15.10.2021 Views

Сарыарқа самалы, 16 қазан, сенбі

You also want an ePaper? Increase the reach of your titles

YUMPU automatically turns print PDFs into web optimized ePapers that Google loves.

8 16 қазан, сенбі, 2021 жыл СҰХБАТ

SARYARQA SAMALY

ЗАМАНА

«Ана көрген тон пішер...»

Қазақы тәрбиенің қайнар көзі – ақсақалдың батасы мен ақжаулықты әженің ақылында.

Бұрын ел ағаларының бір ауыз өсиеті бір рулы елді тура жолға салған. Ал ауыл жастары мен

қыз-келіншектері ақ самайлы ананың ақ кимешегіне қарап бой түзеген. Міне, сондай ұлағатты

аналардың жалғасы әлі де бар. Көненің көзін көріп, көрген-түйгендерін кейінгі буынның санасына

сіңірген жандардың бірі – «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, еңбек ардагері

Бекжанова Бақтыбала Мағауияқызы. Ол - өзінің анасы мен енесінің өмір тәжірибесін және қос

арнамен құйылған мөлдір бұлақтай таза тәрбиесін бойына әбден сіңіріп алған адам. Өнегелі

әңгімесіне біз де құлақ түріп, дәптерімізге түртіп алдық.

«Ақ некеге

адалдығын

көрсетті»

- Менің әке-шешемнің тағдыры ауыр

болған жандар, басынан адам сенгісіз

қиындықтар өтті. Бірақ, соған қарамастан

бір-біріне адал болған, шаңырақтарын

шайқалтпаған. Негізі, ата-бабаларымыз

бұрынғы Семей облысына (Шығыс Қазақстан)

қарасты Үржар ауданында туып-өскен.

Әкемнің толық аты-жөні: Бекжанов Мағауия

Алдабергенұлы. Анамның есімі - Камила

Ахметжанқызы. Менің атам қора-қора

қой, үйір-үйір жылқы айдаған ауқатты,

дәулетті адам екен. «Таяқтың екі ұшы бар»

дегендей, атамыздың бұл байлығының

салқыны кейін өзінің ұрпағына тиді. Әкем

байдың баласы болғандықтан, жастайынан

қуғынға ұшырап, Қытайға қашуға

мәжбүр болыпты. Отызыншы жылдардағы

«кәмпескелеу» науқаны біздің әулетке де

қатаң қолданылды. Атамыздың бар малын

тартып алып, баласын, менің әкемді түрмеге

жаппақшы болады. Бар қылмысы – байдың

ұлы болғандығы. «Байдың мұрагерісің,

үкіметке қарсысың» деген секілді жалған

жала жапқан. Ол кезде ондай жалаға

ұшырағандардың аман қалуы екіталай екен.

Әкеміз бас амандығы үшін шекара асып,

Қытайға қашуға бел байлаған. Ол кезде

анаммен шаңырақ көтергеніне бір жыл ғана

болған екен. Анамыз Үржарда ата-енесінің

қолында қалып қояды. Міне, әкем мен

анамның жолы осылай екі айырылған.

Дегенмен, ол кездегі адамдардың серті

берік, уәдесі «Құдай сөзі» ғой. Бастарын

қандай бұлт торлап, тағдырын қандай

қасірет шарпыса да, некелерін бұзу,

бір-бірін тастап кету деген болмаған. Ол

кездегі жігіттерде алған жарын анау-мынау

сынаққа шыдамай талақ ету, әйелдерінде

ауыртпалықты көтере алмай, төркініне

қайтып кету деген ұғым жоқ. Ал, менің

әке-шешемнің басындағы бұл жағдай дос

түгілі дұшпанның басына тілейтін оқиға емес

еді. Себебі, ұлт басына қара бұлт үйіріліп,

тағдырымыз «қыл көпірдің үстінде» тұрған

тар заманда бір елден екінші елге жер

аударудың соңы не болады? Ата-анасы мен

отбасы еш шарасыздықтан: «Еліне қайтып

аман орала ма жоқ па? Енді тірі көрісеміз

бе, көріспейміз бе?» деген күдікпен қош

айтысып қала берген. Бірақ, анам жаңа

түскен келін болса да, бұл жағдайдан

кейін төркініне тартып кеткен жоқ. Ақ

некеге адалдық танытып, «не көрсем де

сол босағада қаламын» деген уәдеден

таймады. Себебі, ол кезде бір қыздың

артында бір әулеттің атақ-абыройы жатыр.

