек пен азық-түлік, тіпті қалам-қағаздың

өзін бөліп төлеу арқылы несиеге алатын көпшіліктің қарасы көбейді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

соңғы мәлімдемесінде арнайы тоқталған еді. Қаржылық қиындық қос бүйірден қысып, соңы жазатайым оқиғаға ұласып жатқан

жайттар да жоқ емес. Сондықтан елде жеке тұлғаларды банкрот деп жариялауға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленбек.

Бұл қадам тығырықтан шығарып, тұтынушылық несиелер жүктемесін азайта ала ма? Банкрот ретінде танудың шарттары қандай?

Осы мәселені саралап көрген едік.

Банкрот болу

несие жүктемесін азайта ма?

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Әлемдік

тәжірибе

Әлемдік тәжірибеге зер салсақ,

дамыған елдердің басым бөлігі

жеке тұлғаларды, яғни қатардағы

қарапайым азаматтарды банкрот

деп тану тәжірибесін әлдеқашан

бастап кеткен. Айталық, АҚШ,

Австралия, Германия, Франция,

Испания, Жапония сынды мемлекеттерде

мұндай жүйе бұрыннан

жұмыс істейді. Тіпті, тұрғындар мен

банктердің өтініштерін қарастырып,

шешім шығаратын арнайы сот

та құрылған. Алысқа бармай-ақ,

көршілес Ресей еліндегі тәжірибені

назарға алуға болады. Шекараның

ар жағындағы мемлекетте 2015

жылдан бері жеке тұлғаларды

банкрот деп жариялау жүйесі

жұмыс істейді. Ресейлік ақпарат

көздеріндегі мәліметтер бойынша,

банк алдындағы қарызы 500 мың

рубльден асып кеткен және оны

үш айдан астам уақыт бойы

өтей алмай жүрген тұрғындар

банкроттыққа өтініш бере алады.

Заң күшіне енген 2015 жылы

460 мың ресейлік, ал былтыр

1 мыңнан астам адам қаржылық

қиындық салдарынан қарызды

уақытылы қайтара алмайтынын

айғақтады. Сөйтіп, мойнындағы

ауыр жүктен құтылып, несиесі

толығымен кешірілді. Енді олардың

өмірді «ақ парақтан» бастауға

мүмкіндігі бар.

Ал бізде ше? Біздің мемлекетте

жекелеген азаматтар түгілі

заңды тұлғалардың өздерін банкрот

ретінде тану ісі кеш қолға алынды.

«Оңалту мен банкроттық» туралы

Заң тек 2014 жылдың наурыз

айында қабылданды. Содан бері

төлем қабілеттілігінен айырылған,

ешқандай табысы жоқ іріліұсақты

кәсіпорындар толығымен

жабылып, ісін тоқтатуда. Олардың

қатарында кезінде «дүркіреп» тұрған

павлодарлық фармацевтикалық

компания – «Ромат» ЖШС де

бар. Дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын

банк алдындағы міндетін

белгіленген мерзімде төлей алмай,

банкрот болды. Соның салдарынан

медициналық препараттар

өндірісі үзілді.

Біздегі жағдай

қандай?

Жалпы, Қазақстанда жеке тұлғаларды

банкрот деп тану мәселесі

2009 жылдан бері көтеріліп

келеді. Сол тұста қоғамдық бірлестіктер

өкілдері, Мәжіліс депутаттары

арнайы Заң қабылдауды

ұсынды. «Ақжол» демократиялық

партиясы жоба әзірлеп, оны Парламент

пен Үкімет қарауына тапсырған

болатын. Бірақ олардың барлығы

кері қайтарылды. Ал осы аптада

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке

жеке тұлғалардың банкроттығы

туралы заң жобасын әзірлеуді

жүктеді. Себебі былтыр 30 жылда

алғаш рет тұрғындарға берілген

тұтынушылық несиелер көлемі

кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу

мақсатында үлестірілген несиелерден

айтарлықтай асып кеткен.

