15.10.2021 Views

Сарыарқа самалы, 16 қазан, сенбі

Create successful ePaper yourself

Turn your PDF publications into a flip-book with our unique Google optimized e-Paper software.

6 16 қазан, сенбі, 2021 жыл ОНЛАЙН ЖЕЛІ

SARYARQA SAMALY

Баспаналы болудың

тетіктері қандай?

ОНЛАЙН ЖЕЛІ

Соңғы уақытта тұрғын үй сатып алудың оңтайлы мүмкіндіктері көбейіп келеді. Біржолғы

зейнетақы төлемін ипотекалық несиені жабу мен ресімдеу мақсатында берілуі - соның бір

дәлелі. Алдағы уақытта зейнетақы шотындағы жеткілікті шектен артық соманы депозитке

аударуға да жағдай жасалмақ. Оған қатысты қандай талап-ережелер бар? Жалпы,

облыста тұрғын үймен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асуда?

Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында өткен

«Онлайн желі» барысында осы мәселе жан-жақты талқыланды. Шараның қонағы - «Отбасы

банк» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Алтынбек Шайдуллин оқырмандар мен

тілші сауалдарына жауап берді.

Алтынбек Шайдуллин

Тілші сауалы:

- Алтынбек Мақсотұлы, тұрғын

үй нарығындағы биылғы басты

жаңалық біржолғы зейнетақы

төлемдерін ипотеканы толық

немесе ішінара жабу, бастапқы

жарна ретінде пайдалану болғаны

белгілі. Осы уақытқа дейін

Павлодар облысының қанша

тұрғыны бұл мүмкіндікті қолданды?

Алтынбек ШАЙДУЛЛИН:

- Иә, ел азаматтары осы жылдан

бастап «Бірыңғай жинақтаушы

зейнетақы қоры» шотындағы

жеткілікті шектен асқан соманы

баспана жағдайын жақсартуға

жұмсай алады. Оны тиімді пайдаланып

жатқан азаматтар аз емес.

Айталық, 19 наурыздан бүгінгі күнге

дейін облыстың төрт тұрғыны

жалпы сомасы 5 млн 469 мың

теңге болатын ипотекалық несиесін

толығымен өтеді. Сол сияқты 359

адам зейнетақы шотында жинаған

қаржысы есебінен қарызды ішінара

төлеуге өтініш берді. Оның көлемі

226 млн 639 мың теңгеден асады.

Біржолғы зейнетақы төлемін осы

мақсатта пайдаланатын тұрғындардың

ұтары мол. Себебі ішінара өтеудің

нәтижесінде ай сайынғы төлем

де, үстемеақы да едәуір азаяды.

Сонымен қатар, жеткілікті шектен

асқан соманы ипотекалық қарыздың

бастапқы жарнасы ретінде аударуға

болатынын еске салған жөн. Пәтер

алуды қаласаңыз, бірақ депозиттегі

қаржыңыз оған жетпесе, зейнетақы

қорында жиған-тергеніңізді тиімді

пайдалансаңыз болады. Тиісті

өтініштердің барлығы enpf-otbasy.

kz сайты арқылы онлайн түрде

қабылданып, қаралады.

Тілші сауалы:

- Мемлекет басшысы Қасым-

Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында

зейнетақы төлемдерін

баспана жағдайын жақсартуға

жұмсау өз тиімділігін көрсеткенін

айтып, оны депозитке аудару тетігін

қарастыруды тапсырған болатын.

Бұл бағытта «Отбасы банк» қандай

жұмыстарды атқарды? Депозитке

аудару жүйесі қалай жұмыс істейтін

болады және қашан басталады?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- «Отбасы банк» басшылығы

тиісті ұсыныстарды әзірлеп,

құзырлы органдарға тапсырды.

Қазіргі уақытта Индустрия және

инфрақұрылымдық даму министрлігі

ережелерге өзгерістер енгізу

мәселесін қарастыруда. Жыл соңына

дейін нақты шешім қабылдануы

тиіс. Содан соң ғана зейнетақы

шотындағы артық соманы депозитке

салудың талап-тәртібі белгілі

болады. Қазіргі уақытта өтініштерді

қабылдау мерзімін, жүйенің негізгі

қадамдары туралы айтуға әлі ерте.