Ол кездің үлкендері үшін: «Бәленшенің қызы

төркініне қайтып келіпті» деген әңгімені

естуден асқан қасірет болмаған. Әке-шеше

қызына: «Сол босағадан сүйегің шықсын»

деп аттандырады. Міне, тәрбиенің өзегі,

түп-тамыры қайда жатыр?! Сонымен арада

біраз уақыт өткен соң атасы мен енесі

де өмірден өтіп, бес жасар қайын сіңлісі

екеуі ғана қалып қояды. Содан әкемді өзі

іздеп табуға бел байлайды. Қайын сіңлісін

артына міңгестіріп, атпен жолға шығады.

Ол кезде Қытай мен Қазақстан шекарасы

арасында «Қатын өлген» деген терең

өзен болыпты. Шекарадағы қарауылдың

қолына түспес үшін сол өзеннен өту

керек. Өзеннің бергі жағалауын қалың

ел жайлайды екен. Жас келіншектің бұл

байламына барлығы бас шайқайды. Ел

болып райынан қайтаруға тырысады. Бұл

өзенге түскендерден арғы бетке аман

өткені өте сирек болатынын, көбі жұтылып

кететінін айтады. Бірақ, анам алған бетінен

айнымай, жағада тұрып алыпты. Сол кездегі

басынан өткенін әңгімелегенде: «Мен бұл

жерден кері қайтпаймын, қайткен күнде

өтуім керек деп тұрып алдым» деп айтып

отыратын. Жас келіншектің алған бетінен

қайтпасын білген ел атының орнына түйе

мінгізеді. Себебі, жағаға түйемен аман

жету мүмкіндігі көптеу болса керек. Осылай

қайын сіңлісін алдына алып, терең өзенге

түйемен түсіп кетеді. Судың тереңдігі

түйе мініп отырған адамның мойнына

дейін жетіпті. Кішкентай қызды алдыңғы

өркешінің үстіне отырғызып алып, жағаға

аман алып шығады. Арғы бетте де қазақ

ауылдары көп екен. Әкемнің аты-жөнін айтып

сұрастырып жүріп, аман-есен жолығысады.

Ол қазіргі Шыңжаң аймағының Шәуешек

ауданы екен. Анамның сол сапары туралы

мына естелігі әлі есімде:

«Қайта өмірге

келгендей

болыпты»

- «Ол кезде небары 18 жаста ғанамын.

Жолда аштан қатып қалмас үшін шашымдағы

шашбауымды бір шелек талқанға айырбастап

алған едім. Сонымен жүрек жалғап

отырдық. Осылайша «Қатын өлген» өзеніне

де жеттік. Өзен жағалауында бір топ жігіт

қылыштасып, жаттығу секілді бірнәрсе

жасап жүр екен. Алдымен соларға жақын

келдік. Жөн сұрасқан соң, жолдасымды

іздеп барамын дедім. Олар атын сұрады,

Мағауия дедім. Қай Мағауия деп толықтыра

түскісі келді, мен болсам атамның атын

атай алмай біраз қысылдым. Ақыры толық

аты-жөнін атауға тура келді. Олар да

танитын секілді көрінді. Бір-біріне қарап,

«сол, сол» деп жатты. Ал өзеннен ары өткен

соң да көп іздедік. Алдымен шекараға

жақын маңайдағы бір ауылға бардық, ешкім

білмейді екен. Одан кейін екінші ауылдан

сұрастырдық, тағы ешкім танымайтын болып

шықты. Содан үшінші ауылға ат басын

бұрдық. Онда бір мәжіліс болып жатыр

екен. Дәл сол жерден кездесіп, қауыштық.

Ол кездесудегі қуанышымызды ешкімге

ешбір сөзбен айтып жеткізе алмаймын

және ешқашан ұмытылған емес» деп

әңгімелейтін. Анам әкеммен екінші рет

қауышқан сәтін ерекше толқып айтатын,

асқан махаббатпен еске алатын. Себебі,

ол екінші рет өмірге келгендей болды.

Осы сәттен бастап, өмірінің жаңа парағы

ашылды, өшкен үмітінің шырағы қайта

жанды. Біз жеті ағайындымыз. Барлығымыз

сол Қытайдың Бесқоржа ауылында дүниеге

келдік. Әкеміз салық инспекциясының

инспекторы болып жұмыс істеп тұрыпты.