Яғни, бүгінгі күні екінің бірі екінші

деңгейлі банктер мен микроқаржылық

ұйымдардың көмегіне

жүгінеді. Олай болмасқа амал

жоқ. Себебі азық-түлік, дәрі-дәрмек,

жанар-жағармай – күнделікті

қолданылатын тауарлардың басым

бөлігінің бағасы жиі өседі. Ал

тұрғындардың табысы бәз баяғы

қалпы тұр. Сондықтан айлығы

шайлығына жетпейтін кейбір азаматтар

банктер ұсынған бөліп

төлеу тетігін пайдалануға мәжбүр.

Мәселен, павлодарлық Оспановтар

отбасы ай сайын банктерге

шамамен 200 мың теңге төлейді

екен. Несиелердің бірін автокөлік,

енді бірін тұрмыстық техникалар

алу үшін рәсімдеген. Оған қоса,

үйді жөндеу үшін қолма-қол ақшамен

алған несие тағы бар.

- Жолдасымның айлық табысы –

130 мың теңге. Ал мен 100 мың

теңге жалақы аламын. Ай сайын

отбасымызға түсетін сол 230 мың

теңгенің 200 мың теңгеге жуығын

несиелерді өтеуге жұмсаймыз.

Қалған 30 мың теңге үш баланың

балабақшасын, коммуналдық

төлемдерді өтеп, азық-түлік алуға

жетпейді. Сондықтан «Kaspi red»

көмегіне жүгінеміз. Керек-жарағымызды

сол арқылы ресімдеп,

бірнеше ай бойы бөліп-төлейміз.

Ара-тұра жолдасым такси қызметін

атқарып, күнделікті қант-шайдың

ақшасын айырамыз. Қысқасы,

несиелерді жабу үшін барымызды

салып, жұмыс істеп жүрміз. Оны

алмасақ тағы болмайды. Қысылтаяң

шақта сол банктер «құтқарады».

Бірақ кейін берген сомасын сүлікше

сорып алады. Бір күн кешіктірер

болсаң, қоңырау шалып, мазаны

алады. Айыппұл мен өсімпұлы тағы

бар. Берешекті өтеу мерзімі бір

айдан асса, коллекторлардың қолына

өтеді. Осындай қиындықтың

бәрінен құтылу үшін жұмыссыз

қалған, төлем қабілеттілігінен

айырылған азаматтарды банкрот

ретінде таныған дұрыс та шығар.

Бірақ оған қарағанда жұмысқа

орналасуға, табыс табуға көмектесіп,

оңалуға уақыт бөлген жөн бола

ма деп те ойлаймын. Себебі

кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан

несиелер берілген тұста негізгі

сома, пайыз бойынша «демалыстар»

берілетінін оқыған едім.

Сол секілді жеңілдік қарастырылса

әлдеқайда тиімді болар еді.

Әйтпегенде, банкрот деп танылған

адам өмірінің соңына дейін несие

ала алмай қалуы мүмкін, - дейді

Айжан Оспанова.

Несие берген банктермен

соттасып жүрген кей тұрғындардың

құқығын қорғайтын адвокат

Меруерт Жиенбаеваның пайымынша,

ипотекалық несие алған

азаматтарға қатысты банкроттық

бойынша істерді қозғауға болмайды.

Олай болған күнде тұрғындар

жалғыз баспанасынан айырылуы

бек мүмкін.

- Ұлттық банктің мәліметінше,

елімізде 2 млн тұрғын банктерге

ай сайын төлеуі тиіс несие қарызын

қайтара алмай жүр. Демек,

елдегі әр оныншы тұрғынның

қаржылық қиындықтары бар

деген сөз. Бұл мәселені шешу

үшін жеке тұлғаларды банкрот

ретінде тану бойынша жұмыстар

басталды. Осы орайда ескеретін

бірнеше мәселе бар. Солардың

бастысы ипотекалық несиеге

қатысты. Егер тұрғын баспаналы

болу мақсатында алған берешегін

уақытылы өтей алмаса, оны банкрот

қылып, үйін тартып алуға әсте

болмайды. Заңда осы жайтты

реттейтін арнайы тармақ керек

деп ойлаймын. Негізі, бұл заң

жобасы жабық кабинеттерде емес,

заң, құқық саласы өкілдерінің,

тұрғындардың қатысуымен

әзірленіп, талқыға салынғаны жөн.