Маржан, Павлодар қаласы:

- Мен осыдан бес жыл бұрын

«Отбасы банкте» жинақ шотын

ашқан болатын. Бірақ оған қаржыны

уақытылы салған жоқпын.

Қазір ондағы сома 100 мың

теңгеден сәл асады. Бұл шотты

сата аламын ба? Жалпы, сату

барысы қалай жүргізіледі?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- Бес жыл бұрын ашылған

шотты сатқаннан гөрі алдағы

уақытта пайдаланған әлдеқайда

тиімді болады. Себебі неғұрлым

көп қаржы жинасаңыз, соғұрлым

табысыңыз еселенеді. Айталық, жыл

соңына дейін шотқа 200 айлық

есептік көрсеткіш көлемінде, яғни

шамамен 584 мың теңге салсаңыз,

20 пайыз көлемінде мемлекеттік

сыйақы ала аласыз. Одан аз сомаға

толтырсаңыз да болады. Міндетті

түрде 200 АЕК-ке тең қаржы құю

шарт емес. Мәселен, 100 мың теңге

салсаңыз, соның 20 пайызы сыйақы

ретінде беріледі. Егер мүмкіндік

болмай, мүлде ақша аудармасаңыз,

шотыңыздағы 100 мың теңгеге де

сыйақы қосылады. Ал қаржы шұғыл

түрде қажет болып, шешіп алуды

қаласаңыз, жеке кабинетіңіз арқылы

сатылымға қоюға мүмкіндік бар.

Сатқаныңыз үшін де банк тарапынан

белгілі бір коэффицентке

байланысты ақы төленеді. Ал сіздің

шотыңызды онлайн режимде басқа

адам сатып ала алады. Десе де,

20 пайыз көлеміндегі мемлекеттік

сыйақы тек «Отбасы банкте» барын

ұмытпаңыз.

Асылбек:

- Мен депозитте қаржы жинап

жүргелі екі жылдан астам уақыт

өтті. Бірақ шоттағы ақша бастапқы

жарнаға жетпей тұр. Ағам өзінің

зейнетақы шотындағы артық

қаражатын менің депозитіме

аударып, соның есебінен пәтер

алсам бола ма?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- Әрине. Ағаңыз, ата-анаңыз,

жұбайыңыз, басқа да бауырларыңыз,

яғни ет-жақындарыңыз зейнетақы

шотындағы қаражаты жеткілікті

шектен асса, оның бір бөлігін

сізге бере алады. Біржолғы

зейнетақы төлемі мен екі жыл бойы

жинаған қаражатыңызды қосып,

бастапқы жарна ретінде төлеуге

болады.

Тілші сауалы:

- Таяуда «Отбасы банк» АҚ

«Баспана маркет» деп аталатын

жаңа жобаны таныстырды. Сол

арқылы баспананы сатылымға

қойып, хабарландыруларды

қарап, қалаған үйді алу үшін ипотеканы

онлайн түрде ресімдеуге

болатын көрінеді. Осы жоба

туралы толығырақ айтып өтсеңіз...

А.ШАЙДУЛЛИН:

- Өткен аптада «Баспана

маркеттің» ресми түрде тұсаукесері

өтті. Бұл портал - үйді сатушылар

мен сатып алушылардың ақпаратпен

алмасатын алаңы. Аталмыш сайтқа

пәтердің суретін салып, техникалық

сипаттамаларын жазып, хабарландыруларды

тегін орналастыруға болады.

Тиімділігі сол, баспананың «Отбасы

банк» талаптарына сай келер-келмесі

бірден анықталады. Бұл өз кезегінде

ипотекалық несие арқылы үй алуды

ойластырып жүрген тұрғындарға

оңтайлы болмақ. Хабарландыруды

кез келген адам көргенмен, тек

біздің банк салымшылары бронь

жасап, қарыз ресімдеуге қатысты

өтінішті онлайн түрде жібере алады.

Төлем қабілеттілігіне қатысты

құжаттарды да порталға жүктеуге

жағдай жасалған.

Мөлдір:

- Ата-анам мен мектепте

оқып жүрген кезде-ақ шот

ашып, қаржы жинай бастады.