Ал Атамекеніміз – Қазақстанға 1955 жылы

қоныс аудардық. Сол кезде кеңестік паспорты

бар азаматтардың Қазақстанға қайтуына

рұқсат беріле қалды да, қалың ел дүрлігіп

бері көшті. Сол көштің арасында біздің

үй де болды. Бірақ, үлкен әпкеміз тұрмыс

құрып сол Шәуешекте қалып қойды. Семей

облысының Көкпекті ауданына келдік.

Жалғызтөбе станциясынан совхоз директоры

А.Т.Тоқбаев деген азамат қарсы алып,

үй тауып орналастырды. Әкеме жұмыс

тауып беріп, елге тез үйренісіп кетуімізге

бар жағдайды жасады.

Әулетінің абыройлы

келіні

- Менің анам аққұба келген сұлу адам

болатын. Жүзі жылы, мінезі жайлы, нағыз

қазақы тәрбиемен өскен парасатты жан еді.

Анам маған көп нәрсе үйретті. Барлығы -

күнделікті өмірде керекті, қарапайым өмір

сүру қағидаттары. Мысалы, «азаматыңа күл

төккізбе», «ер адамның алдын кесіп өтпе»,

«келін болып түскен жеріңді құрметте»

деген секілді өсиеттерді көкейімізге құйып,

санамызға сіңіріп өсірді. Содан жаман болған

жоқпын, екі жаққа да сыйлы, абыройлы

болдым. Мен оны анамның тәрбиесінің

жемісі деп білемін. 1973 жылы Аққулы

ауданының Шабар ауылына келін болып

түстім. Атам - сол алқапқа абыройлы

Әбу Смағұлов, енем – Шайзат Смағұлова.

Білмегенімді үйретті, ақылдарын айтты.

Атам 94 жасында, енеміз 92 жасында

дүние салды. Мен 1973 жылдың шілде

айында Аққулы ауданының тұтынушылар

ұйымына есепші болып жұмысқа орналасып,

25 жылдай әр жерде есепші болып

жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Сонымен

қатар, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру

бағытындағы қоғамдық жұмыстарға жиі

араласып келемін. Мысалы, «Нұр-Ана

әлемі» қоғамдық бірлестігінің Аққулы

аудандық филиалының және аудандық

аналар кеңесінің төрайымы болып көп жыл

еңбек еттім. Осы салада жүріп, көптеген

игі бастамалардың өтуіне ұйытқы болдым.

Аталған қоғамдық ұйымдарды шамамен

10 жылдай басқарыппын. Сол уақыт

аралығында балалар үйінде тәрбиеленген

жасөспірім қыздармен жиі кездесіп, салтдәстүрлерімізді

көрсеттік. Мысалы, олар

балалар үйінде өскендіктен, отбасылық

ғұрыптарды біле бермейді. Яғни, жұма күні

құран оқу, ата-баба рухына құран бағыштау -

сауапты іс екенін саналарына сіңіреміз.

Сонымен қатар, мектепке және балабақшаға

барып, өздерінің болашақтарына пайдалы

ақыл-кеңес айтамыз. Менің қасымда өмір

көрген әжелер бар. Әрбірінің жастарға айтар

әңгімесі, бөлісер ақыл-кеңесі, көрсетер

өнегесі бар.

«Анамның

жаттатқан жыры

әлі есімде»

- Анамның үйреткен ерекше дүниелерінің

бірі – жоқтау. Басында дұрыс қабылдай алмай

жүрдім. Себебі, тірі отырған ата-анасына

кім жоқтау арнайды?! Дегенмен, анам

айтқанынан қайтпайтын адам, мені көндірді.

«Біз өмірден өткенде сен жоқтамағанда кім

жоқтайды?» деп ұрсатын. «Мені жоқтаусыз

қалдырмайын демесең, жаттау керексің»

деді. Амалсыз көндім. Арнайы дәптер

ашқызып, өзі айтып отырып жазғызды:

Жүк жинадым көрпелеп,

Биікке шықтым өрмелеп.

Келуші едім жан анам,

Өзіңе ғана еркелеп.

Қолыма салған қолама,

Қолыма салсам толама,

Қанша туысым болса да

Дәл өзіңдей бола ма, - деген шумақтары

менің санамнан ешқашан ұмытылмайды.