Әйтпегенде құзырлы органдар

әдеттегідей банктің сойылын

соғуы ықтимал. Банк демекші, бұл

қаржы институттарында ашықтық

жоғы қынжылтады. Проблемалық

несиелерді қайта қаржыландыру,

берешекті өтеу мерзімін қайта қарау

сынды жолдар болғанмен, қарыз

алушыға оларды айтпайды, түсіндіру

жұмыстарын жүргізбейді. Соның

салдары қайғылы жағдайларға дейін

апарып жатады. Сондықтан жеке

тұлғаларды банкрот деп жариялауға

қатысты заңнамалық құжаттарда

банктердің жауапкершілігін,

міндеттерін күшейткен артық

болмайды, - дейді ол.

Осы орайда сарапшы Рахым

Ошақбаев банкроттық туралы

Заңды осыдан үш жыл бұрын

қабылдау керек еді деген пікірін

білдірді. Себебі жыл сайын елде

проблемалық несиелер саны

көбейіп келеді.

- 2019 жылы несиені төлеуді

90 күннен астам уақытқа кешіктірген

1,5 млн адам болса, 2020 жылы

олардың саны 1,7 миллионға, 2021

жылы 2 миллионға жетті. Демек,

экономикалық тұрғыдан белсенді

адамдардың 80 пайызы «қара

тізімге» ілікті. Өкінішке қарай, біздің

елде несиелер қолжетімді. Тұрғындар

микроқаржылық ұйымдардан да

бірінен соң бірі несиелер ала

береді. Онлайн несиелерде бір

күндік айыппұл 2 пайыз болса,

бір жылда 1 мың пайызға (!)

дейін жуықтайды. Банкроттық

мәселесі заңды шешімін тапса,

қаржылық ұйымдар қарызды

оңды-солды таратуды доғарады.

Сәйкесінше, қалтасына қарамай

қарыз алатындардың қатары

қысқарады, - дейді экономист.

Заң жобасы

әзірлене бастады

Бұрнағы күні Мәжіліс төрағасы

Нұрлан Нығматулин депутаттар жеке

тұлғаларды банкрот деп тану туралы

заң жобасы бойынша жұмысқа

кіріскенін хабарлады. Спикердің

сөзінше, төменгі Палата өкілдері

халықтың мойнында ауыр жүк боп

тұрған несиелерді «сызып тастап»,

жағдайды жеңілдету мақсатында

заңды барынша сапалы әзірлеу

үшін аянып қалмайды.

Осы орайда Павлодар облысынан

Мәжіліс депутаты болып

сайланған Анатолий Бойчин заңның

банктер мен қарыз алушыларға

берер әсерін атап өтті.

- Мұндай өзгерістердің банктерге

ұнай қоймасы анық. Себебі

олар әуелде берген қаражатын

қайтара алмай қалады. Десе де,

статистикалық деректер бойынша

клиенттердің 5 пайызы ғана төлем

жасауға мүлде қабілетсіз болып

саналады. Менің ойымша, жекелеген

азаматтардың банкроттығын

енгізу тұрғындардың қаржылық

сауаттылығын арттыруға көмектеседі.

Әр адам несие алмас бұрын «Мен

оны өтей аламын ба?» деген

мәселені ой таразысына салады.

Мәселен, Батыс Еуропа елдерінің

азаматтары «Банкрот болғанша

азаматтықтан айырылғаным артық»

деп пайымдайды. Себебі бір

рет банкрот болған адам өмір

бойы несие ала алмайды, - дейді

А.Бойчин.

Мұндайда «Банкроттықты жариялау

адамдарды масылдыққа

итермелемей ме?» деген сауал

туындайды. Тұтынушылық несие

алып, оны уақытылы қайтармай,

кейін жүктемеден құтылу үшін

өзін банкрот деп тануға өтініш

білдіретін «пысықайлар» пайда

болуы әбден мүмкін. Оның соңы

алаяқтық фактілерді де тудыруы

ықтимал. Бұл ретте 2019 жылы

жарияланған несие амнистиясы

ойға оралады. Сол тұста Мемлекет

басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

тапсырмасымен жарты миллионнан

астам қазақстандықтың

тұтынушылық несиелер бойынша

өсімпұлы мен айыппұлы кешіріліп,

тіпті кейбір тұрғындарға бұған дейін

төлеген артық сомалар қайтарылған

болатын. Содан соң несиесін төлей

алмай жүрген талай адам тағы

да осындай амнистиялар өткізуді

сұрады. Бірақ Қаржы нарығын

реттеу мен дамыту агенттігі бұл

шараның бірреттік акция болғанын

алға тартты. Мәжіліс депутаты

Анатолий Бойчин де несие амнистиясына

иек артқан дұрыс емес

деп санайды.