Ендігі ретте олар зейнетақы

шотындағы артық қаражатын

менің депозитіме сала ала ма?

Депозитке аударылатын соманың

шекті көлемі, жиілігі бар ма?

Яғни, тек бір рет аударуға бола ма,

әлде тоқсан, жарты жыл сайын

толтыруға мүмкіндік берілген бе?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- Жоғарыда атап өткенімдей,

біржолғы зейнетақы төлемін депозитке

аударудың нақты механизмі әзірше

қабылданған жоқ. Бұл сұрақтардың

жауабы жыл соңына дейін белгілі

болуы тиіс. Қазіргі уақытта зейнетақы

шотындағы қаржыны баспана

жағдайын жақсарту, атап айтқанда,

ипотекалық несиелерді өтеу мен

алу, медициналық қызметтерді төлеу

және инвестициялық компаниялардың

басқаруына беру тетіктері жұмыс

істейді.

Тілші сауалы:

- Бүгінде пәтер кезегін күткендер

көп. Сол кезекті қысқартудың

бірден-бір жолы - «Шаңырақ»

бағдарламасы. Бұл бағдарлама

Павлодар облысында қалай жүзеге

асуда? Салымшыларға беретін

жаңа үйлер жеткілікті ме?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- Қазіргі таңда «Шаңырақ»

бағдарламасы арқылы Сарыарқа

шағын ауданындағы 6 үй тиісті

конкурстан өтті. Тұрғындар өтініштерін

беріп, қалаған пәтерді белгілеп

қойды. Ендігі ретте аталған баспаналарды

пайдалануға беру актісінің

дайын болуын күтіп отырмыз. Құжат

қолға тиген соң салымшыларды

шақырып, олардың төлем қабілеттілігін

растайтын боламыз. Достық шағын

ауданында 72 пәтерлі бір тұрғын

үй аталмыш бағдарлама арқылы

сатылымға шығарылмақ. Әзірше оның

да пайдалануға беру актісі дайын

емес. Одан бөлек, бұл аудандағы

барлығы 747 пәтер болатын тағы

4 тұрғын үй «Шаңырақ» арқылы

үлестіріледі. Сондықтан тұрғындар

қазірден-ақ құжат жинаудың қамына

кіріссе болады. Еске сала кетейін,

бағдарламаға қатысудың басты

талабы - азаматтардың жергілікті

атқарушы органдарда кезекте тұруы.

Кезекке жазылған адамдар бастапқы

жарна ретінде пәтер бағасының 10

пайызын төлеп, несиені 20 жылға

дейін 5 пайыздық мөлшерлемемен

ала алады.

Толқын ОРАЗАЛИЕВА:

- Биыл «Бақытты отбасы»

бағдарламасына өтініштер

қабылдана ма?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- «Бақытты отбасы» да - баспаналы

болуды қалайтын отбасылар үшін

тиімді бағдарлама. Мүмкіндігі шектеулі

баласы бар, көпбалалы отбасылар

немесе жалғызбасты аналар, әкелер

2 пайыздық мөлшерлемемен 20

жылға дейін несие ресімдей алады.

Ол үшін бастапқы жарна ретінде

10 пайызды төлесе жеткілікті. Бұл

ретте баспананың бағасы 13 млн

теңгеден аспауы тиіс. Жақында ғана

өтініштер қабылданып, тұрғындар

төлем қабілетін растады. Келесі

өтініштер легінің қай уақытта

қабылданатынын дөп басып айту қиын.

Банктың сайты, «Баспана маркет»

порталы, @otbasybank_pavlodar

парақшасы арқылы тұрғындарға

тұрақты түрде ақпараттар ұсынылады.

Осы аталған сайт, парақшаларда

«Бақытты отбасы» бағдарламасына

құжат жинау мерзімінің басталуы

туралы хабарландыру жарияланатын

болады.