Осыны айтып берген соң: «Бір адамның

айтатын жоқтауын басқа біреу айтпауы

тиіс, жоқтау жазған дәптеріңді ешкімге

көрсетуші болма. Егер сенің сөзіңмен

басқа бір адам жақынын жоқтайтын болса,

оның ешбір мәні қалмайды» деп түсіндірді.

Мен тұрмысқа шыққаннан кейін жылына

бір рет төркініме барып тұратынмын. Бір

барғанымда ата-енемнің жағдайын сұрады.

Мен олар да қалт-құлт етіп отырғанын

айтқам. Содан кейін анам: «Ата-енең де

мәңгілік емес, бір күні дәм-тұздары таусылады.

Сен олардың арқасүйерісің, ар-намысы

мен абыройысың. Олар дүниеден өтсе

жоқтауды сен айтуға тиіссің» дейтін. Мен

болсам, ол жақта ешкім жоқтау айтпайды

деп басымды аулаққа алып қаштым. Бірақ,

дегеніне жетпей қоймады. Анамның өзімен

тетелес тағы бір абысыны бар болатын, сол

кісінің айтуыман мына жырды жаттадым:

Енем менің тоқсанда,

Жылайын халқым сөксең де.

Мұндай адам табылмас,

Бидай қылып ексең де...

Енеміз 92 жасқа қараған шағында

өмірден өтті. Дүниеден өткеннен кейін

оларды жоқтайтын адам болған жоқ.

Сондықтан барлық жүк менің мойнымда

еді. Міне, дәл осы жырмен енемді ақтық

сапарға шығарып салдым.

Мен төркініме жылына бір-ақ рет баратынмын.

Жұмыстан демалыс алған күннің

ертеңінде автобусқа отырып, Көкпекті

ауданының Үлкенбөкен ауылына тартамын.

Бір жылы демалысқа әдеттегі уақыттан кеш

шығып, төркініме де кеш бардым. Анам

марқұм әбден сағыныпты, күнде жолға

қарап, ұзақ тұрады екен. Содан амалы

таусылғанда үйге келген газеттерден хабар

іздеп, пошта жәшіктерін ақтарады дейді.

Келе алмай қалған себебін білдіріп, бір

хат-хабар жолдай ма деп үміттенген болса

керек. Анамды сағындырып, сарғайтып,

мен де келдім ауылға. Есіктен қарасам,

ауызғы бөлмеде дәретін алып, намазға

дайындалып жатыр екен. Мені көре сала

еңіреп қоя берді...

- Келмедің, әкем, келмедің,

Келмесең-де өлмедім.

Артыңда жүрген анаңмын,

Жек көрерің мен бе едім.

Әуеде ұшқан ілбісін,

Ілбісін жолын кім білсін.

Алыста жүрген құлыным,

Аман-есен жүрмісің, - деп өзінің көкірегіне

толып қалған сағынышын шығарды.

«Ауылдастарымызға

қамқор болдық»

- Біз шаңырақ көтергеннен кейін екі

жылдан соң аудан орталығынан үй беріп,

еңбек еттік. Біздің аудан орталығына

көшкеніміз ауылдас көрші-қолаң мен

ағайын-туыстарға жақсы болды. Оқу бітіріп,

жұмыс істеуге келген жас мамандардың

барлығы біздің үйді паналайды. Біз алыс

болсын, жақын болсын біреуін де сыртқа

итерген жоқпыз, барлығына жылы қабақ

танытып, өзімізге тарттық. Атам мені

еркелетіп: «Бақа» дейтін. «Бақа, қарағым,

бәленшенің баласы үйсіз жүр екен, сендерге

барса» дейді. Біз атамыздың айтқанын

екі еткізбей орындаймыз да, кім келсе

де қарсы аламыз. Жалпы, біздің шаңырақ

көтергенімізге 50 жылға жақын уақыт

болыпты. Осы жылдар ішінде үлкені бар,

кішісі бар 45 ауылдасымыз біздің үйде

тұрып, өсіп-өнді. Тіпті кейбіреуін үйлендіріп,

әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Олар

да бізді бір отбасы ретінде көреді.

- Өнегелі әңгімеңіз үшін алғыс

білдіреміз!

Жазып алған –

Тілеуберді САХАБА.

Hooray! Your file is uploaded and ready to be published.

Saved successfully!

Ooh no, something went wrong!