- Өкінішке қарай, қоғамда «Үкімет

несиелердің барлығын кешіруі

керек» деп жаңсақ ойлайтын

тұрғындар бар. 2019 жылы жарияланған

амнистия қаржылық қиындыққа

тап болған талай азаматтың

жүгін жеңілдеткенмен, енді біріне

мүлде сабақ болмағанын көрсетті.

Тұтынушылық несиелері кешірілген

кей тұрғындар тағы да несие

алып, оны да төлей алмай, кезекті

рет амнистия сұрауда. Себебі

мұндай жағдайда өтеуі тиіс қарыз

толығымен жойылып, несие тарихы

жақсарады. Берешекті мемлекет

төлеп береді деген оймен тағы да

несие алады. Бұл – дұрыс емес. Егер

банкрот болса, екінші рет несие

ресімдеу құқығынан айырылады.

Сол кезде бұрынғыдай масылдық

та, енжарлық та болмайды. Есесіне

күні-түні проблемалық несиесін

төлеу үшін демалмастан жұмыс

істеп, басын қатырмайды, - дейді

депутат.

Мәжіліс отырысы барысында

мәлімдеме жасаған Мемлекет

басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

жеке тұлғалардың банкроттығы

туралы заң жобасын әзірлеуді

тапсырумен қатар, басқа да амалдарды

қарастыру қажеттігін айтқан

болатын.

- Жеке тұлғалардың банкроттығы

туралы заң жобасын дайындау

- тығырықтан шығатын жол

емес. Ең алдымен, шектен тыс

қарыздың көбеюін болдырмау қажет.

Сондықтан, Қаржы нарығын реттеу

және дамыту агенттігіне Ұлттық

банкпен бірлесіп, пруденциалды

реттеу тетіктері арқылы нақты әрі

жедел шешім қабылдауды тапсырамын,

- деген еді Президент.

Демек, бұдан былай екінші

деңгейлі банктер мен микроқаржы

ұйымдарына қойылар талап та

күшейеді. Күні кеше Қаржы нарығын

реттеу және дамыту агенттігі

басшысы Мадина Әбілқасымова

төлем қабілеті төмен азаматтар

үшін енді банк есігі жабық

екенін мәлімдеді. Атап айтқанда,

банктердің жеке капиталына талап

күшейтілмек. Оған қоса, несие

рәсімдеу кезінде құжат жүзінде

расталған тұрақты табыс қана

есепке алынады. Бұған дейін

кейбір тұрғындар микроқаржылық

ұйымдардан қарыз алар тұста

өтініші мақұлдануы үшін шын

мәнінде алып жүрген айлығынан

бірнеше есе көп қылып көрсете

салатын еді. Енді мұндай әрекеттің

барлығы жіті тексерілетін болады.

Осылайша, талайдан бері айтылып жүрген «сең» қозғалып, жеке тұлғаларды

банкрот деп жариялауға қатысты жұмыстар басталды. Мәжіліс пен Үкімет

талаптар мен ережелерді екшеуге кірісті. Бірақ «тоқ бала аш баланың» жағдайын

түсіне қоймас. Сондықтан жоба дайындау барысына сала мамандары

мен қарапайым тұрғындар да қатысып, ұсыныс-тілектерін білдірсе құба-құп.

Ал түптеп келгенде, банкроттық сияқты маңызды мәселенің алдын алу үшін

алдымен халықтың табысын арттырған дұрыс. Сол кезде банктен қарыз алып,

оның аспандап кеткен пайызын төлеуге асығатын азаматтар азаяды.

Сурет ғаламтордан алынды.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!