Назерке ТОҚТАРОВА, Павлодар

қаласы:

- Жолдасым әскери бөлімде

жұмыс істейді. Биыл «Әскери

баспана» бағдарламасына қатысуға

өтініш берген едік, техникалық

ақаудың салдарынан

бұл ісіміз аяқсыз қалды. Енді

қай уақытта және қалай өтініш

бере аламыз?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- Өткен тоқсанда әскери

қызметшілер бағдарламаға қатысуға

жаппай өтініш беріп, техникалық

қиындықтар туғаны рас. Кейбір

сала мамандарына «Сіздің өтінішіңіз

сәтті өтті» деген сипатта хабарламалар

келген көрінеді. Банк

осындай қателіктің орын алғанын

ескеріп, хабарлама алған әскери

қызметшілердің барлығын екі лекке

бөлді. Алғашқы легі осы жылдың

қазан айы мен келесі жылдың ақпан

айы аралығында, келесі лек 2022

жылдың ақпан-наурыз айларында

төлем қабілеттілігін растау үшін

банкке шақырылады. Яғни, оларға

қайта өтініш берудің қажеті жоқ. Ал

осы жылы үлгере алмай қалғандар

келер жылдың екінші тоқсанында

бағын сынап көрсе болады.

Нұрсұлу ЕРҒАНАТҚЫЗЫ,

Екібастұз қаласы:

- «Ұмай» ипотекасының талаптары

туралы толығырақ айтып

өтсеңіз...

А.ШАЙДУЛЛИН:

- «Ұмай» әйелдер ипотекасы

- Азия Даму банкі мен «Отбасы

банктің» бірлескен жобасы. Аты

айтып тұрғандай, бұл бағдарлама

қыз-келіншектердің баспаналы

болуына бағытталған. Бағдарламаның

басты талабы - несие алушының

айлық табысы 320 мың теңгеден

аспауы тиіс. Егер тұрмыстағы келіншек

болса, жолдасы екеуінің еңбекақысы

осы сомадан артық болмауы қажет.

«Ұмайдың» ерекшелігі - тұрғын пәтер

сомасының 15-20 пайызын депозитке

салмай-ақ, құрылыс компаниясына

немесе екінші нарықтағы пәтердің

иесіне қолма-қол береді. Қалған

бөлігін біздің банк арқылы несиеге

ресімдейді. Оның жылдық пайыздық

мөлшерлемесі 12 пайыздан 3 пайызға

дейін төмендейді. Яғни, депозиттегі

қаржыңыз баспана бағасының тең

жартысына жеткен соң несиені

3 пайызға дейінгі мөлшерлемемен

қайтарасыз.

Тілші сауалы:

- Жасыратыны жоқ, павлодарлық

жастардың дені мегополистегі

қатарластарына қызыға

да, қызғана да қарайды. Себебі

Нұр-Сұлтанда «Елорда жастары»,

Алматыда «Алматы жастары»

бағдарламалары жеңілдетілген

ипотекалық несие алуға мүмкіндік

береді. Павлодар облысында осы

іспетті жобаны қолға алу ойда

бар ма?

А.ШАЙДУЛЛИН:

- Иә, жергілікті билікке басқа

қалалардағы бағдарламалардың

барысын, талаптарын көрсетіп, ұсыныс

жасадық. Павлодар облысының

жас отбасылары үшін мұндай

бағдарлама керек. Тек бұл ретте

банк шешімді біржақты қабылдай

алмайды. Егер «Отбасы банк» көтерген

бастама әкімдік тарапынан қолдау

тауып, бюджеттен тиісті қаражат

қарастырылса, Павлодарда да

жастарға арналған бағдарламаның

бастау алуы әбден мүмкін.

«Онлайн желіге» келіп түскен сауалдардан

жұртшылықты біржолғы зейнетақы төлемін депозитке

аудару мәселесі қызықтыратыны анық аңғарылды.

«Қаржыны қалай және қашан аударуға болады?»

дегенге саятын сұрақтар жиі қойылды. Құзырлы

министрлік нақты ережелерді белгілемеген соң әзірше

бұл сауалдарға жауап беру қиын. Бірақ талаптар

белгілі болған тұста облыстық «Saryarqa samaly» газеті

тағы да «Онлайн желі» ұйымдастырып, көпшіліктің

көкейіндегі мәселелерге тұшымды жауап алатын

болады. Сондықтан, @saryarqa_samaly парақшасында

өтетін тікелей эфирлерді қалт жіберіп алмаңыздар!

«Онлайн желіні» жүргізген - Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!